Ант немесе суын құлын хикаясы
Боз бие. Суын айғыр. Қара құлын
Жыртатұғын намысқой өз ұлтының жыртысын,
Түгендейтін көзбенен малдарының түр-түсін.
Түрікменнің Жәуміті, Қазекемнің Адайы,
Қатар жайды бір жылы жағалауға жылқысын.
Бұл теңіз ғой екі елді телқоңырдай емізген
Дейтін екі ел бақталас "өздеріңнен неміз кем?!"
Екі байдың жылқысы қатар жатты сол жылы,
Ада атты қолтықта сұғыныңқы теңізге.
Талай бастан ғаламат, адам сенбес өтті іс
Бұл дүниеде жыртылып, жамалғанда көп тігіс.
Бір көріпкел әулие әлгі-әлгі байларға,
"Судан суын шығар кез осы көктем" депті міс.
Жылқыларын жағадан ұзатпады екі Бай
Жағалаудың ну шалғын биыл тіпті отын-ай.
"Суын айғыр шапқаннан туады тек қас тұлпар" ,
Кімнің бағы үстем боп жанар екен, япыр-ай!
Жауапты істің салмағын кім қалады сезіней,
Жылқышылар күзетті кезектесіп көз ілмей.
Суын айғыр шығатын түнді асыға күтті олар,
Төзім болмас сірә да, аңсап күткен төзімдей.
... Қияқтанған Ай сұлу сүттей жарық түн еді
Қабыл болып бір байдың көктен күткен тілегі.
Айта алмаймын оны мен сол байыңыз кім еді /
Суын айғыр күмбірлеп кісінеген сәтінде,
Биелер мен байталдар дүр сілкініп түледі.
Ақ толқындар ақ шулан, ақ көбігін шашады,
Күміс-құйрық, алтын-жал және жібек-шашағы.
Суын айғыр келді де боз биеге артылды...
Бұл кезде ұйықтап кеткен-ді жылқышылар жасағы.
Әлқисса, бұдан кейін аңыз былай дейді. Түрікмен байы ертесіне қасына жасы тоқсанға келген сыншы, әрі сәйіс ақсақалды ертіп қосқа келіпті:
— Иә, біліштерім, суын айғыр жанасты ма? - деп сұрайды сонда сыншы жылқышылардан.
— Көз ілмей күзетудеміз, бірақ суын шығар емес.
— Ұйқы дұшпан болады, біліштерім...
Сыншы осыны айтып, үйірлерді аралауға кіріседі. Балауса көк құрақты күрт-күрт үзіп тұрған боз биенің жанына келіп тоқтайды.
Боз биенің алдына бір, артына бір шығады. Сосын: "Көзден таса қылмаңдар, суын тұлпар осының ішінде" - дейді де, өз жөніне кете береді.
— Боз бие ерекше күтімде болсын, оның амандығына бастарыңмен жауап бересіңдер, - дейді Бай да жылқышыларына.
Бұдан былай судың мөлдірін, әрі тұщысын боз бие ішеді. Жердің отына боз бие жайылды, жемді боз бие жеді, жал-құйрығы жұма сайын таралды, қыста жібек жабу жабылды. Көктем шыға құлындады.
Жылқышылар қосына сыншы мен Бай тағы келді. Боз биенің бауырында мөлдір қара құлын ойнақтап жүр. Жүнінің түгі мақпалша құлпырады.
"Иісі түрікменді ауызына қарататын болашақ дүлділ, ақалтеке тұқымының асыл қанын тағы бір жаңғыртатын осы жануар" - деп тебіренеді сыншы.
Бір жұма өте сыншы тағы келді. Келе боз биенің қасына барды. Мөлдір қара құлын ойнақтап жүр. Бірақ... " Сыншы өз көзіне өзі сенбеді. Өткендегі дүлдүл шығар құлын тәрізді емес. Әлде тоқсан жас көз жанарына кіреуке түсірді ме екен?
— Құлын басқа, тұлпардан айырылыппыз.
— Мүмкін емес, біз құлынды көзден таса етпей бағудамыз.
— Қазақтар келген жоқ па еді?
— Жоқ.
Сыншы атқа мінді де, көршілес қазақ ауылдарына тартты. Жоқ қараған болып, жылқы табандарын аралады. Кенет... көзі бір боз биеге түсті. Өз ауылының боз биесінен айнымайды-ау, айнымайды. Баурында қара мөлдір құлын ойнақ салады. Әр қар басқан сайын қарабауыр, көкбуырылданып түлеп, ең соңында ақ боз айғыр болып арқырағалы тұрған тұлпар құлынды көрді, таныды. Сол. Дәл сол. Япыр-ай, бұл қазақтар қапысын қалай тапқан? Енелеріне қалай телінген?" Мынау біздің түрікмен малы, суын айғырдың тұқымы, іздеген жоғым осы" - деді.
Сыншының бұл сауалын қазақтар келеке қылды.
— Су жылқысы суын ертегіде ғана айтылады. Сізді пері еліктеген болар. Жүріңіз, Бекет әулиеден дұғалық алып берелік. Мойныңа бойтұмар етіп тағып жүр. Ха-ха-ха!
— Жын қаққан болар.
— Алжыған кезде адам сәбидей болады.
— Ха-ха-ха-а-а!
— Отағасы, ол құлын, өзіміздің қолтума бәйге Ақтанкер айғырдың баласы. Көр де тұр, ертең сол атасындай болып шыға келеді.
Сыншының іші удай ашыды. Қазақтар сөзге қонақ берер емес. Маубас жылқышылардың суыңның судан шыққанын да, ақбоз биеге шапқанын да көрмеген, тіпті көз алдындағы құлынды ауыстырып кетуін де сезбеуін қарашы. Өң бе, түс пе? Запыран ойын, көрген-білгенін Байға айтты. Бай орнынан атып тұрып айқай салды.
— Аттан! Шабыңдар қазақтарды, құлынды үйірді айдап әкеліңдер!
Аттанса екі елдің арасы қантөгіс болады. Бір қантөгіс кеше ғана басылған. Сыншы ақсақал Байға кеңес айтты:
— Қантөгіс халқыңа сын. Олармен анттасайық. Антқа шылқыған бай Қожаназардың сұлу, жас тоқалы Ақшолпаннан туған алты жасар оғыланды ұстасын, - делік. Бір құлын үшін қазақтар оған бара қоймас. Малымызды қайырар.
Мұны естіген соң қазақтар да ақиып тұра келді.
— Анттасамыз!
— Құлын өзіміздікі. Өз енесінің бауырында. Бұл не басынғандық.
— Қожаназар байдың асыл тұяғы Қошан баланы антқа ұстаймыз...
Іс насырға шапты. Түрікмендер талабы: "Не қантөгіс, не анттасып, құдай алдында өздерін ақтап алсын" .
Қазақтар уәжі: "Анттассақ анттасамыз" .
Бекет ата байламы
Сұлулардың мықынындай мықыны
Кекіліне татар сәндеп үкіні.
Көшпенділер үшін қымбат бәрінен,
Қас тұлпардың тұқымы.
Көкейімнен көмкерілген сырты жыр,
/ Қатпарларың неткен көп ед нұр – ғұмыр /
Екі елдің намыс - ары боп шықты
Сырты түк-түк,
Қарны жыныс
Бір құлын.
Бір құлынға бола екі ел дауласқан,
Бір құлынға бола екі ел жауласқан.
Сосын қыз ап татуласқан, қайтесің,
Мінездері болса солай, ау бастан.
Жүре алмайсың сонда да елді аңсамай,
Қызықтырмас өзге елдегі сән-сарай.
Сөз асырмау бастан жөнсіз, қайтесің,
Даладағы жазылмаған заң солай.
Күннің нұры күлімдеген - Гүлдікі,
Ләззатын төсектегі - Түндікі.
Дүниеге келмей жатып сынға түскен тағдыры,
Сонда, сонда... Мынау құлын кімдікі?
Бұл адамның көзі жіті, болжампаз ғой санасы,
Бала Мұхамбетті2 де өлтірмек боп іздеу сапты қарашы
Өмір заңы / оққа ілігер қай кезде де дарасы /
Ал осы ғой,
Ал осы ғой,
Ал осы.
Мұндай сәтте үзілген жөн тек мықтының жұлыны,
Сонда ғана кек қайтады шығып ырым-жырымы.
Боз биенің бауырында ойнаған сол құлындай,
Қожаназар - Ақшолпанның оққа ілінбек құлыны.
Бекет-Ата қалың ойда, түйіліңкі қабағы,
Ойлануда күтсе дағы мешіттегі сабағы.
Бір құлын бұл...
Бір құлынның әрі кетсе құны да -
Бір тай-жабағы.
Істің мәнін ақылға сап, безбендеп көр, қарап көр,
Боп тұрғандай қазақ жағы айыпкер де, түрікмен жағы талапкер.
"Жауластырмақ жаушыдан да, бітістірмек елшіден" ,
Жаппар нем, пендеңізге осы тұста қанат бер.
Екі жақты табыстыру, осы істің қиыны,
Қайткенде де шешкен дұрыс ши байланған түйінін.
Ант үстінде мәмлегер болуға Ата бел буды,
Бір Аллаға сыйынып.
Тілек
Анттасу Маңғыстау өңіріндегі атақты 360 әулиенің бірі Қараман атанын басында өтуі тиіс. Қараман-Ата, Қошқар-Ата, Масат-Ата, Шақпақ-Ата... киелі де, қасиетті Аталар мекені болған Маңғыстау өңірінде екі елді бітістірер, не кетістірер тағы бір ұлы жиын болғалы тұр. Тірілердің мынау дүние жалғандағы пақыршылық әрекеттеріне әулие әруағы "өлімде де тыныш жатқызбадың" - деп ертең құмырсқадай қаптаған қалың жұрттың алдында бұлқан-талқан ашуланып, күн көзін жабатын қара бұлт болып түнерсе немесе қара жер топырағын суырып, тойымсыз көздерге тықпалаған дауыл болып соқса... онда екінші жақтың, яғни айыпкер саналатын жақтың бел омыртқасының үзілгені. Қалай болғанда да Ант күні Аруақ көңіліне кіді алмай: "Ұрпақтарым, өз қал-қарекеттеріңді өздерің шешіңдер, бір жабағыға бола, біріңнің жағаңа бірің жармасқандарың не, ол ақылгөйлер жасар іс емес, ұят, ұят" - деп жайма шуақ қабақ танытып, шалдуар балалардың асыққа таласқанына қызыға қараған әкедей болып жатуы керек.
Бекет-Ата Қараман-Атаның басына үш рет келді. Сырт кісі келу-кету сапарын ғана жіпке тізді, бірақ оның әр келісінің сыр-құпиясын аңғара алмады. Оны Бекеттің бір ізі ғана білді.
Әйтеуір үшеуінде де Баба жер асты ғибадатханасында жападан жалғыз ұзақ болды...
Құрбандық
Кесілді үкім ая мейлі, аяма,
Нағыз шындық бермейді ғой бояла.
Шашын жайған жатты Ақшолпан талықсып,
Садақаға ұлын қимақ қай Ана?
Еркін өскен ерке тоқал пәк, салқам,
Талайлардың жүрегіне шоқ, салған.
Қошан бала мінген кезде қара атқа,
Талып жатты, талып жатты Ақшолпан.
Солдыруға кім қияды Гүлді өскен,
/ Дәл осылай біздің қазақ күн кешкен /
Қоштасқанда ағайындар аңырап,
Жымын қақты көзін қысып күндестер.
Шыққаннан соң береді Күн қысқара,
Болған болса Ант басында іс қара.
Екі "құлын" - құрбандыққа шалынбақ,
Тым қатыгез неткен жандар, масқара?!
Аруақ ашу танытпады
Қараман-Ата қауымының басы қаптаған қарақұрым халыққа толы. Жүздері суық, қабақтары қатыңқы, өмірде күлкі дегеннің не екенін білмей өткен жандардай. Екі жақ бір-біріне қара бұлттай төніп тұр. Қылыштар әзірге қынында тұрғанымен, әп-сәтте лыпып, жарқ етуге дайын-ақ. Істің ушыққанын тілеп жүргендер қаншама?
Бірақ адамдардың қабақтары түнеріңкі болғанымен аспандағы алтын күннің қабағы жадыраңқы, жайма шуақ еді. Лып етер жел де жоқ, әншейіндегі аяқ астынан көтеріліп лап салатын тентек құйындардың да қарасы өшкен. Әруақ оқыс мінез танытпады. Екі жақтың ділмарлары жүрелесе отыра қалып, бие сауым мезгіл қызыл тілдің майын тамызып салғыласты. Ортада - кекілін, құйрығын қара матамен түйген қара арғымақ үстінде қара киім киген, бұл фәниге қылдай қиянаты жоқ Қошан сәби. Қара тоқымды, қара бас ердің қасына қара жүген қаңтарылған. Қошан баланың оң қолында кәдімгі етік тігетін, ағаш сапты ілмек қармақты біз. Қара құрмен ноқталанып, қара қазыққа байланған, екі аяқты адамдардың не істегелі жатқанынан еш хабарсыз, даудың басы - қара құлын.
Айтыс шарықтау шегіне жеткен кезде Бекет-Ата Қараман-Ата бейітіне қарап тізерледі де: - Уа, аруақ, қара болсақ қара атты, біз болсақ бізді ат! - деп айқайлады. Осы сәтте Қошанның қолындағы біз ортасынан қақ жарылып, қара ат құлап бара жатты. Оңтайда тұрған бір жігіт Қошанды жерге құлатпай ат үстінен көтеріп алып кетті... Екінші жігіт құлаған қара аттың тамағынан қанжарымен шалып жіберді. Осының бәрі қас-қағым сәтте, ешкім есін жиып үлгере алмайтындай кезде болған еді. Көпшілік қауымның әруақтың құдірет күшіне тәнті болып, құлшылық етуге ғана шамасы жетті.
— Аруақ қара атты ғана атып, татулыққа, бітімшілікке шақырды.
Бір құлынға бола ел ішін ала тайдай бөрліктіргеніміз болмас, Қараман-Ата басында жарықтық Қожаназардың қара арғымағының етінен ауыз тиіп, сорпасын ішіп, бата жасасып, туысқан болып таралық, - деді Бекет-Ата түрікмендерге қолын ұсынып.
Бұл уәжге талапкер жақтың көнбеске лажы қалмады. Сөйтіп Бекет-Ата екі елдің арасында қантөгіс болдырмай, бейбіт татулықты сақтап қалды.
Айтушылар Бекет-Ата үш күн бойы Қараман-Атадан тілдесуді тілек етіпті. Үшінші күні Қараман-Ата әруағымен тілдесіп, жоғарыдағыдай байламға келіскен екен дейді. Ал әлгі суын құлын тұқымы адай жылқыларынан қуса жететін, қашса құтылатын ұзақ жолда шаршау мен шалдығуды білмейтін талай тұлпарларды шығарыпты.