Т. Қожакеев және сатира
Әдебиет деген алып әлемнің қайраткерлері аз емес. Есімі елден бөлек сондайлық дарынды тұлғаларымыздың бірі де бірегейі - Темірбек Қожакеев. Қазақ сатирасының тарихы мен оның жанрлық-көркемдік ерекшеліктерін ғылыми тұрғыдан зерттеп, дамуына тың жол ашқан Т. Қожакеев “Қазақ сатирасы”, “Абай – сатирик”, “Қазақ совет сатириктері”, “Сатира және дәуір”, “Бүгінгі қазақ сатирасының проблемалары”, “Адам. Қоғам. Сатира”, “Сатиралық жанрлар”, “Сатира – күштілер қаруы”, “Сатира негіздері” сынды ауқымды еңбектердің авторы.
Жаңа серпінмен баспадан шыққан сегіз томдық шығармалар жинағын парақтап отырып та, сатира мен юморға арналған зерттеулерді көптеп кездестіруге болады.
Нақтылыққа көшер болсақ, Т. Қожакеев шығармалыры екінші томдығының бірінші тарауы "Сатира, юмор: жалпы ұғым" деп аталады. Бірінші бөлімде "Сатираның қоғамдағы жағымсыз болмыс, құбылыстарды, адам бойындағы ұнамсыз мінез-қылық, әдеп-тәртіптерді әшкерелеп, күлкіге жығу, келемеж ету ниетімен жазылатыны жөнінде әдебиет зерттеушілерінің пікірлері бір аранаға саяды" - дейді автор. Бұл бөлімнің негізгі ойы мынадай: Сатира – алымды да шалымды нәрсе, оның өмір сүру, көрініс табу мүмкіншілігі мол, болмыс-құбылыстарға үңілу, аралас, суреттеу жолдары да әрқилы. Ол қарама-қайшылықтардың бірлігінен туындайды. Поэзиядан – поэма, баллада, лирикалық өлең; драматургиядан – комедия, трагедия, одевель сияқты түрлер тарайды ғой. Сол секілді сатирадан мысал, пародия, памфлет, эпиграмма, шарж, сықақ өлең өрбиді. Байқап отырсақ, дәл бір таныстыру іспетті, яғни, автор аталған бөлімде сатира жайлы жалпы ұғымды ұсынады.
"Сатираға барар жол" атты келесі бөлімде сатира да, юмор да сын құралы, сын мен өзара сынның әдеби түрі делінеді. "Әзіл-қалжың да – юморлық сезімнің жемісі. Алайда, қылжақ күлкі – әлеуметтік мәнсіз күлкі. Ол тапқырлықтан, адалдықтан тумайды" деген автор сөздерінен-ақ бұл жанрдың салмағы мен ой тереңдігін байқауға болады. О. Әубәкіровтың "Шын күлкі – ардай биік шын өнер, Айналайын, жырқ-жырқ етпей шын күле гөр" деген сөзін келтіре келіп Т. Қожакеев әрекет тапқырлығы, пікір тапқырлығы, елес-сурет тапқырлығы тоғысқанда ғана сатира, юмор сапалы шығады деген тұшымды ой айтады.
"Сатираның қоғамдағы қызметі" бөлімінде сатира халық мүддесін, халық мұқтажын тауға тиіс деген негізгі ой көрініс тапқан. Н. А. Добролюбовтың: « Сатира жалпы халықтық кемшіліктер мен азып-тозудың неліктен болып, неліктен дамитынын қаһарлы әшкерелеушісі болуы тиіс" деген пікіріне қоса қаламгер сатиралық бейнелерді жасауда тұрмыстық дәлдік сақталмайды, өмірлік шындық ғана сақталады деген батыл шындықты айтады.
Аталған екінші томның екінші тарауы "Қазақтың ұлттық сатирасы" деп аталады. Мұнда «Қазақтың халық сатирасы», «Абайға дейінгі қазақ сатирасы» тақырыптары ұсынылады.
Үшінші том «Сатира тарихы», «Сатира жанрлары», «Сатираның прозалық шағын жанрлары» деген бөлімдерден құралған.
Автор сатира тарихын кең көлемде баяндай келіп, жанр мәселесі бойынша мол мағлұмат береді. Пародия, эпиграмма, карикатура, шарж, сықақ өлеңдер толық талданып, соңғы бөлімде, фельетон, памфлет, сатиралық әңгіме тақырыбы бойынша зерттеулер жүйелі түрде ұсынылады. "Фельетон – публицистика, көркем әдебиет, сатира мен юмор элементтерін бірдей қамтитын жанр. Фельетон күнделікті өмірдегі кез-келген жағымсыз фактінің негізінде жазылса, памфлет бізге жат бүтін бір қоғамдық құрылысты, тұтас системаны негізге алып жазады" - деп аталған жанрларға анықтама береді Т. Қожакеев.
Төртінші томдықтың бірінші әрі ең ауқымды бөлімінде Т. Қожакеевтің ұлы тұлғаларымыздың сатирасына арнап жазған зерттеулері мен шығармалары жинақталған. Дәлірек айтар болсақ: "Абай – сатирик, Ж. Аймауытовтың туғанына 100 жыл, Майлықожа – сықақшыл ақын, Сүйінбайдың сықақшылдығы, Жамбыл – сатирик, б. Сүлеев, М. Дәулетбаев, Ғабит – күлкі кемеңгері, С.Сейфуллин, А. Сегізбаев, Е. Алдоңғаров, Ж. Тілепбергенов" тақырыптарында. Ал «Ұлы жазушының тың қырлары» атты екінші бөлім асқар шыңдарымыздың заңғар биігі Мұхтар Әуезов сатирасына арналады. "М. Әуезовтің әжуа-мысқылы", "Мұхтар сатира туралы", "Мұқаң мысқыл майталманы", "Мұхтар – сатира зерттеушісі" бөлімдерінде М. Әуезов сатираны дертке қарсы күрес құралы етуге үндегені көрініс табады. "Дархан талант иесі сатира, юмор хақында тұжырымдар түйіп, ақыл айтумен ғана шектелген жоқ, бұл саланың мол мүмкіншілігін, өрнек-айшығын, күлкі кестесін реті келгенде өзі де шебер қолданды, қажетке жаратудың үлгісін көрсетті" - дей келе Т. Қожакеев жазушы еңбегіне жоғары баға береді. «Абай жолы» роман-эпопеясында ұнамсыз кейіпкерлердің берекесіз бейнесін, яғни, образын жасау мақсатында сатираның жиі қолданылғаны қалың оқырманға аян. Сонымен қоса М. Әуезов Абай сатирасының жазылу кезеңдерін, даму соқпақтарын, жанры мен түрін, сынау объектілерін, идея-пафосын алғаш саралаған деген ой толық негізделген.
Аталған кітаптың үшінші бөлімінде теориялық танымдар бейнеленеді. Сатирадағы көркемдік тәсілдер, сатирадағы шынға бергісіз әсірелеу тақырыптары тарқатылады. Ал, бесінші бөлімде «Фельетон қалай жазылады?», «Мысал қалай жазылады?», «Эпиграмма қалай жазылады», «Пародия қалай жазылады» деген тақырптармен ақыл-кеңестер жүйеленген.
Жазылуы да, жауапкершілігі де қиын әдебиеттегі сатира саласының саңлағы Т. Қожакеевтің осы тақырып шеңберіндегі зерттеулерінің ауқымы кең, мәні терең, маңызы жоғары. Ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері Т. Қожакеев артынан алтын із қалдырып, даналықтың өшпес шамын жағып кетті. Ол шам жол іздеген талайларға жөн сілтеп, ізденгенге ілім, қолданғанға тағылымы мол тәжірибе бола бермек.
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті
Журналистика факультетінің 1-курс студенті Мейрбек Баян Мұратбекқызы