
- 28 сәу. 2025 08:53
- 36
Түркістан облысының тұрғындары браконьерлік үшін сотталды
Түркістан облысының тұрғындары браконьерлік үшін сотталды,деп хабарлайды Infohub.kz.
Түркістан облысының төрт тұрғыны Ұлытау облысына жылқыларын іздеуге бару кезінде аңшы мылтықтарымен заңсыз аң аулап, қылмыстық әрекетке барып, 15 киікті өлтіріп, олардың мүйіздерін алып, сатуды жоспарлаған. Браконьерлер мотоциклмен жолға шығып, олар таба алмай қалған жылқылардың орнына сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген киіктерді атып алған. Содан кейін олар өлтірілген киіктердің етін көлікке тиеп алып, мүйіздерін сату мақсатында жинаған.
Жедел іздестіру шаралары барысында «Охотзоопром» қызметкерлері браконьерлерді ұстады. Бұл қылмыс мемлекетке 143 миллион теңгеден астам шығын келтірді. Сот тергеуі барысында сотталушылар өздерінің кінәларын толық мойындап, келтірілген зиянды толық өтеген.
Қаражал қалалық соты қылмыстық істі қарау кезінде сотталушыларды заңсыз аң аулау және киіктерді заңсыз жою бойынша кінәлі деп таныды. Олар ҚР ҚК-нің 337-бабының 4-бөлігі, 339-бабының 2-бөлігі, 2, 5 тармақтары бойынша жауапқа тартылды. Әрқайсысы 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылып, 5 жыл мерзімге аңшылықпен айналысуға тыйым салынды.