Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 10 сағат бұрын)
БҰҰ: Иранда жарты жылда кемінде 612 адам өлім жазасына кесілген

Біріккен Ұлттар Ұйымының Адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары Фолькер Тюрк Ирандағы өлім жазалары санының күрт артуына алаңдаушылық білдірді. Оның мәліметінше, 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында елде кемінде 612 адам өлім жазасына кесіліп, үкім орындалған. Бұл — өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда екі есеге көп көрсеткіш.

БҰҰ өкілі Иран билігін өлім жазасына мораторий енгізуге және бұл жазаны қолдануды шектеуге шақырды. Фолькер Тюрк бұл тенденцияны "адам құқықтарына тікелей қауіп төндіретін құбылыс" деп атап, халықаралық нормаларға сай келмейтінін мәлімдеді.

Адам құқықтарын қорғау ұйымдары да Иранда өлім жазасының жиі қолданылуы көбіне әділ сотсыз немесе азаптау арқылы алынған айғақтарға негізделетінін айтып келеді. Өлім жазасына кесілгендердің көпшілігі есірткімен байланысты айыптар бойынша, кейбірі саяси немесе діни себептермен сотталған.

БҰҰ деректеріне сүйенсек, 2024 жылдың алғашқы алты айында Иранда 300-ге жуық адам өлім жазасына кесілген. Ал 2025 жылы бұл көрсеткіш екі есеге өсіп отыр. Ұйым бұл жағдайды халықаралық құқықтың өрескел бұзылуы деп бағалайды.

Халықаралық қауымдастықтың Иран билігіне қысымы күшейіп келеді. Алайда ресми Тегеран өлім жазасын елдің ішкі ісі және заңмен белгіленген жаза ретінде қорғап келеді.

You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама