Көк қалпақ
Әрине, әркім өз кәсібін жақсы көреді, өз шаруасының ілгері қарай жылжуын қалайды. Мәселен, көшеде кетіп бара жатсаңыз, көгілдір үйшіктегі мұртты етікші жігіт, сөзсіз аяғыңызға қарайды. Сағат шебері қолыңызға қарайды. Ал, ақ халатты шаштараздың көзі басыңызға түседі. Мұны өзіңіз де талай рет аңғарған шығарсыз.
Біздің Қауақбайдың кәсібі анау-мынау емес, пима басатын артелдің бастығы. Өзі тіпті, қажетті-ақ, мекеме, Қаукеңнің күнделікті жұмыс жоспарының барысы жөніндегі анықтама-ақбарияттармен мен мүлде таныс емеспін. Танысуға анау айтқандай аңсарым да ауып отырған жоқ. Мен тек қана о кісінің өз басындағы ақиқат жайттардан азын-аулақ хикая шертпекпін.
Егер сіз, Қауақбайдың креслода отырған кейпін көрсеңіз, со замат өзіңізді бейне бір Шығыс елдерінің бірінде жүргендей сезінесіз. Олай дейтін себебім, Қаукең Будда құдайына ұқсайды. Көкшілденген жұқа ернінің астына жасылкөк насыбайды жымқырып жібергенде, екі беті бұлтиып шыға келеді. Біреумен сөйлесе қалса, сарғыш бет-әлпеті, сарғылт суық көздері былай тұрсын, тіпті, алпамсадай денесінің өзі мүлде қозғалмайды. Ол ол ма, көшеде жүріп бара жатқан күнде де о кісінің қолдары, кеудесі, басы әсте бір қыбыр етпейді. Жарықтықтың отырысы да, жүрісі де темірден құрастырылған автомат-адам сықылды еді...
Қауақбай түні бойы дөңбекшіп, ұйықтай алмай шықты. Оған себеп — құрып кеткір көк қалпақ! Ол алдың күні масайып отырып, қалпағын күйдіріп алған-ды. Ақаңды мықтап сілтеген Қауекеңнің көзіне өз қалпағы күл салғыш ыдыс боп көрінді. Шылымның ұшындағы қып-қызыл от, қалпақтың жиегін оңдырмай күйдірген екен. Көздей тесіктен үш тиындық бақыр әрі-бері кідірмей өтеді.
Ертеңгісін Қаукең қалпағын көтеріп, «Қайыңды» көшесіндегі киім шеберханасына барды. Мұрны сорайған, орта жастағы тігінші мәселенің жөн-жобасын айтты:
— Бұл өте қымбат қалпақ екен. Мерзімсіз күйгені — аянышты-ақ! Сізге түскен ауыртпалықты сезініп отырмын, бауырым. Бірақ, амал нешік? Бұған түстес бізде материал жоқ. Болған күнде де, жамап-жасқаудың өзі өте қиын жұмыс. Үлкен шеберлікті керек етеді...
Қоңқақ мұрын тігінші жерге сүзіле қарап, аз сәттік кідірістен соң көзін ажырайтып, саусағын шошайтты:
— Таптым, таптым!.. Сіз бар ғой, былай етіңіз; Сіз Михай Михаичке барыңыз. Ол кісі асқан тігінші... Қалпағыңызға түстес материал бәлкім, со кісіден табылып та қалар... Ал, жолыңыз болсын!..
Қоңқақ мұрынның меңзеуімен Қаукең жүріп отырып, «Алмалық» көшесіндегі тағы бір шеберханаға келді.
Михай Михаич сұқ саусағын қалпақтың тесігіне өткізіп, оны зыр-зыр айналдырып жібергенде, қалпақ еденге ұшып түсті.
— Сіз неге менің бас киімімді қорлайсыз? — деп Қаукең шап ете қалды.
Михай Михаич қалпақты еңкейіп еденнен алды да, иесіне қайырып берді.
— Кешіріңіз! Абайсызда...
— Тігуге келе ме, қалай?
