Құлпы көйлектің құны
Қарқаралы қыз салтанатын бірге құрған Гауһар мен Майра екеуі қасабалы әйел болғанда да бірінсіз бірі тамақ ішіп көрмеген, шығарда жаны ғана басқа құрбылар еді. Оқу бітіріскеннен кейін Гауһар өз мамандығы бойынша агроном болып ауылға кетті де, Майра қасында қалды. Шынын айту керек, бұл жасынан бірге ескен екі әйел әрқайсысы да өз мамандығын тәуір игерді. Әсіресе Гауһар үлкен шаруашылықтың белді маманы болып әркімге-ақ қол ұшық бере алатын әжетке келді. Бірі сатулы қала өмірінің қыр-сырын білетін ол астана түбіндегі ауылдан қалаға келген сайын Майра үйіне құр қол келіп көрмеген-ді. Ел болғанда, консервіден босаған жарты литрлік шыны ыдысқа қазанға пісіріп қойған сүтінің туырылып тұрған қаймағын сыпырып салып алып келетін. Шешесі де «кәрісі бардың көпірі бар» дегізбейді, жасынан Гауһарымен бірге өскен Майраны өз баласындай кереді. Тіпті көршісі Қара кемпір «осы бір әйел жиі келеді, ең болмаса үйлеріңе сынық кәмпит ұстап келмейді ғой»,— дегенде де Майраға шаң жуытпаған. «Қысқа жіп байлауға келсе де, күрмеуге келмейді деген емес пе, қалада, бәрі сатулы жерде отыр ғой»,— деп Майраны ақтап шыққан. Қара кемпір де бір желімдей жабысқан пәле:
— Сонда да өтірік күліп, салып жетіп келеді де тұрады, ең болмаса сағыздай созылатын әлгі «күріш» кәмпиттен бір уыс әкелсе нетеді. Туысқан сендердікі ғой, мейілі дағы,— деп ернін бір сылп дегізген. Гауһардың шешесі Маран оған мән бермеген болып қоя салған. Бірақ «күріш» деген қандай конфет болды екен деп Гауһардан сұрап еді, оны ол бірден түсіне кетті. «Ирис» дегенді өзінше қазақшылап алған ғой»,— деді.
Бүгін Гауһар ертемен тұрып қалаға келді. Екі айдай шетелде болып Майра келмек еді, соны аэропорттан қарсы алды. Дүрмекпен оның үйіне келіп, ауылдан бір дастарқанға керектінің бәрін пісіріп әкелген Гауһар әнші құрбысының үстелін тамаққа қайыстырып жіберді. Майра ақ бүркеншек жамылып келіншек болып, босаға аттаған күні де бар дастарқан мәзірін Гауһар көтерген болатын. Даңқы алысқа кетіп жатқан атақты артист дастарқанының берекелі-молдығына үнемі біреуден бірдеме алудың ғана жолын ойлап тұратын, сыртта көрсең үзеңгі бауы алты қабат,үйінен ит жаланып шықпайтын екен жағалағандар тегіс риза-хош аттанысып еді. Барлық істің парқын білетін Гауһар өзі істеген қызметінің нарқын ешқашан бұлдап көрмеген, бәрін туысқандық, құрбылық борышына сайған. Енді міне, сайрақтан — алы жолдан Майра аман-есен келіп отырғанда ақ түйенің қарнын жарып тастамасқа не, қазір ит басына іркіт төгіліп жатқан заман емес пе! Сондықтан да Гауһар абдастасын алдына шалып алып, іреусіз, тартқан күмістей саусақтары сүйріктеніп, қолы қолына жұқпай, жүзі де рауланған алтындай жарқылдап бар қызметті атқарды. Үстіме наздар киер келеме, аяғыма өкшесі дірілдеген, шегірен былғарыдан тігілген біз өкше киіп келдім деп шалқайып тұрмады, Майра үйінің ошағының ал ендігін жағып, ыдыс-аяғына қитықсыз араласып-ақ кетті. Бұл бір бүгінгісі емес, әрқашанда-ақ іске бола кететін әдеті. Шынын айтсақ басқа ел басқарып жүрген әйелдердей ол дүрбелжің тартып, ойқы-шойқысы шығып кеткен де емес, сондай-ақ әркімге сырт көрінісімен ұнағысы келіп қылаңдайтын, қырымпоздық мінез де атымен жоқ. Декесі қашанда тік сандалдың терегіндей, жоны пат құндыздай оңысып жүргенде оны көп адам ірі бірі ме дер еді. Сонда да іске келгенде ол өзі тұстас, қатар-құрбыласынан өндірісте де, үй шаруасында да мойыны озық тұрар еді. Оның үстіне бүгін сонау сайрақтан Майра аман оралған қуанышынан мұның кеңілі де, көрінісі де көркем болатын,
Атақты артист әйелдердің көбінің-ақ күйеуі бұзау болатыны сияқты Майраның де ері «күйеуі бар» атағына ие, не сөзі жоқ, не ісі жоқ кісі еді. Егер нақ бүгін күн жексенбі болмай, жұмыс күні болып, Гауһар келе алмаса, онда бұл дастарқанның да, үйдің де сәні болмас еді. Ең болмаса бұл үйде магазин тола тұрған Сарыағаштың минералды суы да жоқ екен. Су екеш суға дейін Гауһар жеткізді.
Самолеттен үлде мен бүлдеге оранып түскен Майра үйінен қарсы алуға келген кісілер кеткенше, сол қалпында отырды. Бір қызығы, екі айдын, ішінде Майраға сыздаусыған бір мінез пайда болғанға ұқсайды. Мұны Гауһар жолдан шаршап-шалдығып келгені шығар деп еді. Өйткені анау бір жылы ол Кубаға барып бір жарым айдай жүріп қайтқаны бар. Онда ол кәдімгідей өз совхозындағы істеген жұмысын атқарды, яғни оларға өзінің тәжірибесін таратты, олардан да үйренер өнеге көп екен, оның қыры-сырына қанып қайтты, Бірақ қанша социалистік ел дегенмен шетелдің аты шетел екен, қатты шаршап келді, самолет Отан шекарасынан өткенше асықты. Сонда Гауһар да шалдығып-қабынып жетіп еді.
Келгендердің бәрі кеткен соң Майра көргендерінен хабар бере отырып, көбіне айтқаны киім-кешек болды. Ол жолға киіп келген жұқа жібек көйлегін шешіп, қаттау-батсайы желең алды. Енді оны киіп еді, несін айтасыз, Гауһарға Майра періштенің қызындай болып көрініп кетті. Майра иығына оны бір сұғып, одан бір шытырма көйлек алып:
— Мынаны Калькуттада концерт бергенімде қаланың мэрі сыйлады,— деді. Майра жаңағыдан да өңденіп, әрлене түсті. «Адам көркі шүберек» деген рас тағы. Гауһар сонау жылы осындай әкелген көйлектерін жайып салып:
— Осыдан, Майра, таңдағаныңды ки, сен ел алдына шығатын адамсың ғой. Сенен қалған басқасы да маған жарар,— дегенінде Майра көзін тесіп тұрған үлбірек дұқаба көйлекті қалап алып еді. Сол көйлекті Майра үнемі қонаққа киіп барып жүрді, Ол да тозбай, бүкіл Алматыдағы мен жақсымын деген әйелдің бәрінің ішін әлем-жәлем қылып еді. Енді Майраға тағы да сәнқой келіншектер кез тігетін болды. Ал кейбір бастық үйіндегі бәйбішелер күйеулерінің құлағының құртын жейді, енді.
— Дұрыс, жақсы екен, игілігіңе кигізсін,— деді Гауһар.
— Мына көйлекті көр,— деді Майра әр жерінен алтын жіп өткізген жалаңдау іш көйлекті алып. Гауһар мұны да шын көңілімен ұстап, мақтау сөздерін аяған жоқ.
— Мына бір кімді,— деді Майра қылқарадан нарпостап істеген қара жамшыны алып көрсетіп.— Мұны сен түсінде де көрген жоқсың. Мұны жаздың кешінде, не күзді күндері кешке жұқа киім сыртынан жамылады екен. Бұл былай... — Майра жамшыны жамылып ары-бері жүрді.— Енді мынаны далаға жамылып шыққанымда, Алматының бар жігіті менің соңымда болмас па!?— Гауһар не дерін білмеді. Майраның күйеуі Созбақтан ұялып кетті. Не деуі керек, әйтеуір бірдеме деуі керек қой. Соны ойлап, сөз сабақтады:
— Ту, Майра, қалжыңыңды қоя тұршы!
— Қалжының не, менің соңымнан ермеген жігіттің енді өзі де оңбас, қарамаса маған көзі шығар.
Гауһар не дерін білмеді. Жанындағы өз күйеуінен де, Созбақтан да қысылып, шалулы сөзін кешіре салса да, мына асып бара жатқан пиғылға жауап таба алмады. Кейде шаршы ішінде де Майраның осындай түйеден түскендей сезін естіп, бұл үшін талай ұялғаны бар-ды. «Ту, Майра қалжыңыңды жұрт қате түсінер»,— деп жуып-шайып жіберуші еді. Бұл жолы әйтеуір отырған екеуінің күйеуі ғана ғой. Жошыған, тасқын кеңілі басылып қалды.
— Сен далаға шыға берші, қазір кетеміз ғой,— деді күйеуіне қарап. Сырбаз Майрамен сыпайы қоштасып, есікке беттеді. Бірер минуттан кейін есік тарс етті. Күйеуі мынадай орынсыз сөзді естімей-ақ қойсын дегені еді.
Майра еріне басып, кермаралдай керіліп (нақ осы кейпін көргенде Гауһар бір түрлі етене жолдастан жиреніп кетті), төрдегі кішкентай ағаш қобдиды қолына алды. Қобдидың аузы ашылғанда, әлдеқандай бір шығыс музыкасы ойнап жүріп берді. Ол қобдиды қолына ұстаған күйі Гауһардың жанына келді.
— Мынаны қара!— деді Майра қобдиды Гауһардың кез алдына тосып. Гауһар үңілгенде қобди іші толған далап, қастауыш, сүрме, опа екен. Көп екен. Қарағанда көздің жауын алады. Гауһар да әйел ғой, біреуін алмақ болды, қолын созып:
— Мен мына далаптың бірін алайын,— деді. Нақ осы бір сәтте Майра қобдиды сарт еткізіп жаба салды:
— Шаң-тозаңмен, балшықпен баттасып жүрген саған үнді далабы не теңім. Сен құм жанындағы көшпе долының қатындарынан-ақ аласың ғой. Ауылға сол да жарайды.
Майраның сөзі өкпеден атқан оқтай тиді. Өзі туралы Майраның ойын енді ғана ұққандай. «Ауылға сол да жарайды». Гауһар қара бақайына дейін терлеп кетті. Бірақ шыдамдылық көрсетті. Ернін тістеп сәл тұрды да:
— Иә, солай еткенім дұрыс болар,— дей салды. Бірақ, шыны керек, мұны зорға айтты. Апыр-ай деп ойлады ол, анау жаңа ғана киіп келіп, шешіп қойған қаракөл тонды өзінің табан ақы, маңдай терімен тапқан он үшінші жалақысына сатып беріп еді-ау! «Жұрттың бәрі жүргенде мен жүдеп жүремін»,— деген соң аяп еді. Аяп жүргені мүдәйі-аяр екен-ау. Әй, ит болып жүр екенмін-ау. Жарайды, деді ол ішінен неде болса аяғына дейін шыдап көрейін. Жылдың басында Сырбаз сонау Саха жерінен, ал қара кес тонды кеше белбеуін қоса, басқа киетін күләсімен әкелгенде, соны да Майраға бергісі келіп еді-ау. «Менің әкелгенімді өзің-ақ кисеңші»,— деп Сырбаз ескертпегенде, бәлки оны да Майраға жаба салатын еді-ау, ә! О, тоба! Адам деген қиын машина, оның тетігін тегіс білу оңай емес...
— Алөндігін солдырып, арық аттай болдырып, сонау мұхит арғы жағынан келеді ғой, шақыралық және мына бір мәуті бешпентті кигізіп жіберелік, елімізден шыққан бір қыз ғой,— деп Сырбазға аспан сайбақ етіп жүргендегісі осы болған екен ғой. «Айраныңды ішейін, дағараңа...» деген осы болады екен-ау, ә!
— Ал енді мен кетейін, далада Сырбаз күтіп қалды,— деп Гауһар есікке беттей беріп еді:
— Сәл тұра тұр,— деді Майра қайта кергіп. Бұл жолы Гауһар мойынына қара жаңбыр серілетіп тұрғандай зорға шыдады. Дегенмен мойнын бұрды.— Мына көйлекті...— Майра әжептәуір сөз арасын үзіп алды,— көре кет!— Мына көйлекті деген есек дәмені қоздырғандай ма еді, бірақ аяғы айтылған соң жан тыныш тауып қалды. Өйткені «көре кеттің» орнына, «кие кет» болса Гауһар жағдайы әбден қиындайтын еді. Өйткені енді бұл үйден алғаннан алмағаны, келгеннен келмегені жақсы екенін айдан анық түсініп еді. Оның үстіне Майраның енді сыңайы да, сылайы да, сүдіні де, саданы да бәрі микроскоппен көргендей анық болатын. Дегенмен көре кетейін, кеткенше сыр бермейін деді Гауһар. Көйлек жантайма үстіне жайылып тасталды.
Мынау шынында да қарқаралы қыз, қасабалы қатын түгіл, дүниені тізеден кешкен сері жігіт қарап тұрғандай екен. «Бір қарамас, бір қараса қыз да кезін ала алмас»,— деп Ғабиттың Ақан аузына салған сөзі осы жерге дәл келгендей екен. Бұл жаңағы он шақты көйлектің бәріне тұратындай.
— Мұндай көйлекті тек сарай төңірегіндегілер киеді екен,— деді Майра масаты-мәулім көйлекті нұсқап. Көйлек жұқа жібектен жасалған, жібек үстіне алтынды жіптен, мүнәйім масатыдан өрнектеп түрлі гүл орнатқан. Тікті дейін десең тіккен емес, тоқыды десең тоқыған емес, жапсырылған да емес. Әйтеуір жаяу жатып, атты тұрып қарағандай. Япыр-ай, адам баласының миының мүмкіндігінің молы-ай деп ойлады Гауһар, осынша қиял болады екен. Майра масаттанып та, насаттанып та тұрды. Бұл адам баласының қолы жетпейтін, тіпті әйтеуір, Алматы төңірегіндегілердің анық түспейтін көйлек екені сөзсіз еді... Әй, бәріңнің ішіңді бір күйдірдім бе», дегендей әруақтанып, көзін сүзіп, қасын көріп тұрды, ол.
— Бәрі де керемет жақсы екен, ал күн кешкіріп барады, біз ауылымызға жеткеніне түн де болады, қош аман болыңдар!— деп есікке беттеп барды. Гауһар сонан соң есіне әлде бірдеме түскендей оң қолының сұқ саусағын ерніне тікесінен қойып, бері бұрылды. Екі қасының арасы сәл түйіліп тұрып бір сез айтты.
— Ең жақсы көйлегіңді киіп, келесі жексенбіде біздің үйге қонақ болыңдар! Күтіп отырамыз, ал қош болыңдар!— Гауһар шығып кетті.
