Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 2 күн бұрын)
Әже

— Қайда барасың?

Әжесініңдауысы зілді шықты. Ешқашан дауыс көтермейтін ол айқайды ауыр зілмен ауыстыра білетін. Ұрлана басып шығып бара жатқан бойжеткен кідіруге мәжбүр болды.

— Кітапханаға.

— Андағы дорбадағы не?

— Кітап.

— Бері әкел.

Немересі қарсылықсыз ақ сөмкесін иығынан сырғытып, кемпірдің алдына тастады. Икемге әрең кенген белін иіп, ол сөмкенің аузын ашты. Шынымен кітаптан өзгееш нәрсе жоқ екен.

— Алтыдан кешікпей кел,— деді ол тарамыс саусақтарымен дорбаны қыздың иығына қайта іліп жатып.

— Бар.Бойжеткен үнсіз шығып кетті. "Бойы сыриып өсіп қалыпты,— деп ойлады кемпір терезенің алдына келіп,— қол-аяғы ұзын, бірақ арық бейшара".

Газда тұрған шәугімді қолымен ұстап көрді. Жылы. Столда тұрған кесеге орталап су құйып алды да, шетте жатқан шүберекті шәугімнің үстіне жаба салды.

— Кебе берсін.

Терезеге қайта бұрылды. Жел соға бастапты. Жаңа ғана ашық аспан кенет күңгірттенген. Дүние әп-сәтте алай-дүлей болып, сол арада жауын сабалай жөнелді.

— Мәссаған,— деді кемпір дауыстап,— әлгі қыз жалаңаш кетті-ау. Аялдамаға да жетіп үлгермеген шығар бейшара. Сормаңдай.

Терезеге қарап тағы кішкене тұрды да, өз бөлмесіне беттеген. Адымдаған сайын жалаңаш табаны еденді сырып өтеді. Үш-төрт аттам дәлізді ұзақ кесті. Бір қолында кесесі, екінші қолымен қабырғаны қармайды. Бөлмесіне жетіп, қолындағы ыдысты столға қойды да, төсекке шықты.

— Жаратқан ием, сақтай көр,— деді есінеп.

Содан кейін қалың ұйқыға кетті.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама