
- 05 там. 2025 08:26
- 18
Оралда жылу жүйесі жаңғыртылады: Үкімет 2,5 млрд теңге бөлді
Оралда жылу жүйесі жаңғыртылады: Үкімет 2,5 млрд теңге бөлді,-деп хабарлайды Инфохаб.кз.
Орал қаласының №2 жылу магистралін қайта жаңғырту жобасына Үкімет 2,5 млрд теңге қаржы бөлді. Құрылыс-монтаждау жұмыстары 2024 жылы басталып, Жылу электр орталығынан (ЖЭО) бастап, «Сити Центр» сауда үйі маңайына дейінгі учаскені қамтиды.
Бұл жылу магистралі 1987 жылдан бері пайдаланылып келеді. Осы аралықта темірбетон конструкциялары мен арматуралары ескіріп, қазір елеулі тозуға ұшыраған.
Облыс әкімдігінің хабарлауынша, реконструкциялау жұмыстары 2025-2026 жылдардағы жылыту маусымы басталғанға дейін толық аяқталады деп жоспарлануда. Жобаның басты мақсаты – жылу желілерінің тозуын азайту, ыстық судың өткізу қабілетін арттыру және қызмет көрсету шығындарын қысқарту.
Қазіргі таңда Орал қаласындағы магистралды жылу желілерінің жалпы ұзындығы 249 шақырымды құрайды. Бұл инфрақұрылымның басым бөлігі өткен ғасырдың 70-80 жылдары салынған және бүгінде олардың тозу деңгейі 50%-дан асып отыр.
Билік жылу жүйесін жаңғыртуға ерекше көңіл бөліп, бірнеше бағыт бойынша жүйелі жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Бұл – қала тұрғындарын сенімді әрі сапалы жылумен қамтамасыз ету жолындағы маңызды қадам.