Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 43 минут бұрын)
Ескі 10 000 теңге банкноттарын қолдану мерзімі ұзартылды

Ұлттық банк 10 000 теңгелік банкноттардың айналым мерзімін ұзартты. Енді бұл ақша белгілерін 2027 жылдың маусымына дейін қолдануға болады. Бұл туралы Ұлттық банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап Infohub.kz хабарлады.

Бұл шешім Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының ұсынысы негізінде қабылданды. Жаңа шешімге сәйкес, ескі үлгідегі банкноттарды есеп айырысуларда қосымша бір жыл бойы пайдалануға мүмкіндік беріледі. Сонымен қатар, оларды жаңа үлгідегі банкноттарға кезең-кезеңімен ауыстыру жұмыстары жалғасады.

Жаңа үлгідегі банкноттар

Ұлттық банк «Сак стилі» атты жаңа сериядағы банкноттарды кезең-кезеңімен шығаруды жалғастыруда. Бұл процесс ескі үлгідегі банкноттарды жаңаларына алмастыруды қамтамасыз ететін айналым тетігін қолдану арқылы жүзеге асырылады.

«Айналым мерзімі аяқталғаннан кейін барлық банктер мен «Қазпошта» АҚ ескі үлгідегі банкноттарды жаңа үлгідегі банкноттарға 3 жыл бойы, ал Ұлттық банк филиалдары мерзімсіз ауыстырып отыратынын атап өтеміз», - деп хабарлады Ұлттық банк.

Еске сала кетейік, айналымдағы жаңа және ескі үлгідегі банкноттардың екеуі де заңды төлем құралы болып табылады. Олар Қазақстанның барлық аумағында барлық түрдегі төлемдер мен аударымдар, банк шоттарына есепке алу үшін өз құны бойынша қабылдануға міндетті.

Бұған дейін 10 000 теңгелік ескі банкноттардың айналым мерзімін бір жылға ұзарту жоспарланғаны хабарланған болатын. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов журналистерге берген сұхбатында айтқан еді.

Жаңалықтар

Жарнама