
- 14 шіл. 2025 08:03
- 32
Қазақстанда еңбек кітапшасы міндетті құжаттар тізімінен алынып тасталды
Қазақстанда еңбек кітапшасы міндетті құжаттар тізімінен алынып тасталды
Енді еңбек кітапшасын алып жүру – міндет емес. Бұл туралы 2025 жылғы 12 шілдеде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова ресми түрде мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, еңбек қатынастарының заманауи сипаты цифрлық форматқа көшіп жатыр. Ендігі жерде еңбек өтілі электронды еңбек шарттары мен тұрақты түрде аударылатын зейнетақы жарналары арқылы есептеледі. Бұл деректер Бірыңғай есеп жүйесінде автоматты түрде тіркеледі.
“Еңбек кітапшасы – ескірген құжат. Қазір оның заңды күші жоқ. Қаласаңыз, оны естелік ретінде сақтап қоюыңызға болады, бірақ жұмысқа тұру кезінде талап етілмейді”, – деді Жақыпова.
Енді жұмысқа орналасу кезінде қағаз түріндегі еңбек кітапшасын сұрату қажет емес. Жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы келісім электронды түрде жасалады, ал жұмыс өтілі автоматты түрде цифрлық жүйеде жинақталады.
Министр бұл өзгеріс азаматтардың еңбек қызметін тіркеу рәсімін айтарлықтай жеңілдететінін, сондай-ақ қағазбастылықты қысқартып, мемлекеттік қызметтердің ашықтығын арттыратынын айтты. Бұл еңбек нарығын цифрландыру жолындағы маңызды қадам ретінде бағаланып отыр.