Ақша іздеген бала
Ол дүкеннің алдына қайта келді. Ішінен шетел әуені естіледі. Сатушы қыз дүниеден түңілген кейіппен далаға қарап отыр. Кенет көзі балаға түсті де, жұдырығын түйіп қабағын шытты. Бір сағаттан астам уақыт дүкен маңын төңіректеп жүрген ол сезікті көрінсе керек.
Бала бұрылып көп қабатты үй жаққа беттеді. Жанары жасаурап, дүние тұманданып кеткен. Ақырын байқатпай маңдайын сүрткен болып көзін сипап алды. Есіл-дерті аяғының астында. Ақша іздеп келе жатыр. Егер жиырма теңге тауып алса, әпкесіне телефон шалатынын, егер жүз теңге тапса, ешкімнің көмегінсіз ауылға жететінін білетін. Сондықтан жеңгесінің көзін ала бере көшеге шығып ақша іздейді. Әрине, ақша бар дүниеде оны жоғалтатын адамдар да болады. Ал әлдекімнің жоғалтқан нәрсесін біреу тауып алып жатпай ма. Баланы ақша іздеуге шығарған осы ой. Бірақ арнайы іздеген зат табыла қоюшы ма еді.
Ол екінші қабатқа көтеріліп, қоңырауды баспастан бұрын тың тыңдады. Тыныш тәрізді. Маржанның да, жеңгесінің де дауысы шықпайды. Ұйықтап жатыр ма екен. Ол қызыл түймені басуға оқталған саусағын тарта қойды. "Ұйықтап жатса шатақ болады" деп ойлады ол. Қалқиған кұлағын есікке жапсырып тағы тың тыңдады. Ұрысқанда жер-жебіріңе жететін жеңгесінен қатты қорқатын. Ағасына ауылға апарып тасташы деуге де батылы бармайды. Бөтендігін, әкесінің басқалығын көрсетіп жатыр деп өкпелейтіндей көрінеді. Ол ауылды қатты сағынған, шомылғаннан кейін бірнеше күн балық сасытатын көлін де, жартастан секіруге батпайтын досы Серікті де, әсіресе көмбеге нан пісіріп, бір шөкім болып отыратын мамасын сағынған. "Өзім кінәлімін, — деп күбірледі ол, — Қайдан ғана Алматыдағы ағама барамын деп байбалам шығардым десеңші". Күнде құлақ етін жей берген соң мамасы автобусқа салып әкеліп тастады. Байқұс мамасын жеңгесі бір күн де қондырмай, келген күні қайтарған. "Орын жоқ. Онсыз да ауа тар. Маржанға зиян" деді жеңгесі. Ал ағасы "Онда кешкі автобусқа үлгеріп кет" деген. Мамасы қайтып кетті. Жол бойы армандаған суына да түскен жоқ, туған кезінде бір көріп жете алмай жүрген Маржанды да мауқын басып көтермеді. Баланың көзіне жас үйірілген. Ауылға жетсем енді қайтіп ешқайда кетпеймін деп шешті ол. Бар арманы ағасының қасында жүріп машина жөндегенді үйрену еді. Келгелі жұмысына бір барған жоқ. Ал мамасы "есіл-дерті темір, реті келсе қасыңа алып жүріп көрсетерсің" деген кетерінде. Ағасы ыржиып, басын изеген. Содан кейін ұмытып кетті ме, үнсіз. Есіне салуға тағы ыңғайсызданады, "Әкеміз бөлек болған соң менің қызымды баққысы жоқ" деп өкпелей ме деп қорқады. Ал ол Маржанды жанындай жақсы көреді.
Ағасын, жоқ, аллдымен әпкесін, содан соң Маржанды жақсы көреді. Ал мамам ше деп ойлайды ол. Мамасы есіне түскенде көзі қайта жасаурап, иегі кемсеңдеген. Біреу-міреу көріп қалмасын деп алақанымен жасын сүртіп, мұрнын тартты. Бағаналы бері сүйеніп тұрған тас қабырғадан денесі тітіркеніп кетті. Бірақ әдейілеп жабыса түсті де сырғып барып отырды. Үйдің ішінен дыбыс шықпайды. Бір жаққа кетіп қалды ма екен? "Маржан жыласын" деп ойлады ол. Содан соң кіремін.
Әлде тағы ақша іздеп келсем бе екен деп бір ойлады. Оқтала беріп қайта отырды. Қарны шұрқырап ашып барады. Оның үстіне көзі де қызарып кеткен шығар. Ол демін ішіне тартып тың тындады. Тым-тырыс. Үлкен үйдің ішінен қыбыр еткен дыбыс шықпайды. Көзіне қайта жас тығылды. Манағы дүкенші қыз түсті есіне.
— Телефоныңызбен әпкеме звондап алсам бола ма, қатты керек болып тұр еді, — десе ше.
Көз алдына қабағын қарс түйген сары қыз елестеді.
— Жиырма теңгең бар ма, бала?
Ол орнынан сүйретіліп тұрып далаға беттеген. Ақша іздеу керек. Жиырма теңгесіз ешкім телефонмен сөйлестірмейді.
Ал далада шілденің аптап ыстығы болатын.