Өлеңмен өткен өрлерім
I
Менің туған қалам Кереку, яғни Павлодар атырабында, Баянауыл, Ертіс бойларында халқымызға аттары әйгілі тамаша енер иелері, бірнеше ақындар, әншілер болды. Әріректен бастасақ атақты Бұхар жырау, Жаяу Мұса, Мәшһүр - Жүсіп, Сұлтанмахмұт, Иса, Естай, Майра сынды кемеңгер ақындар мен өнерпаздардың келелі сөздерін. әндерін мен бала кезімнен есітіп өстім. Бұхар жыраудың дана толғауларын жиырмасыншы жылдары шыққан журналдардан оқып танысқан едім, ал менің айналадағы жасы үлкен туыстарым Бұхар жырау, Жаяу Мұса, Мәшһүр - Жүсіп өлең сөздерін бас қоса қалған жиындарда тағлым етіп айтып отыратын... Сол ізгі лебіздер менің жас зердеме ерте тоқылды. Ал атақты ақын Иса Байзақовты 1921 жылы біздің Тәттімбеттегі ауылымызда көрген едім. Орынбордан ба, әлде қай жақтан келген Иса (өзі негізінде біздің Ертістің тумасы ғой) бір үлкен құдалық тойда, одан кейін Қазақстанның автономиясына жыл толу мерекесінде тамаша өнер көрсетті. Ол домбырасын қаршығаның қанатындай жан-жағына құлаштай сермеп, өлеңін құйқылжыта әнмен шырқағанда, көз алдындағы құбылыстарға арнап, қапелімде мәнді, күлкілі елең шығарғанда, қалың жиын мәз болып, Ертіс тасығандай ду ете түскенде, кенет бір керемет рух сілкігендей менің дір ете қалғаным әлі есімде. Сол бір сәтте халықты осыншама тербеткен өлең өнерінің керемет қасиет екенін бала жүрегіммен біршама сезінген секілдімін.
Иса Байзақов ағамен кейін есейіп, әдебиетке қадам басқан кезден бастап, сабаз ақын қайтыс болған шағына дейін біріміз — аға, біріміз — іні жағдайында дос болып кеттік.
Бала күнгі менің ұстаздарымның ең ықпалдысы өз әкем Нұрғожа болды. Шешен, білімді әке айтқан аңыз әңгімелер, бұрынғы билер мен жыраулар сездері, тіпті діни қисса ғибрат хикаяттар уыз бала кезімнен менің ой-қиялымда берік ұялаған еді.
Баянауылдағы балташының баласы Нұрғожаның жасынан білімге, өлеңге ынтасы болса керек, дәулетті ағайындар ескіше хатқа жүйрік Нұрғожаны сонау Троицкий қаласындағы Зейнолла Ишанның медресесіне оқуға жіберіпті. Сол медреседен діни терең білім алған Нұрғожа кейін өзінің бір өлеңінде: «Ұстаздан оқыдым мен семинария»,— деп мақтанады. Бұл кісі діндәрлігімен қоса кезінде ақындықты да мадақ еткен еді. Нұрғожа сол сөз өнерімен бүкіл Арқаны аралап, сонау Жетісуға, Маман - Тұрысбек аулына дейін барғанын кейін жұртқа жыр ғып айтатын. Қазанда өз кітабын шығарған Мәшһүр - Жүсіптей күрделі ақын болмаса да, Нұрғожаның атақты Ақан есімен, сол Мәшһүр - Жүсіптің езімен, орақ тілді Исамен қақтығысуына қарағанда, кейбір топас болыстарды шенеуіне қарағанда, бұл кісіге өлең өнері дарымаған деуге болмас.
1932 жылы Сәкен Сейфуллин Ақан серінің өлеңдерін кітап етіп шығарды. Сол жинақта Ақан сері мен Сүйіндік Нұрғожаның айтысы келтірілген. Ақан серіні Нұрғожа сәлем беріп танысу үшін Көкшетауға әдейі іздеп барыпты. Бұрын есімі белгісіз, өзінен жиырма бес жас кіші, әлдеқайдан пайда болған Нұрғожаны тәкаппар Ақан қабылдамайды, сол маңдағы Ашықауыз дегенмен жолығып айтысып кер,— деп Нұрғожаның өтініш хатына Ақан сері кіді жауап қайырады. Сонда Нұрғожа Ақан серіге:
Мен өзім тот баспаған асылдаймын,
Ешкімге жалынып мен бас ұрмаймын.
