- 03 қар. 2020 00:00
- 230
Қатыгездік
Сенбі. Төсекте жатып бүгін не істейтінімді ойладым. Тұрамын, шай, телевизор, тағы шай, тағы телевизор, шай, телевизор... Келіншегім базарға кеткен.
Далада көктем. Торғайлар жанұшыра шырылдасып, ашық аспан, жылы күнге қуануда. Көшеге шығып серуендеуге де болады. Бірақ дәл қазір еш нәрсеге зауқым жоқ.
Көзімді жұмып қалғуға әрекет жасадым. Машиналардың сыпырылысқан үні мен терезе маңындағы құстар тіршілігі әдеттен тыс жарқын. Көктем. Кенет Сәуле түсті есіме. Әрине, Сәуле. Нұрға толған жанары, күлкіге толы сөздері осындай мағынасыз сенбілерге мағына беру үшін жаратылған.
Орнымнан тұрып телефон нөмірін тере бастадым.
— Алло? Кішкентай баланың дауысы.
— Сәулені бола ма?
— Сәуле жоқ.
— Қашан келеді?
Ол үнсіз қалды.
— Алло?
— Сәуле өліп қалды.
— Қалай? Қашан?
— Бәрі оны көмуге кетті. Үйде ешкім жоқ.
Баланың дауысы соншалықты жайбарақат. Телефон тұтқасын орнына қойып киінуге кірістім. Кеше ғана кездестік. Сап-сау болатын. Әлде машина басып кетті ме екен? Кенет онымен кеше емес арғы күні кездескенім түсті есіме. Бәрібір сап-сау болатын. Көшеге шықтым. Жып-жылы. Ұзақ қыстан соң күннің жылуы сиқыр, ертегі сияқты. Көкпеңбек аспан ентелей төнеді, дүние жап-жарық. Кеудеме кептелген кесек үрей тарқай бастады. Мұндай күні әлдекімнің, әсіресе Сәуленің өлуі мүмкін емес. Кісісі қайтыс болған үйге кішкентай баланы тастап, үлкендер о заманда бұ заман адам көмуге кете ме? Басымды шайқап жымидым. Бәрін Сәуленің өзі істеп отыр. Одан шығады. Үнемі күлкі шашып тұратын жанарын елестеттім. Не деген қыз. Есік қоңырауын бастым.
— Кім?
— Мен жаңа звондаған ағамын.
Ашты. Бес-алты жасар топ-томпақ бала. Ар жағынан ересектеу қыз көрінді.
— Сәуле қайда?
— Өліп қалды.Тақ-тақ етеді.
— Қашан?
— Кеше.
— Қалай өліп қалды?
— Көп дәрі ішіп, іші ауырып.
Ал Сізге мына хатты тастады. Маған ешкімге айтпай, сізге, өз қолына бер деді. Әйтпесе менің түсіме кіремін деді.
Ересек қыздың екі көзі қып-қызыл. Үрейге тола. Тезірек хатты беріп құтылғысы келіп тұр. Тұңғиықтан күлкі бас көтеріп, тамағымды қытықтады. Қабағымды шытып, төрт бүктелген қағазды ашып оқыдым:
Сәлем...
Сол күні сен тым жайбарақат болдың. Жүзіңе көзім түскен сайын жүрегімді у шарпыды. Содан кейін қоштасатын уақыт жетті. "Сау бол" дедім мен. Сен басыңды изедің. Неге осыншама жеңіл қоштастық? Неге көздеріміз түйісіп бір сәтке кідірмеді? Бірде "Маған күз ұнайды" дегенсің. Мен сенген жоқпын. Күздің адамдары сен сияқты емес. Басқа. Сен тым шолақ болатынсың. Тым жеңілтек. Сенің қасыңда өзімді ауыр сезінетінмін. Өмір — мен үшін үрей, құпия. Махаббаттың да бақыттан гөрі қорқынышы, адалдығынан гөрі арамдығы басым. Сенің махаббатыңның... Қазір қайдасың? Мүмкін менің қасымда шығарсың. Таңданған кейіппен қабағыңның астымен қарап отырған боларсың дәл қазір. Онда неге өзімді мұнша жалғыз сезінемін бұл әлемде? Мені ойлайтыныңа сенімдімін. Әрине, ойлайсың. Бәрін қайтару, қайтадан бастау мүмкін болса не істер едің. Тағы да қауырсын кейпіңе еніп жылатар ма едің, әлде менің ойсыз бақытым үшін мұңды қабылдар ма едің. Махаббат мені қатігез етіпті. Сенің өкінетініңді елестетіп күлімсіреймін. Ешқашан ешкім көрмеген көз жасың жанарыңды талай шылайтын шығар енді. Бірақ бұл дүниеден өткен адам оралмайды. Мен оралмаймын......
Сыртқа шықтым. Күн де, аспан да өз орнында. Көктем де. Өз орнында. Тек Сәуле жоқ.