tengrinews.kz
- 26 нау. 2026 12:31
- 35
Алматыда жол қауіпсіздігі күшейтілді: 3 күнде 5 мыңнан астам бұзушылық анықталды
Алматы қаласында жол ережесін бұзушылықтар, әсіресе, мас күйде көлік жүргізу және аса қауіпті жылдамдықпен жүру деректері көбейіп кетті. Осыған байланысты полиция жолдардағы бақылауды күшейтіп, арнайы рейдтер ұйымдастырды.
Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Соңғы үш күнде 5 мыңнан астам бұзушылық
Полиция мәліметінше, соңғы үш күнде қалада 5 мыңнан астам жол ережесін бұзу фактісі тіркелген. Оның ішінде 43 жүргізуші мас немесе есірткінің әсерінен көлік басқарған. Олардың барлығы көлік жүргізу құқығынан айырылды. Сондай-ақ, 369 адам қажетті құжатсыз көлік тізгіндегені анықталды. 94 көлік арнайы айыппұл тұрағына қойылды. Жылдамдықты асырудың 2 мыңнан астам жағдайы тіркелді.
Әлеуметтік желідегі "түнгі жарыстар"
Полиция кейбір жүргізушілердің әлеуметтік желілерде ереже бұзушылықтарын көрсетіп, видеоға түсіріп жариялайтынын атап өтті. Ведомство мұндай әрбір жағдай тексеріліп, кінәлілер жауапқа тартылатынын баса айтты.
Сағатына 250 шақырым жылдамдық
Айта кетейік, Аль-Фараби даңғылында бір жүргізуші көлігін сағатына 250 шақырымға дейін үдеткен. Оның тұлғасы анықталып, бірнеше факті бойынша әкімшілік іс қозғалды. Сот шешімімен ол 10 тәулікке қамауға алынды.
Полиция үндеуі
Полиция департаменті қауіпті жүргізу адамдардың өмірі мен денсаулығына қатер төндіретінін еске салды. Жүргізушілерді жол ережелерін қатаң сақтауға және өздері мен айналасындағыларды қауіпке душар етпеуге шақырды.
Аль-Фарабидегі өліммен аяқталған жол апаты
Желі қолданушылары 21 наурызға қараған түні Аль-Фараби даңғылында болған өліммен аяқталған жол апатын қызу талқылауда. Онда Zeekr электромобилі жолдың қарсы бағытына шығып, Mercedes көлігімен соқтығысқан. Mercedes көлігінің жүргізушісі мен екі жолаушысы (22 және 20 жастағы қыздар) оқиға орнында көз жұмды. Zeekr көлігінің жүргізушісі аман қалды.
Қазіргі уақытта полиция бұл істі ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 4-бөлігі бойынша тергеп жатыр. Бұл бап бойынша 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.