
- 02 мау. 2025 10:33
- 56
Қазақстан мен Өзбекстан депутаттары парламентаралық ынтымақтастықты күшейтеді
Қазақстан мен Өзбекстан депутаттары парламентаралық ынтымақтастықты күшейтеді
Астана қаласында өткен кездесу барысында ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов пен Өзбекстан Олий Мажлисі Заң шығару палатасының спикері Нуриддин Исмоилов екі ел арасындағы парламентаралық байланысты кеңейту мен бірлескен жұмысты күшейтуге келісті.
Отырыста тараптар соңғы жылдары Қазақстан мен Өзбекстан арасында жоғары деңгейдегі өзара сапарлар жиілеп, маңызды тарихи құжаттарға қол қойылғанын атап өтті. Атап айтқанда, Одақтастық қатынастар туралы шарт, Мемлекеттік шекараны демаркациялау туралы келісім және 2024-2034 жылдарға арналған стратегиялық әріптестік бағдарламасы.
"Екі ел президенттерінің саяси ерік-жігері мен даналығының арқасында қазақ-өзбек байланысы бұрын-соңды болмаған биік деңгейге жетті. Бүгінде 100-ден астам келісімнен тұратын берік шарттық-құқықтық база құрылды", – деді Ерлан Қошанов.
Мәжіліс спикері сондай-ақ президенттердің ықпалдастықтың басым бағыттарын айқындап, оларды жүзеге асыруға нақты тапсырмалар бергенін айтты. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар заңнамалық деңгейде өзара іс-қимылды күшейтіп, экономика, көлік, мәдениет және қауіпсіздік салаларындағы бірлескен жобаларды қолдауға дайын екендерін білдірді.