Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 2 күн бұрын)
Кеңестік Россияның жайы

Үш жылдан бері жер жүзінің патшашылдары, байлары, бастығы Англия, Франция, Жапония һәм басқа мемлекеттер кеңес үкіметін құртпақ болып, жан-жағынан көк найзаларын салып бақты. Англия, Франция, Жапония Россиядан шыққан Юденич, Деникин, Колчак, Семенов жауыздарды жарақтандырып, кеңес үкіметіне айтақтап жауып, жан-жағын қоршаттырған. Былтыр бұл жандаралдардың Семеновтан басқалары құртылған соң «енді жақындасайық, енді сауда-саттық қатынастырайық» деп Англия, Франция Кеңес үкіметін әp түрлі сөзбен алдандырып, астыртын Россияның күнбатысында Польшаны құтыртып Кеңес мемлекетіне тап бергізді. Және Деникиннің қалған ақ әскерін жинап, басына жандарал Врангельді қойып, күш-көмек беріп, оңтүстіктен оны тап бергізді. Күншығыс Сібірде Жапония Семеновке күш беріп жатты. Бірақ бұл күнде жер жүзінің байларының бұларды екінші мәртебе Кеңес үкіметіне айтақтап жатқандарынан тағы да іс шықпай тұр.

Семенов қазір қолға түсті. Польша мен Кеңес үкіметі бітім жасады. Польшамен жасаған бұл бітім көңілдегідей болмаса да, біздің күнбатыс Поляк майданындағы шаршаған, жалыққан қызыл азаматтар жаудан қолдары босап біраз демдерін алмақ және Польшамен жасаған бұл бітімнің екінші пайдасы мынау: Қырымдағы Қара теңіз сағасындағы еңбекшіл халыққа қаһарын тігіп, Романов дәуірін қайта орнатпақ болып жатқан жандарал Врангельге қарсы біз ендігі күшті жинап төгіп, оны тез арада құртпақпыз. Кешікпей Кеңес үкіметінен тиісті жазасын тартатынын сезіп, Врангель өзінің күш-көмек алып тұрған Франция, Англиядан һәм күллі жер жүзінің байларынан жанталасып әр түрлі жәрдем сұрап жатыр. Кеңес үкіметімен жекпе-жек белдессе, Врангельдің тез жойылатынын біліп, төрелер, байлар билеген Англия, Франция қазіргі уақытта жанталасуда. Бұлар өздері Кеңес үкіметімен айқын соғысуға қоластындағы Коммунист партиясымен ниеттес өздерінің жұмыскерлерінен қаймығады. Сол себепті Россиядан бөлініп, Кеңес үкіметімен тату тұрмақ болған Финляндия, Эстония, Латвия сияқты уақ мемлекеттерді қазір Франция тағы да кеңес үкіметіне жабуға азғырып жатыр деген хабар бар. Кеңес үкіметімен бітім қылса да, бұған астыртын болса да ниеттес болса керек. Оған дәлел: кешегі Польшаның әмірінде болып Кеңес үкіметімен соғысып жүрген Украинаның байларының бастығы Петлюраны бұл күнде Польша «Ол менің әмірімде емес» деп отыр.

Франция қанша азғырса да Финляндия, Эстония, Латвия һәм басқа Россияның айналасындағы бөлінген уақ мемлекеттер енді Кеңес үкіметіне жабылып майдан ашуға жүректері дауалай қоймас. Сөйтсе де бұл байлар, төрелер билеген уақ мемлекеттер қанша бітім қылған болса да Кеңес үкіметіне астыртын дұшпандықтарын істеп бағуға мүмкін. Қазіргі уақытта Латвияда Россиядан қашып жүрген Савинков, Палкин, Валахович деген қулар Кеңес мемлекетінің күнбатыс жағынан тағы да соғыс ашпаққа топ жинап жүр деген сөз бар. Әрине, бұл Францияның уақ үкіметтерді Кеңес үкіметімен соғыстыруға азғыру мақсаты һәм Латвия жерлеріндегі Савинков, Валахович, Палиндардың топ жию мақсаттары — қазіргі уақытта Қара теңіз сағасында Қырымдағы Врангель майданынан біздің күшті болу. Қазір біздің қызыл батырлар жер жүзінің байларының, патшаларының тілеуі болып отырған Врангель лағнаттың әскерін қамап күннен-күн қысып жеміруде.

Врангельдің тұншығатын күні таяу. Врангельді құртса Кеңес үкіметін жер-дүние еріксіз танитыны шексіз. Кеңес үкіметінің әлі күшті екенін көрсе мырзалар, байлар билеген Англия, Франция, Италия һәм басқа жауыз үкіметтер қанды ауыздарын жабар һәм өзіміздің ішіміздегі арам тілеу құзғындар да қыңсылағандарын қояр.

1920 жыл


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама