
- 19 шіл. 2025 00:56
- 13
Шымкентте 20 миллион теңгенің алтынын ұрлаған пәтер ұрылары ұсталды
Шымкент қаласында бір ай көлемінде онға жуық үйге түсіп, ірі көлемде алтын бұйымдарды жымқырған пәтер ұрылары қолға түсті. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.
Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, жедел-іздестіру іс-шаралары барысында пәтер ұрлығына қатысы бар бес ер адам анықталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу нұсқасына сәйкес, олар тұрғын үйлерге терезе арқылы кіріп, негізінен алтын бұйымдарды нысанаға алған.
Алдын ала есеп бойынша, келтірілген материалдық шығын 20 миллион теңгеге жуықтаған. Қазіргі таңда тәртіп сақшылары ұрланған әшекейлердің бір бөлігін иелеріне қайтарып бергенін мәлімдеді.
Құқық қорғау органдары күдіктілердің басқа да ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр. Тергеу амалдары жалғасуда.
Полиция өкілдері тұрғындарға қауіпсіздік шараларын күшейтуді ескертеді. Атап айтқанда, пәтерлерге бейнебақылау орнату, сенімді құлыптар қолдану және ұзақ уақытқа үйден кеткен жағдайда көршілермен хабарласып отыру сияқты алдын алу амалдарын назарда ұстау қажеттігіне назар аудартады.