
- 03 мау. 2025 23:47
- 31
Түркістандық әжелер Димаштың әніне би билеп, белсенді өмір салтын насихаттады
Түркістан қаласында зейнет жасындағы азаматтардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған үш «Белсенді ұзақ өмір» орталығы жұмыс істеп тұр. Алғашқысы облыс орталығында ашылса, сұранысқа байланысты өткен жылы «Бекзат» және «Отырар» тұрғын алаптарында №1 және №2 филиалдары іске қосылды.
Аталған орталықтарға келуші әжелер бүгінде бос уақыттарын тиімді өткізіп, би мен қолөнерге ден қоюда. ҚР Мәдениет қайраткері, Түркістан қалалық Әйелдер алқасының төрайымы Ұлжан Мұстафаева олардың белсенділігіне дем беріп, Димаш Құдайбергеннің «Тау ішінде» әніне би қоюға бастамашы болды.
Орталықтың мақсаты – ардагерлер мен зейнеткерлердің әлеуметтік белсенділігін арттыру, денсаулығына оң әсер ету және қоғаммен байланысын нығайту. Мұнда зейнеткерлерге әлеуметтік-медициналық, психологиялық, құқықтық және ағартушылық көмек көрсетіледі.
Бүгінде Түркістан қаласында 16 мыңнан астам зейнеткер тұрады. Қарияларға қолайлы жағдай жасалған орталықтар олардың өмірге деген құлшынысын арттырып, белсенді әрі салауатты өмір салтын ұстануға жол ашып отыр.