Жарты құрт
Әжемнің мінезі қызық. Менің атамды кәдімгідей баласынып отырады. Бәрінен де дастархан басындағы тірлігін көрсең. Міне, бәріміз — әжем, атам, апам дастархан басына отыра қалдық дейік. Сонан соң-ақ әжемнің әрекетіне ұрлана көз тік. Әжем үстел бетіне бір қарап алды. Бұл алғашқы бақылауы. Сәлден кейін-ақ ол атамның алдына қарай дәмді тағамдарды сырғыта бастайды кеп. Қарыннан шыққан сары май, кілегей, жарма...
— Ал, тамақ алыңдар, — дейді сонан соң. Бұл сәтте атамның алдына қарай қызыл-қоңыр бауырсақтар легі сырғып бара жатады.
Атам менің биыл жетпіске толды. Ел болып той өткізген.
— Пау, апа-ау. Мына балалар не жейді? — дейді атам күйініп.
— Бар дәмді менің аузыма тосатын әдетінді қойшы.
Әжем айтқан бетінен қайтпайды.
— Ата болсаң, балалардың атасысың. Менің құдайдан, адамнан бір сұрап алған жалғыз ұлымсың. Сен үшін мен не көрмедім, — дейді ол.
Шындығында әжем тоқсанның бірінде, атам жетпісте, апам алпыста, ал ең кішкентай — әжемнің неменесі, атамның шөбересі, ағамның немересі Гүлім екіден жаңа ғана асты.
— Әй, құлындарым. Мына аталарынды менің тілеуіме құдай берген. Соғысын да, ашаршылығын да бастан өткердік қой, — деді бірде әжем бізге қарап.
— Мына құртты шетінен тістеңдер.
Әжем жартыкештеу майлы сары құртты маған ұсына берді.
— Осы апам қызық. Бірақ не дерсін. Адам жасында бір, кәрісінде де бір бала, — деді апам жымиып.
Біз әңгімеге ден қойдық. Сонау көрінген үшкіл төбенің бауырын жағалап керуен жол өтеді. Соғыс басталған жылы «Жаңатұрмыс» колхозы отыз үйлі ғана шағын колхоз екен. Осы мекеннен жасы бар, кәрісі бар отызға жуық адам майданға аттаныпты. Біреудің әкесі, біреудің бауыры, біреудің ағасы. Соның ішінде менің әжемнің жалғыз ұлы Бекетпай атамыз да бар екен. Түнімен кетер жолдыңа қамын жасап, мал айтып сойып, көпті, қауым жігіттерді, майданға шығарып салғаңда, шабдар биеге әжем де мініп жөнеліпті. Әске-ри комиссариатқа айтып әскерге бірге бармақ болған екен. Бірақ әжемнің айтқанына олар көнбепті. Вокзал басы ығы-жығы жұрт. Жылап-сықтаған бала -шаға, қатын-қалаш.
— Соғыс деген нағыз қарғыс атқыр кесапат қой, — деді әжем әңгіме арасында сөзіне мән бере, қабағын түйіп. Әупірімде не істерін білмей сасқан әжем ары-бері жүгіріп, ақыры атамның арқасына байлап алған дорбасын жерге түсіріп, ішінен майлы сары құртты алып шығады.
— Әй, жалғызым, — дейді әжем ұлына — біздің атамызға қарап.
— Мынау — елдің дәмі. Олар сенің амандығынды тілейді. Олай болса мына құрттың жартысын тісте! Жан-жағындағы жігіттерден атам ұялса керек:
— Апа, қойыңызшы, — десе, әжем бұйыра сөйледі.
— Апаң ырым жасап тұр. Менің сенен басқа ұшар қанатым да, сүйенер тірегім де жоқ. Құдай қапелімде ойыма түсірген шығар. Жақсылық болсын. Тісте. Қалған жартысын өзің майданнан оралғанда беремін, — дейді. Әжем жыламайды. Атам құрттың жартысын тістеп, вагонға мініп батысқа жөнеп береді. Содан сынаптай сырғып уақыт өтеді. Алғашқы хаттар легі кеп жетеді. Әжем ел сияқты көзіне жас алмайды.
Үйткені сенім мол. Абдыраның түбінде майлы сары құрттың жартысы жатыр. Әредік-әредік ауылға қара қағаздар келіп, күңіренген сәттер де кездеседі. Әжем босамайды. Колхоздың жұмысын жасап, үздік сауыншы боп өмір кешеді.
— Жеңіс жылының басына қарай баламнан хат үзіліп қалды. Сонда да мойымадым. Сенімім мол. Құдай құлағыма сыбырлап кеткендей. Шыдап жүре бердім, — дейді әжем әңгіме арасында. Сөйтіп жүргенде ойда-жоқта ертеңгісін үстінде әскери киімі бар, қолын иығына асып алған жаралы менің атам кіріп келеді. Ішінен қамығып жүрген әжем баласын бас салып жыласын кеп. Мекеннің әр түкпірінен ағылған жұрт аман-саулық сұрап, әжемнің қоржын үйіне толады. Сонда әжем не істеді дейсің? Мол дастарханын жайып, ас алдыға келгенде, әжем асықпай ғана абдыра сандықты ашып, әлгі жартыкеш майлы сары құртты қолына алады.
— Ау, жұртым. Жалғызым майданға аттанғанда, мына құрттың жартысын жегізіп, ырым қылып едім. Елден татар ризығы бар екен. Орталарыңа оралды. Ойлап қарасам, дәмнен үлкен нәрсе жоқ. Ал, құлыным, ала ғой, — деп ұсынған екен.
Біз таң қалдық. Әжемнің мінезі әлі өзгермеген. Атамды әлпештеумен ғұмыр кешіп жатыр.