
- 31 шіл. 2025 17:49
- 46
Ақтаулық Ерлан Шонтабаев – ерлікпен көз жұмған әке: бес баласын жетім қалдырды
Ақтаулық Ерлан Шонтабаев – ерлікпен көз жұмған әке: бес баласын жетім қалдырды
Ақтауда тағы бір қайғылы оқиға. Бір мезетте бір адамның батылдығы – өзгелердің өмірін сақтап қалды, бірақ өзі ажал құшты. Бұл оқиға – 41 жастағы Ерлан Шонтабаевтың ерлігі жайлы.
Ол сол күні достарымен бірге Каспий жағалауында демалып жатқан. Ішімдік ішпеген, жағада жай ғана демалып отырған. Бірақ тыныш басталған күн – аза тұтар сәтке ұласты.
Кенеттен су ішінде айқай шыққан. Екі бойжеткен суға батып бара жатты. Олардың жанында болған екі жігіттің бірі көмекке жүзіп кетсе, екіншісі жағадағылардан жәрдем сұрай бастаған. Дәл осы сәтте Ерлан бөгелместен теңізге секірген. Алдымен қос бойжеткенді жағаға жеткізді. Бірақ қауіп әлі толық сейілмеген еді – суда қалған жігітті де алып шығуға беттейді. Осы кезде кенеттен жағдай ушығады.
"Қыздарды құтқарып шыққан соң, суда қалған жігітке жеткенде, әлгі жігіт үрейден Ерланның аяғынан шап беріп ұстап алған болуы мүмкін. Соның салдарынан екеуі де суға батып кетті", – дейді Ерланның жақындары.
Құтқарушылар келіп жеткенде – тым кеш еді. Екі ер адамның да денесі теңіз түбінен табылды.
Ерлан Шонтабаев артында бес баласын қалдырды. Ол – тек отбасының асыраушысы ғана емес, ел есінде нағыз ер азамат ретінде қалмақ. Оның әрекеті – адамдықтың, жанкештіліктің, шынайы батырлықтың көрінісі.