Ашықауыз молдамен айтыс депсің,
Мен оған көктен түскен жасындаймын,—
деп батылдық сөздерді айтады да, айтысқа Ақанның өзін шақырады. Сірә, біздің әкейде (бала шағымда байқағаным да бар) албырт ақынға тән мақтаншақтық болса керек. Сондай лепірме сөзін аңдыған Ақан бір сәтте:
Атығай — Қарауылдың тобын жардым,
Түрленіп топта сайрап үлгі салдым.
Қаңғып кеп Сүйіндікті көп мақтайсың
Мен іздеп Сүйіндікке қашан бардым? —
деп Нұрекеңді тұқыртып тастайды. Сөз қадірін білетін Нұрғожа ақыры кемеңгер серіге «жеңілдім» деп ізет білдіреді. Кейініректе, менің бала шағымда, әкем жер-жерде жиналған топ алдында Ақанды айрықша дәріптеп, оның серілік өмірі жайында еліктіре айтқан қызықты әңгімелерін талай естіген едім. Әкемнің сол әңгімелері жадымда сақталып, бертінде мен Ақан сері жайында «Соңғы сайран» атты шағын дастан жаздым.
Сірә, мен алты жасымда хат таныған шығармын. Мені әкем сол алты жасар кезімнен ескіше хат тануға баулыды да, жалдамалы молда сымақ кісілер діни оқуға берді. Ал менен үш жас үлкен (мен 1913 жылы дүниеге келіппін) Қайыржанды араб әліппесін үйреніп, хат білгеннен кейін жастайынан орыс мектебіне оқытты. Әкем Қайыржанды өзінің жанынан артық көріп:
Нұрғожа бас жігіттің болған бірі,
Тарқаған қалам алса көңіл кірі.
Құдайға қазір алса ризамын,
Артымда Қайыржаным қалса тірі, —
деп өлең де арнады. Мен жас кезімде осы бір жылы сөзді Қайыржаннан іштей қызғанатын да едім. Баласына білім, өнер табуды мұрат еткен әке Қайыржанға былай деп өсиет етеді:
Кел балам, ғылым оқы, өнер серік,
Хақ жолға болсын берік.
Ізденіп, талпынып бак көзім барда,
Мақсұтың ден сау болса тапсын ерік.
Әкенің бұл өсиетін Қайыржан ақтады. Оқып, білім алғанының арқасында кейін тарих ғылымының докторы, ҚазГУ-дың профессоры болды. Ал әкем мені дін оқуына қаршадайымнан шырмап қойды. Араб әліппесінің әріптерін атаудың өзі бір қиямет. «Бисін бе. Бә-би-бо» — деген бірдемелерді ежелеп бірнеше күн жаттап қақсайтынбыз. Алайда, сол бала шағымда араб әліппесін жете білгендігімнен қаншама таңғажайып қиссалар, аңыз - хикаялар, ертегі - дастандарды кәніге оқып шықтым. Әкемнің қос әбдіресі кітаптарға толы болатын. Және қаладағы татар дүкендерінде Бұхарада, Қазанда, Ташкентте басылып шыққан кітаптар көп сатылатын. Бала кезімде сол Қазан, Ташкент шаһарларында басылып шыққан қисса, дастандарды, батырлар жырларын түгел оқысам керек. Солардың ішінен бала кезімде оқығаным татардың ұлы Ғабдолла Тоқайдың 1913 жылы шыққан «Көңіл иесі» атты өлеңдер жинағы. Әкем Абай, Сұлтанмахмұт, Мұрат өлеңдерін, Біржан — Сара айтысын, тегі сүйсіне оқыса керек.
Мен 1924 жылға дейін жеке молдалардан дін оқуын оқыдым. Совет мектебіне 1924 жылдың сентябрь айында түссем керек. Онда он екіде едім, дін оқуында бес жыл шырмалып жүргендік кесірінен қазақ совет мектебінің 3 класында оқуға әрең жарадым. 1929 жылы Павлодарда орта мектептің алтыншы класын аяқтар шақта мен комсомол жолдамасы бойынша сонау Қостанай жаққа тартып отырдым. Әлі ақыл тоқтатпаған, өз қабілетіңді өзің білмеген албырт шақ қой, оқу іздеп келген жерім Қостанайдың қаласы емес, Федоров ауданындағы Өтеп оқу-тәжірибе совхозы болып шықты. Ақыры, 16 жастағы мен трактор жүргізуді үш айда үйреніп шықтым. Сонау Шаңдақ совхозының егінді белестерінде күзде комбайнды тракторға тіркеп, (ол кезде өзі жүретін комбайн жоқ) астық орған кездерім әлі есімде. Әсіресе, жауын-шашынды күндерде брезент шатыр ішінде отырып, жігіттерге Сәбит Мұқановтың «Сұлушаш» поэмасын оқып бергенімде, сол дастанды өзім жазғандай мақтаныш еттім. Расында да, бұл жылдары мен сол тұста басылып шыққан қазақ совет ақын-жазушыларының кітаптарын түгелдей оқысам керек. Қысқа таман сүзек ауруымен қатты науқастандым да, дәрігердің ұйғаруымен ол оқудан босанып, Керекуге қайтып оралдым. Комсомолдың жолдамасы бойынша 1930 жылдың басында Ертіс бойындағы Ақсу аулында мұғалім болып істедім. Өзімде жөнді жеті жылдық білім де жоқ, есепке тіпті шорқақ едім, ондай қиын пәнге жоламадым, әйтеуір тіл сабағын жүргізіп, білгенімді жас балаларға үйреттім білем. Мектеппен көктемде қоштастым да, қалама қайтып келдім. Әліме қарамай аудандық тұтынушылар одағында нұсқаушы болып та істедім.
Бұл 1932 жылдың көктемі еді. Аудандық «Колхоз» атты газетте 8 март — әйелдер күніне арналған тырнақ алды өлеңім басылып шықты. Сол бір қуанышым — үлкейген шақта алған наградтарымнан да, сыйлықтарымнан да аса артық, бақытты қуанышым еді. Содан кейін жүре - тұра өлеңмен айналыса бастадым. Бұдан бұрын да аздап өлең шығарғаным бар — «Бөрікті қызға», «Абақтыдағы нағашыма» деген секілділер. Кешікпей газеттің редакторы Әлімбек Жаңғабылов (менен бір-ақ жас үлкенді) мені газет қызметіне шақырды. Әлімбек сыпайы, шамасынша газет жұмысын білетін іскер жігіт. Мен бұрыннан білетін редакцияда кілең жастар қызмет атқардық, Редакторымыз Әлімбек 20-да, жауапты хатшы мен—19-да, әдеби қызметкерлер Әнуар Аукепов пен Телеутай Ақшолақовтың жастары 17—18-де і апа еді. (Телеутай Ақшолақов м,енің жақын туысым, қазір ғалым, орта мектептерге арналған әдебиет оқулығының авторы).
II
Алғаш менің қаламымды ұштаған Павлодардың газеті менің келешегіме кең жол ашты — аудандық газет беттерінде жарияланған төрт-бес елеңімнің шарапатымен 1934 жылы май айында Алматыға, Қазақстан жазушыларының I съезіне Павлодардан делегат болып аттандым.
Съезд өтіп жатқан күндерде шығармаларын өзім бұрып ынтыға оқыған көптеген ақын-жазушыларды көріп, мерейім өсіп қалды. Солардың ішінен атақты, майталман жазушылар Сәкенді, Мұхтарды, Сәбитті, Бейімбетті, Ілиясты көргенім, олардың съезде сөйлеген ұлағат сөздерін естігенім маған жана бір әлем есігі ашылғандай әсер етіп, жас қиялымды, өлеңшіл рухымды ерекше серпілтті. Менің көкірегімдегі ұмытылмас бақытты бір сәт — Сәкен Сейфуллинмен сәлемдесуім. Съезде, үзіліс арасында ардақты Сәкен аға съезд өтіп жатқан театрдың алдында бір топ жастарды жайдарман сөзімен мәз етіп, кең маңдайы жарқырап сөйлеп тұр екен. Семей облысының жас талаптарын съезге бастап келген, сол бір тұста есімі белгілі бола бастаған әдебиетші Рахим Уәлиахметов мені Сәкен ағайға таныстырып: «Өзіңізге белгілі, Ақан серімен айтысқан Сүйіндік Нұрғожаның баласы Қалижан деген жігіт»— деді. Мен өте абыржыған күйде Сәкенге ізетпен қолымды ұсындым. Нұрлы көзін ілтипатпен маған аударған кемеңгер аға сәлемімді алғаннан кейін: «Әкең қайтыс болды ғой, қалған қолжазба, өлең сөздері бар ма?»—деп сұрады. Мен бұлай деп сұрағанына қуанып кеттім де: «Бар, алып келдім, ертең съезге алып келейін»— деп жедел жауап бердім. Сәкен ағай маған үңіле қарады да:
— Өзіңнің әкеңе тартқан бірдемең бар ма? Әкең атақты Ақан серімен сайысқан ақын ғой,— деп менен жауап күтті. Ардагер ақынның бұл шұғыл, сындарлы сұрағынан қысылғаннан тұла бойым шымырлап, құлақ шекеме дейін қызарып кетті.
— Аздап өлең жазамын,— деп күмілжідім.
— Қысылма, жігітім, өлеңді батыл жаз. Егер білімің шамалы болса, оқығаның жөн. ҚазПИ - ге түс, күзде кел, өзім көмектесем, ал Нұрғожаның барша жазбаларын, ескі кітаптар болса бәрін де ертең алып келерсің,— деп маған ақыл-кеңесін айтты абзал аға. Мен шексіз қуанып кеттім. Мәжіліс залында отырғанда Семейден бірге келген жас ақындардың қасында Сәкенмен тілдескен мен кейін өз мәртебемді биік санап, күжірейгенім әлі есімде. Ертеңінде әкемнің кептеген қолжазбаларын және бірнеше сирек кездесетін ескі кітаптарды алып келдім. Ұстаз аға Сәкеннен бір ауыз болса да сөз естіп қайтқан мен Павлодарға қайтып келісімен «ақынсынып», өлең жазуға құмарта түстім. Сондағы жазған бір өлеңімнен Сәкенге еліктегенім сезіліп тұр:
Бүгін майда,
Жұмысшы тап,
Ұрандасып
Болып сап-сап,
Капиталмен егеседі,—
осылай кедір-бұдыр сөздермен шұбырта беріппін. Мейлі өлеңім кедір-бұдыр болса да атақты Сәкенге еліктегеніме әлі күнге дейін ризамын.
Расында, менің өлең өнеріне шындап берілген шағым, жас ақындық санатқа қосылар баспалдағым ҚазПИ - ден басталады. Бұл қазақтың тұңғыш білім ордасында ол кезде республикаға аты әйгілі білікті ақын-жазушылар, ірі оқымыстылар ұстаздық еткен еді. Солардың қатарынан маған өз білімдерімен айрықша әсер еткендер Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Құдайберген Жұбанов, Молдағали Жолдыбаев, Сәрсен Аманжолов, М. С. Сильченко, Мұқаметжан Қаратаев. Бұлар менің ой-санамның, білімімнің жетілуіне зор ықпал жасады. ҚазПИ-де оқып жүрген кезеңде өлеңді ара-тұра жаза жүріп, білімді молықтыруға беріле ден қойдым. ҚазПИ-де оқыған жылдарымда орыс, батыс, шығыс классиктерінің белгілі, күрделі шығармаларын түгелдей дерлік оқыған шығармын. Пушкин, Лермонтов туындыларын жаттай оқып, сол жылдары олардың кейбір өлеңдерін аудара бастадым. Ағылшынның атақты ақыны Байронның —«Чайльд Гарольді» поэмасының бірнеше тарауларын аударып, қазақ әдебиетінің 8 класына арналған хрестоматияда, 1937 жылы жарияладым.
Съезд тұсында Сәбен дидарын көріп сәлемдескенім бар. Жылы жүзді аға Сәбит Мұқанов өлеңге бейім: оқуда сабақтас өзге студенттерден білімі озық, мені бауырына тез бейімдеді. Сәбең бізге XX ғасырдың басындағы қазақ әдебиеті туралы лекция оқыды. ҚазПИ-де мен қазақтың бұрынғы-соңғы әдебиетін, оның тарихын оқып, біліп келіп түскен едім. Сондай қабілетімді аңғарған Сәбит аға 1937 жылы, мені өзі дайындап жүретін хрестоматияға автор етіп қосты. Студенттер арасында бұл мен үшін зор мәртебе болды.
Сол шақтан, өзінің қайтыс болар кезіне дейін ұстазым ретінде Сәбең менің біліммен, елеңмен өсіп өрлеуіме ұмытылмастай ағалық, достық қамқорлығын жасап келді. 1980 жылы июнь айында Сәбит Мұқановтың туғанына 80 жыл толған мерекесі тұсында мен Сәбең туралы «Жұлдыз» журналының бесінші санында естелік жазып жарияладым. Сол естелікте Сәбең туралы сыр шерткенмін. Әйтседе орайы келген соң тағы да айта кетейін. Менің көлемді де күрделі шығармаларымның көбі-ақ Сәбеңнің елегінен етті. Ол кісі шығармаларындағы кемшіліктер мен міндерді маған батыл айтатын да, ал сәтті шыққан туындыларыма ұстаздық, ағалық шын пейілімен қуанатын.
Менің 1950 жылы жазылған «Мариям Жагорқызы» поэмамның жарыққа шығуына кедергі жасағандар аз болған жоқ. Сонда осы поэманы қорғап ара түскен және бұл шығарманы әділ бағалаған Сәбит Мұқанов болды. Тайталас жиында поэманы бақастықпен даттаушыларға тойтарыс беріп:— «Бұл поэма қазіргі қазақ поэзиясының да, Қалижанның өзінің де үлкен табысы. Бұл шығармадан Қалижанның қаламы төселген мәдениетті ақын болғанын жақсы аңғарамыз»,—деген ізгі бағасы менің жас қанатымды өрге қарай сермеле түсті.
Баршамызды өнерге, сөзге баулыған ардақты Мұхтар ағайдан да көп тағлым алған едім. Бұл кісінің ҚазПИ - де оқыған лекциялары бір академия тәрізді болды маған. Ынтамды аңғарып, оқуымды зер сала қадағалап отыратын Мұхаң ҚазПИ-ді бітірерде маған «Қобыланды батыр» эпосы туралы дипломдық жұмыс тапсырды. Сол бір жасаңдау кезде «Қобыланды» туралы жазғанымды ерекше бағалап, жұрт көзінше мақтағанда менің шексіз қуанышқа бөленгенім әлі есімде. 1938 жылы май айында Жазушылар одағына мүшелікке өтуіме ұсыныс пікір айтқан да менің осы екі ұстазым — Мұхтар Әуезов пен Сәбит Мұқанов еді.
Менің қаламгерлік қабілетімді ескерген Мұхтар аға 1940 жылы. Қазақ ССР - ның 20 жылдық мерекесі тұсында өзіне тапсырылған «Мәдениетті Қазақстан» атты мақалаға мені көмекші етіп алды. Ұзақ очерк - мақаланы мен түгел жазын шықтым, Мұхаң ұнатты да, бас жағына бір-екі бет жазып қосып, мақаланы сол тұста шыққан «Мұғалім» журналына ұсынды және мерекеге арналған үлкен жинақта да жариялатты.
Менің, әсіресе, дастан жазу машығыма, поэзиялық тәсіліме мейлінше әсерін тигізген, қазірге дейін теңдесі жоқ ардагер ақын Ілияс Жансүгіров болды. Біз секілді жас талаптар сонау студент шағымызда Ілияс поэзиясын құмарта оқушы едік. Ілияс жазған «Күй», «Күйші» атты сұлу, ғажап дастандар бізге поэзияның асыл гауһары болып көрінді. Біз Ілияс ағайдың қыр мұрынды, өр тұлғасын көргенде, жиындарда сөйлеген парасатты мысқылға толы сөздерін естігенде серпіліп, мәз болып қалушы едік.
Газет, журнал беттеріне өлеңдерім мен мақалаларым жариялана бастағаннан кейін баспасөз бен Жазушылар одағында қызмет істейтін бірқатар ақын-жазушылармен үйір болып кеттім. Тайыр, Ғали - сынды үлкендері аға ретінде құрметті болса, өзіме тұстас Жұмағали, Дихан, Қасым, Әлжаппар, Ғабдол, Әли, Қапан секілді ақын-жазушылар сырлас достарым болды. Бізден гөрі ойы ересектеу сыншы Есмағамбеттің үйіне көбірек жиналып, жалпы әдебиет мәселелері жайында, өз жазғандарымыз жайында пікір алысып, өзара таласып та қалушы едік. Аға ақын, ақ жарқын Тайыр менің ең сүйікті жанашыр досым еді. Қадірлі, аяулы Тәкең менің өлең-жырларымның да шын қамқоры болды.
1938 жыл июнь айында ҚазПИ-ді бітіріп шықтым. Оқуымды бітірмей-ақ Қазақстан Орталық Комсомол Комитеті мені Комсомол баспасына аға редактор етіп тағайындаған. Біраз қызмет істегеннен кейін бұл баспада бас редактордың да, директордың да міндетін атқардым. 1939 жылы біраз уақыт Қазақстан Жазушылар басқармасының жауапты секретары болып та қызмет істедім. Бір ғажабы — сол жылы Жазушылар одағының басшылығына ылғи жастар барып қалыппыз. Президиумның председателі Дихан Әбілев, жауапты секретары мен, жастар шығармаларына жетекші Қапан Сатыбалдин, литфондының директоры Қасым Аманжолов болды. Ішіміздегі партия мүшесі, бізден бұрын ертерек байсалды болып қалған жалғыз ғана Дихан еді.
Сол шақта мен ұсақ өлеңдерден гөрі дастан жазуға бейім едім. 1938—39 жылдары «Балтабай», «Кек», «Орман қызы», «Ақсақ Құлан» атты үш дастан жаздым. Үшеуі де жарияланды. «Орман қызы» Қазақстан Орталық Комсомол Комитеті жариялаған бәйгіде жүлде алды.
1942 жылы партия қатарына ендім. Мені партия орындары сол жылы Алматы облысының Жамбыл ауданына көктемгі егіс жайындағы командировкаға жұмсады. Әйгілі Жамбыл жыраудың үйінен атақты революционер Әлібиді кездестірдім. Бұдан бұрын соғыс басталған кезде Азамат соғысының айбынды комиссарымен бір әңгімелесіп, радиоға репортаж ұйымдастырғаным бар. Жамбыл қарттың сарайында кішіпейіл Әлекең мені жылы жүзбен қабылдады. Әліби мен Жамбылдың кеңестері өзінше бір хикая. Әлекең мені қасына ертіп, ел аралады. Кез келген адамдарға өзінің өткендегі ерлік өмірінен әңгіме айтуды артық көретін Әлекең бірге жүріп үйреніскеннен кейін маған өткен шақтарынан көп сырлар шерткен еді. 1960 жылы жазған «Дала комиссары» атты дастанымда революция ерінің өз аузынан естіген бірқатар хикаялар негіз болды.
Ұлы Отан соғысының әскери қызметін 1942 жылдың жазынан 1946 жылдың февраліне дейін атқардым. Артиллерия мектебінде—курсант, саяси состав курсында — тыңдаушы. Ташкенттегі әскери газетте — журналист, бөлімдерде саяси қызметкер болып түрліше міндет орындадым. Ақырында азаткер Армияның қатарында Польша, Чехословакия жерлерін араладым. Сол сапарда жүргенімде 1945 жылы Польша жерінде ақын Сағынғали Сейтовты және Жұбан Молдағалиевты кездестірдім. Сағынғалимен бұрыннан сырлас болатынмын. Ал Жұбан еленді жаңа жаза бастаған жас ақын еді онымен тез достасып кеттім. 1944 жылы «Шеру» атты өлеңдер жинағым шықты.
Соғыстан оралысымен әуелі. Тіл - әдебиет институтында, кейін Жазушылар одағында біраз уақыт қызмет істедім. 1949 жылдан бастап осы уақытқа дейін бірыңғай творчестволық жұмысқа беріліп келемін.
Соғыстан кейінгі дәуірде өз қадарым қаламымды белсендірек етуге талаптандым. 1948 жылы «Көктем» атты өлеңдер жинағым шықты. Сол тұстағы бір қуанышым — совет әдебиетіне ақылман болған Александр Фадеев бір пленумда жасаған баяндамасында менің «Сырдария көкпары», «Келтемасат» деген баллада пішіндес екі шығармамды жаңа тақырыпқа жазылған тәуір туындылар қатарында бағалап атап кетті. Сөйтіп бұл хабарды «Правда» газетінен оқығаннан кейін Москваға тартып отырып, тура Фадеевтың өзіне жеттім. Жылы жүзбен қабылдап, менімен жақсы сөйлескен Фадеев жаңа өлеңдерімді орыс тілінде шығартуға ұсынды. 1949 жылғы Қазақ совет әдебиетінің онкүндігі тұсында Москвада «Под звездами Москвы» атты тұнғыш жинағым шықты.
1949—50 жылдары «Мариям Жагорқызы» атты поэма жаздым. Бұл шығарманың тууына себепкер болған сол тұстағы жауапты партия қызметкері Ілияс Омаров еді. Менің ығыр сыннан кейіс көріп жүрген шағымда Ілияс Омаров қабылдады да, біраз кеңескеннен кейін: Сіз атақты Мариям Жагорқызы жайында дастан жазсаңыз жақсы болар еді» деп ақыл берді. Мен содан Мариям туралы толғана бастадым. Менің бақытыма қарай, сол жылы Мариям Жагорқызы Алматыға, композиторлар съезіне келді.
Драма саласында да тәжірибе жасап жүрмін. Астаналық театрларда «Егер жүрек шын берілсе», «Ұлан асу» пьесаларым сахнада көрінсе, кейбір облыстық театрларда «Нөсерден кейін», «Гималай сарыны» пьесаларым көрініс тапты. Жуықта «Әзірейілдік әлегі» атты пьеса жазып бітірдім. Аталған пьесаларымның арасынан «Ұлан асу» атты пьесамды айрықша атамақпын. Бұл халқымыздың жоңғар қалмақтарына қарсы жасалған тарихи күресіне арналған шығарма.
Қазіргі тұста естелік-мемуар әңгімелер жазуда. Мұнда өзім-көріп білген ардагер адамдар жайында, сол қатарда — Сәкен, Сәбит, Мұхтар, Иса, Қажымұқан, Әбділда, Майра, Тайыр, Қасым, Жұмағали, тағы басқалар туралы естеліктерім бар.
Менің ақындық өнерімді, халқымның аз да болса кәдесіне жараған жырларымды партия мен үкіметіміздің тиісінше бағалағанына езімді өте бақыттымын деп санаймын. Мен екі мәртебе Енбек Қызыл Ту орденімен, Қазақ ССР Жоғарғы Советінің Құрмет грамотасымен және бірнеше медальдармен наградталдым. 1979 жылы жарық көрген «Менің замандастарым» атты өлеңдер жинағыма Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты деген атақ берілді. Бұл құрметтің салмағын ойлағанда, талғамы биік оқырман халқымның кәдесіне сай жаңа туындылар жасау, заман сырларын құлшына жырлай беру үзілмес парызым деп тебіренемін.