Елін сүйген, елі сүйген Елбасы
Сабақтың тақырыбы: Елін сүйген, елі сүйген елбасы
Сабақтың мақсаты:
Білімділік: Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н. Ә. Назарбаевтың өмірі мен қызметі жайлы білімдерін одан әрі толықтыру. Студенттердің бойына ұлттық рухты, патриоттық сезімдерді ұялату. Болашақта отанымыз Қазақстанды өркендетуге білімді, білікті адамдар керек екенін аңғарту.
Дамытушылық: Студенттердің сөйлеу мәдениетін, өз ойын ортаға салу дағдыларын жетілдіру.
Тәрбиелік: Рухани - адамгершілікке тәрбиелеу, жалпы адами қасиеттерге ие болатын тұлға қалыптастыру. Еліміздің болашағы жас өспірімдердің Отан алдындағы борышын өтеуге тәрбиелеу.
Жүргізуші: Құрметті студенттер, ұстаздар, кешімізге келген қонақтар! 1991 жылы 1 желтоқсанда алғаш рет Қазақ ССР Президентінің жалпыхалықтық сайлауы өтіп, ол сайлауда Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ел Президенті болып сайланғаны баршамызға мәлім. Яғни, өз тағдырын өзі айқындауға алғашқы қадам жасаған Қазақстан үшін 1 желтоқсан – мемлекеттілік тарихының мерейлі күні саналуға орны лайықты. Жоғары Парламенттің бекітуімен 2012 жылы 1 желтоқсан Қазақстанда алғаш рет – Тұңғыш Президент күні мемлекеттік мереке ретінде аталып өтіп, бұл баршамыз үшін қуанышты оқиға болды. Елбасына деген ел құрметін айрықша айғақтауға арналған бұл мерекенің дәстүрлік іс — шараға айналуға орны бар екенін шынайы сезіммен айтып өтуіміз керек.
Осыған орай, қабылданған Заң мемлекетіміздің азаматтарының отаншылдық рухын арттыра түсетін болады. Тұңғыш Президент күніне орай ұйымдастырылып отырған, «Елін сүйген, елі сүйген елбасы» атты мерекелік шараға қош келдіңіздер!
Күнге беттеп бара жатыр көш жүріп,
Елдің даңқы бар жаһанға естіліп.
Елбасыны құрметтейтін ерекше
Армысыздар, ақ пейілді көпшілік!
Қазақстан Республикасының гимні орындалады.
Жүргізуші: Ұзақ жылдар бойы жүрек қалауымен қоғамның ілгері аяқ басуына өз үлесін қосып, қоғамның игілігі үшін ерікті қызмет еткенде ұпай жинадым деп емес, борышымды өтеп жатырмын деп санайтын, Атырауда қоғамдық тұлғаның ерекше үлгісін көрсетіп, жүрген азамат ағаларымыз ортамызда отыр. Ерекше құрмет көрсетіп қояйық.
Атырау қаласының құрметті азаматы, кәсіптік білім беру үздігі, басқару орындарында қызмет еткен Кушенов Жәукен Қайырлыұлы және Қазақстанның мәдениет қайраткері, үздік өлкетанушы, журналистер одағының мүшесі ардагерлер кеңесінің топ жетекшісі Әміржанов Аманғали Әміржанұлы. Қошемет білдірейік!
Жүргізуші: Тәуелсіз ел болу, тұңғыш президенттің сайлануы, осы тұлғаның арқасында Қазақстанның бүкіл әлемге танылуы, шашылып кеткен қандас бауырларымыздың тарихи Отанына шоғырлана бастауы, Астана қаласының сәулеттене түсуі – бәрі, тәуелсіздігіміздің әр күні емес, әр сағаты жаңалыққа, игі істерге ұласып жатқанының айқын дәлелі.
Сөз кезегі колледжіміздің директоры, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Ниталиев Жанбек Қорғанбайұлына беріледі
Жүргізуші: Нұрсұлтан Назарбаев — мемлекеттігімізді орнатып, оны қалыптастырып, экономикасын реформалау арқылы өзін де, елін де әлемге мойындатқан заманның аса дарынды тұлғасы. Аумалы - төкпелі заманда мың өліп, мың тірілген қазақ үш ғасыр бойы іздеген мұратына да, арманына да Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тұсында жетті.
Билік тізгінін қолына ұстаған жылдардағы Елбасымыздың жарқылдаған келбетін, биік болмысын, кемел дарынын, ел басшысы ретінде көсемдік қасиеттерін бүгінгі ұрпақ біздер жақсы білуіміз керек.
Олай болса тұңғыш Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың өмір жолына арнайы жасалған бейнебаянды тамашалаңыздар.
Атырау көлік және коммуникация колледжі «Газэлектрдәнекерлеуші» мамандығының 2 курс студенті, «Жас толқын - 2019» қалалық байқауының 3 орын иегері Дүйсенбай Айдостың орындауындағы «Туған жер» әнін тамашалаңыздар
Жүргізуші:
Өшпейді ғой, өлмейді ғой ұлы еңбек,
Елің барда мәңгі бақи еленбек.
Ел үшін атырам деп жарық таңды,
Сіңірдің жан аямай көп еңбек,
Елі үшін көтеріп нар жүгін де,
Сенімі нық сезілетін үнінде.
Аты озған дүниедегі дүбірде
Нұрсұлтанмен кім мақтанбас бүгінде?!
Көркем сөз. Оқитын Колледжіміздің «Автокөліктерге қызмет көрсету мамандығының» 1 курс студенті Ілияс Ернар
Автор: Ер Ахмет - Салим
«Елін сүйген, елі сүйген Елбасы»
Арқа сүйеп ақыл - ойдың шыңына,
аңсағаны – ұлтқа шуақ, шұғыла.
Әрбір күні – адамзаттың қамы үшін,
әрбір түнде қамығатын мұңына.
Арқалаумен ауыр жүгін алыптың,
арманы еді жарқын әлем, жарық күн.
Айбынды ұлы ардақты әке Әбіштің –
адастырмас Көшбасшысы халықтың.
Ұлы Дала дарабозы, ұланы
ұшырғанда шарықтаған қыраны.
Ұлы Ғұн мен Сақтан бері сақталып,
ұрпақтарға мұра болған ұраны.
Емірентті еркін сезім шақтары,
елжіретті қазағымды бақ таңы.
Елін сүйген, елі сүйген Елбасы –
егеменді Қазақстанның мақтаны!
Талқысымен тайталасқан тың күші,
Туын тікті Бостандықтың – құнды ісі.
Тумысынан парасатты Президент –
Тәңір берген Тәуелсіздік тұңғышы!
Жүргізуші: Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар, ол Тәуелсіз Қазақстан! Тәуелсіздік барлық Қазақстандықтар үшін аса қасиетті құндылық. Жұмыла отырып, біз тәуелсіз, өркендеген, саяси тұрақты Қазақстанды құрудамыз. «Мен өз халқымды сүйемін, оның мәні бала кезімнен сабыр мен парасатқа баулығанын мақтаныш тұтамын» деді Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев.
Атырау көлік және коммуникация колледжінің «Дәнекерлеу ісінің техник - механигі» мамандығының 1курс студенті, «Жас толқын - 2019» қалалық байқауының арнайы дипломмен марапатталған Тұрағалов Әділдің орындауында «Рухтастар» әні
Жүргізуші: «Мен өз халқымның жолында басымды бәйгеге тіккен адаммын. Маған ары, үшін жанын садаға ететін осындай текті халыққа, мені ұлым деп, перзентім деп төбесіне көтерген халыққа, арғы - бергідегі қазақ баласының бірде - бірінің пешенесіне бұйырмаған бақыты толық қанды, тәуелсіз мемлекет құрудың қасында болу бақытын бұйыртқан халыққа қызмет етуден артық ештеңенің керегі жоқ, осы жолда мен бойымдағы бар қайрат - қабілетімді, білім - білігімді аямай жұмсаймын, қандай да тәуекелге барамын» — деді Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев.
Көрініс: Нұрсұлтан Әбішұлының Николай Григорьевич Давытовпен кездесуі
Жүргізуші:
Бар әлемге шын танылдық міне, біз,
Елін сүйген Елбасы деп білеміз.
Тең аталып Қазақстан — Нұрсұлтан
Нұрсұлтан мен Қазақстан тұр егіз.
Азаттық пен елге қонды тосқан бақ,
Қазақ елін мойындауда дос таңдап.
Елбасының еңбегімен нұрлана
Қазағымның мерейі тұр аспандап.
Елі үшін олжа салып қиырдан,
Ықпаған еш ауыртпалық, қиыннан.
Мерекеңіз құтты болсын көпшілік
Елбасының құрметіне жиылған! – деп келесі сөз кезегін келген қонақтарымызға береміз.
Ән: «Ұлы Дала»
Жүргізуші: Сан ұлттың басын қосып Қазақстан
Бекемдеп саясатын іш пен тыстан
Елбасы, алдын ала болжай біліп,
Сүрінбей аман өттік дағдарыстан
Жыл сайын табыс қоссын табысыңа
Әр қазақ берік болсын намысына
Нұрсұлтан Назарбаев бастай берсін,
Нұрлы жол, Нұрлы заман бағытына
Ән: Көк тудың желбірегені
«Осындай тәуелсіз еліміздің намысын қорғайтын, бүгінімізді ертеңіне жалғайтын, қазақ елінің болашағы үшін жауап беретін ұрпақ сіз бен біз екенімізді ұмытпайық»
Туымыздың тұғыры берік, еліміздің еңсесі биік болсын, Қазақ елі! Тәуелсіз еліміздің іргесі мықты болсын, ағайын!
Қош сау болыңыздар!