Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 2 сағат бұрын)
Ата көрген – оқ жонар, ана көрген – тон пішер.
Ақтөбе қаласындағы №3 «Ертегі» МДҰ меңгерушісі
А. Байтұрсынов атындағы медаль иегері
Мұханбетқалиева Бибігүл Қыдырғалиқызы

«Тәрбие басы - тал бесік» өзекті мәселесі бойынша өткізген сайыс
Ата көрген – оқ жонар,
Ана көрген – тон пішер.

Аталар мен әжелер, немерелер сайысы.
Мақсаты: бүлдіршіндерді ізгілікке, үлкенді сыйлауға. Құрмет көрсетуге, адамгершілікке тәрбиелеу, халқымыздың асыл мұрасы - халық ауыз әдебиеті түрлерін таныту, ой - өрісін дамыту, өнерге баулу.
Көрнекілігі: Нақыл сөздер: «Үйіңде қария болса, жазулы тұрған хатпен тең», «Көненің көзі - ақылдың кені», «Қариясы бардың қазынасы бар», Қоржын, асықтар, күйлер жазылған үн таспа.
Жүргізуші: Сәлеметсіздер ме, қонақтар, тәрбиешілер және бүлдіршіндер. Қош келдіңіздер!
Мен қарапайым қарттарды сүйемін,
Не деген керім еді!
Не біледі осы жұрт не біледі?
Бабалардың баласы - қариялар,
Сиреп бара жатқандай көрінеді, - деп ақын Мұқағали Мақатаев жырлағандай, «Ата көрген - оқ жонар, ана көрген - тон пішер»- деген бабалар сөзін айдар етіп, ардақты қариялар мен ақылды немерелер сайысын бастаймыз.
Енді ортаға сайыскерлерді шақырайық: Садуақас ата немересі – Санатпен, Байтұрсын ата немересі – Араймен, Амансұлтан әжесі немересі – Айямен. Қошеметпен қарсы алайық.
Бүгінгі сайысты әділ бағалайтын, қазылар алқасымен таныстырайын:
Әдіскер:
Кәсіподақ ұйымының төрайымы:
Тәрбиеші:
Ата - ана:
Жүргізуші: Байқаудың шартымен таныс болыңыздар.

1 - бөлім: «Жеті атасын білген ер - жеті жұрттың қамын жер». Әр топ өзін таныстырады.
2 - бөлім: «Атадан қалған асыл сөз». Мақал - мәтел, ырым - тиымдар.
3 - бөлім: «Тілдің майын тамызып, сөздің балын ағызып, қас шешендер сөз сөйлер». Шешендік сөздер.
4 - бөлім: «Ата көрген - оқ жонар, ана көрген - тон пішер». Шеберлік сайысы.
5 - бөлім: «Көкпар» /сұрақ - жауап/.
6 - бөлім: «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда». Өнер сайысы.
Ал енді сайысымызды бастайық. Қол соғып қошемет көрсетіп отырыңыздар.

1) Жеті атасын білмеген, жетесіздік белгісі.
Немерелер жеті атасын айтады. Аталары, әжелері толықтырады. /руын, өскен жері, т. б./

2) Сіздерге артар міндет көп.
Көтерген ата - салтын құрметтеп.
Ақтай білсек ата - баба, үмітін,
Әрбір сөзі бір мектеп.

Мақал - мәтел сайысы. Тәрбиешілер бастаған мақалды балалар жалғастырады.
Мысалы: Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей.
Ақылды бала арлы бала, ақылсыз бала сорлы бала.
Жақсының өзі де жақсы - сөзі де жақсы.
Оқусыз білім жоқ, білімсіз күнің жоқ.
Аталар үшін: Ырымдар мен тыйымдар. Мағынасын түсіндіру.
Бала бас ұстамайды... Ми жемейді... Жас балаға бұғана ұстатпайды... Даладан үйге жүгіріп кірмейді... Қыз баланың басына ақ, қара орамал салмайды... Бос бесік тербетпейді...
Әділ - қазылар алдыңғы екі бөлімнің бағасын әзірлейді. Оған дейін:
Бойына бар сұлулық жиылғандай,
Мүсінің ақ мәрмәрдан құйылғандай.
Жарқ етіп шыға келген жұрт алдына,
Бишілер ғажап еді биің қандай.

Би: «Гүлдер» биін тамашалау.
Әділ - қазылар бағасын береді.

3) Ұлтымыздың салт - дәстүрін қадірлейік,
Жастарды иманды етіп әзірлейік.
Тәрбие мен білімді тең игерген,
Болашағы қазақтың деп тілейік.
Келесі сайысымыз, шешендік сөздер.

Немерелер үшін: Асық алу арқылы, салт - дәстүрге байланысты сұрақтар: Үш арсыз.
Жеті санына байланысты ұғымдар. Балаға байланысты ұғымдар.
Аталар үшін: Балаға ақыл айтып кеңес беріп, тура жолға салатын, үлгі - өнеге
көрсететін шешендік сөздер айту. Мағынасын түсіндіру.
Мысалы: Атаңа не қылсаң - алдыңа сол келер.
Азаматпен дос бол - қадіріңді біледі,
Білімдімен дос бол - сасқанда ақыл береді.
Бала болсаң болғандай бол, ағайынға қорғандай бол.

4) «Ата көрген – оқ жонар, шеше көрген - тон пішер».
Шеберлік сайысы. /Қамшы өру, ою ою, т. б/ Немерелері көмектеседі.

Ән: «Дастархан».
Әділ - қазылар бағасын береді.
5) «Көкпар» деп аталатын сайысымыз, қазақ халқы төрт - түлік малдың ішіндегі жылқы
малын өте ерекше қадірлеген. Сондықтан, жылқы малына байланысты сұрақтарға жауап беру. /асық алу арқылы/.

Сұрақтар:
1. Жылқы малы қанша жасайды? /отыз жыл/
2. Құлыншақтың аяқтанып, отыға бастаған кезі қалай аталады? /Қарақұлақ/
3. Қазақ ері жасалу жағынан түрлерін атаңыз? /Ойма ер, құранды ер, ақбас ер, ашамай ер/.
4. Қанша ат айылы болады? /төс айыл, шап айыл/
5. Салт ат мінген адамның бір затты ердің үстіне көлденең салып ұстауы? /өңгеру/.
6. Ер тоқым аттың мойнына кетпеуге тағылатын тұрман? /құйысқан/.

6) Өнер сайысы.
Ат өнері білінбес,
Бәйгеге түсіп жарыспай.
Ер өнері білінбес.
Қоян қолтық алыспай,
Әр топ өз өнерлерін ортаға салады.

Ән: «Отан».
Әділ - қазылар қорытындысын шығарады. Жеңімпаздар «Көненің көзі», «Жылқы бабының білгірі», «Сегіз қырлы, бір сырлы» номинациясы бойынша бағаланады. Марапаттау сәті. Алғыс айтып аяқтау. Қоштасу.

You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама