Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 2 күн бұрын)
Екі мейрам

«Еңбекші қазақ» газеті өзінің 2 жас толып, 3 жасқа аяқ басқан күні болғандықтан, бүгінгі Ұлы Октябрь төңкерісімен бірге мейрам етіп, жалынды сәлем, ашық жүзімен оқушыларына бой көрсетіп отыр.

«Еңбекші қазақ» газеті, жалпы мәдениеті төмен, шаруасы баяу, қараңғы елді ағарту жолында, қолынан келген көмегін беріп, жөн сілтеуде шамасы келгенше тартынып қалған жоқ. Бірақ еңбекшіл ел алдында барлық міндетін өтеп, мақсатына жетті, борышын толық атқарды дей алмаймыз. Өйткені Қазақстан астанасында шығып, ен даладағы жалшылар табының суретін айнадай ашып, көзге елестете алған жоқ. Орталыққа қолы жетпей, бірен-сараң тырнақтылардың жәбіріне түскен кейбір момындардың мұның шағып, мүддесін айтуда әлі де болса қараңғылықтан құтыла алмағанын көріп отырмыз.

Мәдениет жүзінде кейін қалған қазақ халқы сияқты қараңғы ел алдында өзінің ұстаған жол, құрған пландарының (жоспар) мыңнан бірін де өтеген жоқ десек те, жалшылар табына сезім беріп, сана орнату, тап жігін айыру сықылды ірі мақсатқа ерекше назар салып, маңызын көбірек аударды, «Еңбекші қазақ» әлі де осы жолмен баруына жалпы дала кедейлерінің алдында сенімді уәдесін бере алады.

Қараңғы ел ішіне сана орнататын, саяси білім беріп, мәдениетін гүлдендіретін әр халықтың өз тілінде шығып тараған газет-журналы десек, «Еңбекші қазақ» газеті де, өзін сүйіп оқушыларына қадірі қымбат азды-көпті берген мағлұматымен, көп кемшіліктеріне оқушыларынан кешірім сұрап, үш жасқа қараған жылында шамасынан келгенінше жұрт пайдасы табылар деген ірі мәселелерді шешіп отырмақшы.

Алдағы жылда «Еңбекші қазақтың» күткен мақсаттары: қазақ тілін қолдану, тұрақсыз кемшілікті тастап, ғылым-білімге бейімдейтін отырықшылықты қолдану, ел ішінде шаруа ұйымдарын ашып, тұрмыстарын жөндеуге жол көрсету, ел ішіндегі бұзықтармен күресу, әлеуметшілік тұрмысынан түсінік беріп, ескі әдет-ғұрыптардың керексіздерін тамырымен құрту, әйелдер бостандығы үшін қалыңмал алушылармен күресу әм оқу оқыту жолында жол сілтеп, жете мағлұмат беріп тұрмақшы.

Газет кей сахарада жайылған қараңғы ел еңбекшілерінің арасына таралып, саяси сезім, жаңа тұрмыс орнатуда көздеген нысанасына жете бермек...

07.11.1923 жыл


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама