Қазақтың Төлегені - қазақтың рухы
Биыл, 2020 жылдың 19 желтоқсанында Кеңес Одағының батыры, қазақ халқының мақтанышы, еліміздің еркіндігін, ар-намысын қорғаған ержүрек перзенттеріміздің бірі - Төлеген Тоқтаровқа 100 жыл толады.
Төлеген Тоқтаров 1920 жылы 19 желтоқсан күні Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданы, Қарақұдық ауылында дүние есігін ашқан. Төлеген жастық шағынан адал, бір сөзді, өзіне де өзгеге де қатаң талап қоя білетін болып өсті. Төлегеннің ата-анасы ашаршылық жылдарында дүниеден озды. Асқар таудай әкесінің інісі Төлегенді сол кездегі Риддер қаласына алып келеді. Бұл жерде Төлеген қазақ мектебінде жеті сыныптық мектепте білім алады. 1938 жылы 17 жасында Риддер қаласы маңында сол кездегі ірі кәсіпорын қорғасын зауытында жұмысшы болды. Алғашқы күндерден-ақ өзін қабілетті, іскер жан ретінде көрсетеді.
Кеңес әскері қатарына 1941 жылдың желтоқсан айында шақырылып, көп ұзамай Төлеген Тоқтаров Мәскеу маңындағы генерал-майор И. В. Панфилов басқарған 316-шы (8-ші гвардиялық) атқыштар дивизиясында 275-полктың автоматшылар ротасының жауынгері болып Ұлы Отан соғысына қатысады. Комиссия мүшелері қазақ жігітінен «қай бөлімге барғың келеді?» – деп сұрағанда «қай бөлімде жауды көп құртуға болады, мені сонда жіберіңіздер» – деп, жауап қайтарған екен. Міне осы желтоқсан айынан бастап оның майдандағы өмірі басталады.
Елдік пен ерліктің киесіндей, батырлық пен батылдықтың иесіндей қазақ жігіті келген күннен бастап, өзінің майдандастарының ішінде зор ықыласқа бөленіп, алдыңғы қатардағы жауынгерлердің бірі болады. Өмір бойы ешкімге бас имей, тек өз ар-намысының ғана құлы болғаны, халқының қамын ойлап, болашағы үшін күресіп өткені, өмірдегі өзі арқалаған ауыр жүгін, қоғам алдындағы өз парызын терең түсінгені – осының бәрі Төкең шығарған қанатты сөздердің қайнар бұлағы. «Ажалдың көзіне тура қара, кірпік қақпа, сонда сенен ажал қорқады, сен жеңесің». Бұл Төлеген атамыздың сөзі. Қазақ жауынгері қарулас жолдастарын үнемі жігерлендіріп, батыл қимылдауға шақырып отырды.
Батыл да бекем қимылдайтын Төлеген жауынгерлерді сан рет жауға бастап шықты. 1942 жылы 5 ақпанда Новгород облысындагы Нагаткино ауылына бірінші болып кіріп, бірден жаудың 7 әскерінің көзін жойып, екеуін тұтқынға алды. 1942 жылы 10 ақпанда Бородино селосы үшін болған кескілескен ұрыста неміс бөлімінің штабына басып кіріп, 5 неміс офицерінің көзін жояды. Төлегеннің майдандағы ерлігін өз көзімен көрген Кеңес Одағының батыры белгілі жазушы Мәлік Ғабдуллин Төлеген жайында естелігінде: «1942 жылдың 10 ақпаны күні түс кезінде немістер батыл күшпен қайта шабуыл жасады. Бұл жолы немістердің шабуылына бүкіл батальон автоматшылары аттанды. Нағыз күшті соғыс басталды. Шайқас кезінде оқ дәрісі таусылған Төлеген ішінен ауыр жараланды. Төлеген орнынан атып тұрды да, салбырап шыққан жаралы ішегін қарнына қысып, автоматын қолына ала жүгірген бетімен неміс офицерінің қақ басынан періп жіберді. Офицерді жайратып салып, қайта орала бергенде жаудың қайта атылған пулемет оғы оның кеудесіне тиді. Есіл ер Төлеген осындай ерлік өліммен қаза болды. Төлегеннің сүйегі Бородиноның күн шығыс шетіндегі төбеге жерленді» – деп, оның жанқиярлығы мен қазасын осылай баяндайды. Даңқты ерлікке толы Бородино үшін болған ұрыста Төлеген Тоқтаров 1942 жылы 10 ақпанда небәрі 21 жасында қаһармандық ерлік көрсетіп, қаза тапты.
Қаһармандығы мен батылдығы үшін Төлеген Тоқтаровқа қаза болғаннан кейін КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының шешімімен Кеңес Одағының батыры атағы беріледі. Ол туралы композитор Р. Елебаев 1942 жылы «Жас қазақ» әнін, ақын Н. Баймұратов 1945 жылы «Ер Төлеген» дастанын жазды. Риддер полиметалл комбинатының аумағында батырға ескерткіш орнатылып, Төлеген оқыған №10 мектепке оның есімі берілді. Қазақстанның бірқатар қалалары мен Ресейдің Старая Русса қаласындағы көшеге Төлеген Тоқтаровтың есімі берілді. 2010 жылы баспадан «Кеңес Одағының батыры – Төлеген Тоқтаров» атты кітап жарық көрді. Онда Төлегеннің шыққан тегі, ерліктері баяндалады.
Батырларға арналыпты жыр дастан,
Қарлы суда мұхиттар мен тау асқан.
Ұмытылмас бабалардың ерлігі,
Елі менен жері үшін шайқасқан.
Ауыр жылдар артта қалған тым алыс,
Ел есінен өшпейді, қалмас қамыс.
Бақытты өмір болашаққа сыйлаған,
Бабаларға ұрпақтардан мың алғыс.
Қорыта айтқанда, Төлегендей алыбымызды ардақтай білейік, ұлтымызға ұран болған ұлы тұлғамызды ұлықтай білейік. Тек қана қара дүрсін сөзбен емес, батырдың атын дәріптейтін игі істермен, тиянақты тірліктермен дәлелдеуге тырысайық. Қай халық болса да, батырын мақтан тұтқан, қастерлеп, төбесіне көтерген. Осы орайда, Төлеген Тоқтаровтың ерлігі мәңгілік есте сақталып, ынтымағымызды нығайтып, ұрпақтарымызды алға жетелері сөзсіз.
Болат САЙЛАН, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің профессоры, т.ғ.д.
Жалғас Тоқтаров, 1 курс студенті