Сәуірдің күні шуағын төгіп тұр. Есік алдына келіп машина тоқтады. Бұл келген опера театрының артисі Гүлбаршын болатын. Гүлбаршын консерватория бітірген, Майрамен бақастау артист еді. Өйткені екеуінің де даусы лирикалық сопрано еді. Майраның даусы әлсіздеу еді, операдан кетуге мәжбүр болған-ды. Өйткені Гүлбаршын тұрғанда оған жол жоқ екені белгілі еді. Сондықтан Майра филармонияға кетті де, бақытын содан тапты. Бақ десек те, бақыт десек те, әйтеуір, Майраның алдына сүре жол ашылып, Одақтың барлық бұрышын аралауға, одан тіпті шетелге шығуға мүмкіндік алды. Бұл күнде оның әруағы асып, бақыты тасып тұрған-ды. Бірақ қалай да опера артисі алдында аузына микрофон тоспасаң естімейтін эстрадалықтардың айдарынан жел есе алмай қалатын әдетінше,
Гүлбаршын бар жерде Майраның да сесі басылып, жүнжімегенімен жүдеп қалатын әдеті еді. Бірақ қалайда, қашанда енер адамына біткен өр көкірек, мақтаншақтықтан Майра да мақрұм болмағандықтан «Мен Майрамын, сен кімсің»,— дегендей Гүлбаршынға көкірегін бермейтін. Әрқайсысы-ақ өзінше Байсейітова, өзінше Бағланова болып көрінгісі келетін. Өнерден ине жасуындай хабары бар адамның бәрі де мұны жақсы білетін еді.
Гүлбаршын күлкісі көп, жайдарылау да, дарқандау да адам еді. Үстіне жай қаншадан көйлек, қара дұқаба жаздық кие салыпты. Бұрынғысынша езуі жиналмай күліп, машинадан түсті. Кармен үлгісімен онша қысқа да, онша ұзын да емес етіп қою қара шашпа қырққызған да, маңдай жағынан қара насармен шашын бастырып қойыпты. Самайында бір шөкім шаш оралып, орай жасап бетіне қарай иіріліп тұр. Ол тіпті жабысып тұр десе де болады. Көмірдей бұйра қара шаш ақша маңдайлы, ақ сүр еңлікке ерекше көрік беріп тұр. Бұл мектепте Сырбазбен бірге оқығандықтан құшақтасып, сүйісіп амандасты. Жарасты қалжыңын да айтты:
— Сені сүйем деп шайдан қағылып жүрмейін.
— Мені сүйіп-ақ тоймайсың ба, тамақ не керек,— деді Сырбаз. Бәрі күлісті. Гауһармен де сүйісіп амандасты.
— Қызғансаң менің Данашымды сүйіп есеңді қайтарып аларсың,— деп, ол екі езуі екі құлағына жетіп қайта күлді. Гүлбаршынның бір жақсы жері, әйтеуір күлкісі келіп тұрады. Күлкі де көп нәрсені көрсетеді-ау деп ойлады Гауһар. Көңілі келмеген, көңілді келмеген кісі қалай күлмек? Кейде ондайлардың өтірік күлкісі көрініп қалады. Сақситып тісін көрсеткенімен, беті бірге күлмеген соң, ол қақпанға түскен аңның ырылы сияқты болады дағы.
— Сенің шын күлгенің-ақ жақсы,— деді, Гауһар ризашылығын жасыра алмады. Өзі де шын күлді.
— Шын күлмесем келмес едім,— деді Гүлбаршын. Бұл шын сезге барлығы қайта күлді. Енді олар үйге беттемек болғанда екінші, үшінші машина да келіп тоқтады. Екінші машина ауыл адамдары, Гауһардың қызметтес жолдастары жұбайларымен түсті. Бәрі де жақсы киінген. Тек үшінші машинадан Майра түскен кезде бұлардың киімдері қоңыр төбелденіп қала берді. «Волга» машинаның артқы оң жақ есігі ашылып, одан жез бақай көрінді. Көктемнің шуақты, жанға жайлы әдемі күні соқиған үлкен емес, қораш, тым кішкене емес жіңішкелеу келген аяқты жауып тұрған, бұл өңірде әлі көріне қоймаған, бәрін жездеп, зерлеп тастаған туфлиге әйел біткеннің кезі тегіс қадалды. Әнеугі «кешке жамылатын» деп айтқан қара жамшыны Майра күндіз жамылыпты. Ондағысы алды ашық жамшыдан іштегі адам қарап тұрғандай масаты-мәулім құлпы көйлек еркін көрінсін деген болу керек. Құлпырған қырдың қырмызысындай, әлде қызыл қыршын өскен алаңдай мың құбылған мәулім көйлек менің үстімде болсашы деп, жаулықтының бәрі-ақ қызықты. «Жұрт ішінде сұлу көп, сұқтанғанмен бұйрық жоқ» деген ақын қалай дәл айтқан. Кездерін сүзіп, сұқтарын қадағанымен, сонау пәлен мың шақырымда жатқан хинди жерінің асыл пұлы Гималайдан, Алатаудан асып, қолға оңайлықпен қона қоя ма? «Қоқан қоя ма» деп құсты айтар болар. Ал мына қалпы көйлекте де бақыт құсы тұрғандай еді. Сондықтан да тұрған ұзынетектілерге ол да бір қолға қонбайтын, «кеу, кеу» десең келмейтін ұшып кететін, қысқасы қысқа қолға, ауылдағы күнде майлы-күйелі жүретін қолға тимейтін, тіпті ұстауға ұялатын, сусардың ұлпанынан да жұмсақ, мүнәйім, әлде шұғылың, әлде раушан гүлінен де көрікті, жайдың тасындай қолға түспес нәрсе еді. Майраның өзі де құлпы көйлектің ішінде тоты құстай мың құбылып, бұрылып, бұралып, уатылып-ширатылып көрінді. Етегі шұбатылған масаты-мәулім көйлектің алдыңғы өңірінің өзі бір көрінгенде жігіттер де қарап қалып еді. Ал үстіндегі шыт көйлегімен ғана бұларды қарсы алған Гауһар бәрібір ерекше көрінді. Әлде осылардың бәрін қонаққа шақырып, қойын сойып, қолын қусырып, тайша таласатын құрбыларын талдай иіліп қарсы алғандықтан ба, әйтеуір Гауһар шыт көйлектің ішінде-ақ қалша киіп, қалы төсеніп тұрған еді.
— Хош келдіңдер, терлетіңдер, қадамдарыңа гүл бітсін!— деген әдемі де, әруақты сездер Сырбаз аузынан да, Гауһар лебізінен де ағыл-тегіл кетіп жатыр. Жадырап жайнап түскен Майра бір кезек шатысқан жіптей қабағы бір шытылып барып жөнделді. Сөйтсе кезі артқа таман тұрған Гүлбаршынға түскен екен. Майраның қабағы шытылды дейтін емес, ол езуі жиналмай жігіттермен әдемі-жарасымды, әдептен озбайтын, әлгіден аспайтын қалжыңымен қақтығысып жатыр екен. Бірақ Майра «өтірік күліп келеді» деп Қара кемпір айтқандай емес, сыздаусып, аяғын бір басарға ерініп, керіліп, Сырбаз ұстаған сол қолына салмақ сала қиқаң етіп барып түзелді. Ондағысы денесінің бұралаң етін, былқ еткенін көрсету болатын.
Неге екенін кім біледі, Майра есік алдында сыртта шешінді. Шешінгенде сырттағы жамшысын, басындағы күләсін Сырбазға берді. Мәулім көйлек, жезді-зерлі, көксалданған сандал енді тіпті ашық аспан астында айқын көрінді. Қаладан келген қонақтардың кіргенін күтіп тұрған ауыл келіншектері құлпы көйлектің барлық сымбатын сұрын көріп ішін тартысты. Жалт-жұлт еткен Майра үйге кіріп келе жатты. Нақ осы бір сәтте ауыз үйге бұрын кірген Гүлбаршынның сықылықтап қатты күлген дыбысы естілді. Ол қолына қарайды да күледі, ішін сол қолымен басып алып күледі. Оның жөні былай еді:
Гауһарға болысу үшін келген келіні Бақыт Гүлбаршын қолына бір шүберекті бере тұрып:
— Апа, аяғыңыздың шаңын сүртіңіз,— деді. Сөйтсе Гүлбаршын қолына бергені бағанадан бері жұрт аузын ашып, көзін жұмып таңданып тұрған Майра үстіндегі құлпы көйлектің бір метрлік матасы. Гүлбаршын аяғын тез сүрте салып, сақылықтап күлген күйі қол жуатын бөлмеге кіріп кетті. Бұл шүберек енді Майраға ұсынылды. Оның жүрегі бір шым ете түсті. Бір сұмдық барын сезгендей.
Қызық үлкен бөлмеге, қонақтар отырар бөлмеге кіргенде болды. Енді отыруға келгенде әйелдердің бәрі біріне бірі қарап жымың-жымың етісті. Майраның үстіндегі құлпы көйлекті Гауһардың диваны киіп алыпты. Үш-төрт кісілік күмпілдек диван «қай жеріме отырсаң да мүнәйім, жұп-жұмсақпын» деп тұрғандай. Үсті жайнап, жібек. үстіне қондырылған әсем жапырақ-жапырақ раушан гүлдер көбелек келіп қонатын көркем гүлзардай мың құбылып жайнап кетіпті. Шамасы диван киген-көйлектен қалғанын етік сүртуге қойған болса керек-ті.
Диванға жақындай берген Майра өз көзіне өзі сенбей, оны бір сипап өтті де, түсі қуқылданып, сұрланып, қаны ішіне тартылып кетті. Өзінің парқын енді аңғарып, көйлегінің қарқын енді білгендей. Бұрыштағы бұлғыр айнакүзгі алдына келгенде, ол көзін уқалап алып барып қайта қарады. Кешегі Гаухардың көз алдына тосып, тарс жапқан, музыкалы қобди бұл үйде ардақсыз-құлықсыз, қалай болса солай тұр. Оны біреу ішіндегісін алып қояды деген Гауһар жоқ осы үйдегі көп боқ жаманың бірі сияқты жатыр. Өнер адамының көзі қалайда әдемілікті тез таниды ғой, бұған Гүлбаршын кезі басқалардан бұрын түсті:
— Мына қобдидің әдемісі-ай! Көруге бола ма?— деді ол.
— Көру түгіл ішін ашып, ішіндегісін үлесіп алуға да болады,— деді Гауһар. Майра бұл жаққа қарамай, не отырмай, жүзі қарауытып, адам қарағысыз болып өзгеріп кетті. Гүлбаршын қобдиды ашып қалып еді, ішінен музыка ойнап
жүріп берді. Әлі отырмай бәрі түрегеліп тұр. Бәрі де ол нәзік музыканы тамашалап қалып еді, тыныштықты Гауһардың, назды даусы бұзды:
— Ішіндегі далаптан, қастауыштан, сүрмеден қалағандарыңша алыңдар, агроном далап жақпаса да, еңлік ерітпесе де агроном бола алады. Ха-ха-хи-хи, солай емес пе?
— Құдай бір кенді берді ғой, келіңдер, келіншектер, мынадан алыңдар!— деп күлкісі келіп тұратын, ойнақы Гүлбаршын келіншектерге далаптан да, қастауыштан да бір-бірден ұсынды.— Әй, сенің Сырбазың бар ғой, бәріміздің күйеуімізді жерге отырғызды-ау! Ал, Майра!— деп ол бұрыла беріп таңырқап қалды. Түсі бұзылып кеткен Майра жойқын жеп қойған жылқыдай бүкшиіп, қабағы тыржиып, есікке қарай кетіп барады, бір мәлөлдік, көңілсіздік билеп алғандай. Жайдай иілген қасы қасқа маңдайына қарай ығысын кетіпті. Ол болғандай, әлде үй ыстық болып қапалап кеткендей. Оның үстіне мына күлкіші Гүлбаршынның әрбір аха-хауы оның ойына біз сұғып алып тұрғандай болды. Ол еденді тесіп жібере жаздап, қадаңдап кетті. Есік тарс етті, сүмірейіп артынан бұзау күйеу де жөнелді. Гауһар оған отыр демеді.
...Басқалар ішіп-жеп, ұзақ отырып, ойнап-күліп аттанды. Тек кетерде бәрімен қоштасып тұрған Гүлбаршын тым ойнақы да, тым көңілді де көрінді:
— Бәріне кінәлі осы бір жабулы диван ғой!— деп сықылықтап тұрып күлді...
1988