
- 29 сәу. 2025 08:18
- 27
«Билік қазақ тіліне қиянат жасады» деу – бос әңгіме — Ерлан Қарин
Қазақстанның Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин әлеуметтік желідегі парақшасында қоғамда қызу талқыға түскен мемлекеттік тіл мәселесіне қатысты пікір білдірді.
«Кешеден бері әлеуметтік желілерде мемлекеттік тілдің мәртебесіне қатысты түрлі пікірлер айтылып, қызу талқыға айналғанын байқап отырмыз. Әркімнің ой бөлісуі, көзқарасын ашық білдіруі — құптарлық жағдай. Дегенмен, "билік қазақ тіліне қиянат жасады" деу – бос әңгіме, даурықпа сөз. Аттанға салып, айғайға басып, жоқ жерден дау шығаратындай еш негіз жоқ. Мемлекеттің тілге қатысты ұстанымы өзгермеді. Қазақ тілін еліміздегі этносаралық қатынас тіліне айналдыру бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жалғасып келеді», — деп жазды Ерлан Қарин.
Мемлекеттік кеңесші Ассамблея сессиясында Мемлекет басшысының осы ұстанымды тағы бір мәрте нақты жеткізгенін атап өтті. Сонымен қатар, қазақ тілінің болашағына қатысты пессимистік көзқарастан арылатын уақыт жеткенін айтты.
«Керісінше, қазақ тілінің қоғамдағы орны жыл сайын күшейіп келеді. Ең бастысы — қазақ тілі жастардың тіліне айналды. Бүгінде жас ғалымдар, өнерпаздар, кәсіпкерлер ана тілімізді белсенді түрде қолданып, өз салаларында дамытуда. Сондықтан "қазақ тілінің болашағы жоқ" деу еш қисынға келмейді», — деді Ерлан Қарин.
Сонымен бірге, ол мемлекеттік тіл мәртебесін көтеру «ұр да жық» әдіспен жүзеге аспайтынын, популизмге бой алдырмай, бұл бағытта жүйелі әрі нақты жоспармен жұмыс істеу қажеттігін баса айтты.
«Қазақ тілін желеу етіп, саяси ұпай жинауға тырысатын әрекеттер нағыз жанашырлық емес. Қазіргі күрделі кезеңде мұндай ұраншылдық елдің тыныштығына кері әсер етуі мүмкін», — деді ол.
Ерлан Қарин мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру — ұзақ мерзімді, мақсатты жұмысты қажет ететін міндет екенін атап өтті.