Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 54 минут бұрын)
Оқығанның көзі ашық

Жанна екінші класта оқып жүр еді. Бір күні ол кітабынан «Оқығанның көзі ашық. Оқымаған адам соқыр болады» деген мақалды оқып көрді де:

— Бұл не деген сөз? — деп сұрады.

— Оқыған адам көпті біледі. Көзінің ашық болатыны содан. Ал оқымағанның дүниеден хабары аз болады. Бұл соқырмен тең етеді, — дедім мен.

Бұл жауапқа Жанна ырза болмай қалды.

— Міне, әжем оқымаған. Сонда да соқыр емес қой. Ал сен қызметтен келсең-ақ болды, отырып алып, оқи бересің, оқи бересің. Сонда да көзіңнің ашық ештеңесі де жоқ. Әжемнің көзіндей, — деді.

Несін жасырайын, жауап таба алмай, күмілжіп қалдым.

Сөйтіп баламыз екеуміз «дауласып» отырғанда, Жанна оқыстан қолын сиялап алды. Ол тазалықты жақсы көретін. Үсті-басы кіршіксіз, жинақы жүруші еді. Сол дағдысына бағып жуына бастады. Сия дағы бірден кете қоя ма! Тырнағының көбесінде, саусақ арасында қалып қойды. «Ыстық сумен жу», — деген әжесінің тілін алам деп, күйіп те қала жаздады. Менің көмектесуіме тура келді. Әуелі мен оған:

— Қолыңды сула, — дедім.

Жанна айтқанымды орындап, қасыма келді. Мен бір тал сіреңке шырпысын алдым да, күкіртімен сияның дағы бар жерлерді ысқылап жібердім. Содан кейін қызым қолын жууы мұң екен тап-таза болып шыға келді.

— Мұны кімнен көрдің папа? — деп сұрады қуанған Жанна.

— Ешкімнен көрген жоқпын. Кітаптан оқыдым. «Оқыған адамның көзі ашық» деген, міне, осы.

Әңгіменің мәніне Жанна енді түсінді-ау деймін, күлімсіреген қалпы ойланып қалды.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама