Шыңғыс хан туралы (ІІ нұсқа)
Ертеде найман тайпасын Қайып деген хан билепті. Ханның Күнсұлу атты қызы болған. Сүйікті де жалғыз қызын хан өзеннің ортасына салынған жүзбелі ағаш үйде, елден жұрттан аулақ ұстаған. Қасында қырық кәнизегі бар. Мерзімді уақытта азық-түлік пен керек-жарақты әтектер жеткізіп тұрады. Ағаш үй төрт бұрышынан темір ілгекпен бекітілген. Жазғы ыстықта су беті салқын да рахат.
Қызының жүзбелі сарайына алты айда бір барып қайтатын ханның әдеті. Сол әдет бойынша бірде өзен үстіндегі сарайға барса, Күнсұлу аузы-мұрнынан шыға екіқабат. Бұлқан-талқан ашуланған әкесіне айтқан қыздың түсіндірмесі мынау:
— Таңертең шығып келе жатқан күнге қарап едім, тұла бойым иіп кетті. Сонан бойыма бала бітті.
Хан бұл сөзге сенбейді. Өлтірейін десе, жалғызы, тағы қимайды. Ақырында ойланып-толғана келе ағаш үйді ілгекпен босатып, кәнизектерімен қоса өзеннің ағысымен ағызып қоя беруге пәрмен етеді.
Сол өзеннің төменгі жағын манғұл елі жайлайды екен. Сол елде Жебе соқыр және Асукей мерген дегендер болыпты. Екеуі де дос, әрі қырағы. Үнемі елдің шетін, жаудың өтін торуылдайды екен. Бір күні қараса, өзен үстімен қарауытқан әлдене зат алыста жайлап ағып келе жатыр. Екі мерген сол арада бәстеседі.
— Осы ағып келе жатқан зат менікі болсын, — дейді Жебе соқыр.
— Ішіндегісі менікі болсын, — дейді Асукей.
Ағаш үй елдің тұсынан өте бергенде жігіттер темір ілгек лақтырып тоқтатады. Уәде бойынша ағаш үй Жебеге бұйырылады да, ішіндегі Күнсұлу қызды Асукей алады. Күнсұлу айы-күні толған соң босанып, алтын айдарлы ұл табады. Бес жасқа дейін оған есім қойылмаған. Өйткені шеше байғұс «өлтіріп тастайды» деп қауіптеніп, өгей әкеге көрсетпей, жасырын ұстаған.
Асукейге келген соң Күнсұлу екі егіз ұл табады. Алғашқы егіздің аттарын Төрегетай, Төргелтай, кейінгі егіздің атта- рын Сарағатай, Сарғалтай қояды. Бұл егіздер туғанда жауырындары жабысып туған. Оташы жауырындарын қылышпен айырған. Мұны естіген бір сұңғыла қарт қатты өкініпті:
— Бәрекелде-ай! Басқа әдіс қолданбай, қылышпен бекер айырған екен. Өздері де, ұрпақтары да қырық пышақ болады-ау, — депті әлгі қарт.
Күндерде бір күн Күнсұлу ойға түседі: «Мына төртеуі бір әкеден. Алтын айдарлым бір әкеден. Ертең ер жеткен соң қастық жасар». Осыны ойлаған қамқор ана алтын айдарлы ұлын жасырын түрде Бұлғыр тау деген сол өзеннің бас жағындағы тауға жөнелтеді.
Мұнан соң арада он бес жыл өткен. Баяғы сұңғыла шалдың айтқаны тура келіп, Асукейдің төрт баласы ұлысты төртке бөліп алады да, өзді-өзі жауласады. Ел бүлінеді. Мұны көрген соң елдің Майқы биі Күнсұлуға келіп баяғы алтын айдарлы баланың қазір қайда екенін сұрайды.
— Елге тұлға боларлық бала — сол. Мына төрт тентек елді сорлатуға айналды, — дейді Майқы би.
Шешесінің айтуынша алтын айдарлы ұл тірі, қазір Бұлғыр тауда. Өзеннің ағысымен күн сайын аршаның бір бұтағын ағызып отырады. Шешесі оның тірі екенін сонан білетін көрінеді. Ұзын сөздің қысқасы Майқы би алтын айдарлы баланы алып келу үшін Бұлғыр тауға аттанады. Кетерінде оған Күнсұлу мойнындағы тер сіңген алқасын береді.
— Осы арқылы ұстамасаңыздар, тағы боп кеткен бала оңайлықпен ұстатпас, — дейді.
Шешесінің айтқаны рас екен. Қасында кілең ақбоз атқа мінген қырық серігі бар алтын айдарлы бала көлденең құрып қойған кермені де, мойынға тасталған бұғалықты да бұйым көрмей быт-шыт қылып өте шығыпты. Өте шыққандағы бәрінің айтқаны: «Шыңғыс, Шыңғыс!»
Жабайы бала дөңнің үстінде жыланша иіріліп жатқан алқаны көрген соң тоқтап, аттан түседі. Алқаны иіскеп, көзінен жас бұршақтап жылайды кеп. Ақбоз атты серіктері мұны тастап, құйындатып кете барады. Жылап тұрған бала жігітті Майқы бидің іріктеп әкелген азаматтары жабылып
ұстайды.
Бала біраз тіл біледі екен. Анасының атын естіген соң онша көп қарсыласпаған. Майқы бидің тобы сол тауда баланы ақ киізге отырғызып, қырық найзамен бастарына үш рет көтеріп, хан сайлайды.
Енді ханның табанын жерге тигізбей апару керек елге. Ертеден келе жатқан рәсім солай. Атқа мінгізсе, ат көтере алмай ды. Жаяу апарудың реті жоқ. Майқы би ойлап-ойлап, ақырында жігіттеріне төбесінде шатыры бар, қос доңғалақты кішкене арба жасатады. Сол арбаға ат жегіп, ханды елге жеткізеді. Сол күннен бастап «Шыңғыс» атандырады.
Шыңғыс есімінің бір мағынасы «шын қыз» деген сөз, яғни анасының әулиелігін, күнәдан тазалығын сипаттайды. Тағы бір рауаятта «шың-құз» деген сөз десіп жүр. Себебі бала он бес жасқа дейін елсіз-күнсіз Бұлғыр тауда шың мен құздың арасында өсті ғой. Шыңғыс хан елге келген соң елді бүлдіріп жүрген төрт өгей ағасының басын алғызады. Сонан соң көршілес руларды жаулап алуға аттанады.