
- 12 там. 2025 00:02
- 17
«Аулаға көмген» Жетісайда әйелді азаптап өлтірген қылмыскер 20 жылға сотталды
Жетісай ауданының Алғабас ауылында 38 жастағы Әйгерім Әжікееваны айуандықпен өлтірген іс бойынша сот үкімі шықты. Көршісі, 49 жастағы Төрехан Ералхан 20 жылға бас бостандығынан айырылды.
Қайғылы оқиға 20 қаңтарда басталды. Әйгерім дүкеніне тауар алуға шығып, оралмаған. Анасы Мейрамгүл Бердалиева дереу іздеуге кірісіп, бұрын екі адам өлтіргені үшін сотталған көршісіне күдік келтірген. Ол сол күні өзін ақтап шыққанымен, ертесінде жоғалып кеткен.
Екі аптадан кейін күдіктінің туысы полицияға хабарласып, аулада жерден мүрденің қолы шығып тұрғанын айтқан. Тергеушілер шөппен жабылған шұңқырдан жалаңаш, азапталған денені тапты. «Түрін тану мүмкін болмады – бәрі ісіп кеткен, денесі көгерген, қолдары тілінген. Қызымды жай өлтірмей, қорлаған», – дейді анасы.
Отбасы қылмысқа бірнеше адам қатысқан деп санайды. Куәгерлер Әйгерімді дүкен маңында үрейлі күйде, күдіктімен және тағы бірнеше ер адаммен бірге көрген. Бірақ дүкеннің бейнебақылау жазбасын туыстарына әлі көрсетпеген.
Тергеу барысында Ералхан он жыл бойы Әйгерімнен ақша бопсалап келгені, тіпті несие алдырғаны анықталды. Жоғалған күні 420 мың теңгесі болған, бірақ денесі табылғанда не ақшасы, не киімі болмаған.
Сот шешімі шыққанымен, туыстары 20 жылдық жазаны тым жеңіл деп бағалады.