
- 16 шіл. 2025 10:40
- 37
«Asar-Ume» қоры Перизат Қайратқа 200 млн теңге аударған – халықтың сенімі қалай алданды?
Сот процесі барысында белгілі болған деректер қоғамды алаңдатты: «Asar-Ume» қоғамдық бірлестігінің президенті Асхат Нұрмашевтың айтуынша, қор халықтан жиналған 293 млн теңгенің 200 миллионын Перизат Қайрат басқаратын ұйымның шотына аударған. Бұған Перизат Қайраттың өзін Абу-Дабидегі гуманитарлық хабпен байланысы бар деп таныстыруы себеп болған.
— Перизат Қайрат бізден қалған 93 млн теңгені де өзінің жеке шотына аударуды сұрады. Алайда есеп бергеннен кейін біз келісімшарт талаптарының бұзылғанын анықтап, бұл соманы аудармай қою туралы шешім қабылдадық, — деді Асхат Нұрмашев сотта куәлік беру кезінде.
Айта кетейік, Перизат Қайрат басқаратын қорға жалпы 566 млн теңге көлемінде қаражат жиналған. Алайда соның небәрі 7 млн теңгесі ғана Палестинаның Қазақстандағы елшілігінің ресми шотына жіберілген. Қалған қаражаттың қайда жұмсалғаны — тергеу нысанында. Алдын ала мәліметке сәйкес, қаржының басым бөлігі жеке мақсаттарға пайдаланылған.
Бұл оқиға қайырымдылық саласындағы ашықтық пен бақылаудың әлсіздігін тағы бір мәрте көрсетті. Қоғам қайырымдылық қорларының қызметіне қатаң талап қоюды және бақылауды күшейтуді талап етуде.