— Темірден басқасының бәрін де тігуге болады ғой, бірақ... сіздің мына қалпағыңыз тігуге ыңғайсыз...
— Сөйтіп, су жаңа киімді босқа тастамақпын ба?
— Неге? Кәдеге асыруға да болады.
— Қайтіп?
— Мәселен, менің мұндай қалпағым болса, мен оны әдемілеп қайшымен қиып, аяғым тоңбау үшін бәтеңкеме ұлтарақ қып салған болар едім. Немесе жүзімнің нәрі құйылған бөшкеге тығын жасар едім. Шынымен қалпағым кәдеге ассын десеңіз, оны ескі корзинканың ішіне салып, тауыққа жұмыртқа бастыруға да болады.
Қатты қорланған Қаукең пәтеріне келіп жатып алды. «Ой, сорлы басым-ай, су мұрын тігіншілерге де күлкі болдым-ау!.. Қайран көк қалпақ... Есіл ақшам-ай!.. Пай, пай, пай!»..
Қаукеңнің күннен-күнге жүдей бастағанын сезген көрші-төңірек оны мүсіркей бастады. Әрқайсысы өз пікірін айтып жатты.
Он бірінші пәтерде тұратын Митыңбай деген артист былай деп кеңес берді оған:
— Ай, Қаукесі-ай, арзымайтын нәрсеге күйіп-пісесіз-ау! Бостан-бос осыншама әбіржуге бола ма? Кәдеге аспайтын зат екен, шарбақтың ар жағына лақтырып тастай салыңыз... Қалпақ түгіл адам да өледі емес пе?! Қайтесіз, құр бекер күйзеліп, арып-тозып?.. Жан аман болса қалпақ көп қой.
Ал, он екінші пәтерде тұратын экономист Сыйқымбай мүлде басқаша пікір айтты:
— Жоқ, Митеке, қателесесіз. Бұл ақшаға сатып алынған зат. Көздей тесік үшін жап-жаңа қалпақты лақтырып тастауға болмайды. Әжетке жарата білу керек. Гәп, міне осында жатыр!..
Манадан бері сүмпиіп тұрған Қауақбай сөзге араласты.
— Сыйқаңның сөзінің жаны бар. Кәдеге асыру керек. Бірақ қалайша?
Сыйқымбай көк қалпақты қолына алып, біраз ойға шомды. Кенет миығынан күліп, бет-әлпеті ажарлана түсті.
— Таптым, Қауке! Ақыл — бізден, жартыбай — сізден. Біз бұдан «құдайски» телпек жасаймыз. Кәдімгі түріктердің бас киімі ше?! Біле білсеңіз, бұл күндерде телпек — соңғы мода! Керек десең әркімдер-ақ киіп жүр...
Саспаңыз, ол үшін мына қалпақтың жиегін айналдыра кесіп тастау керек... Кәне, қайшыңызды әкеліңіз...
Дендері сау, зіңгіттей үш еркек апыр-топыр жұмысқа кірісіп кетті. Көк қалпақтың айнала жиегі қайшымен қиылып, бастықтың ожыр-бұжыр басына да барып қонжиды. Қаукең әп-сәтте жымпиып шыға келді.
Келесі күні Қаукең айна алдында ұзақ сыланып-сипанып, үлкен күрең портфелін қолына алып, көшеге шықты.
Алғаш кигендіктен, басындағы телпегінен қымсынып келеді. Өзінің телпегіне ұқсас телпек бар ма деген оймен, ол ерсілі-қарсылы жүрген жұрттың басына қарайды. Бұл жаңалықты ашқан мен дегендей, Қаукең аяғын нығарлай басады.
Қаукеңнің телпегіне ұқсас телпек, өз мекемесінен екінші күні табылды. Өзінің орынбасары Жәмпеңбай қызметке телпек киіп келді. Сонан соң бұл бастаманы сол мекеменің есепшісі — Ләппай, тіпті, қойма күзетшісі Шегірткин де қуаттай түсті. Олардың басында да бір-бір телпек жарбиып тұрды.
Әр күні жұмыс аяғында осы бір үлкен жасыл есіктен шыққан өңшең телпекбайларды көрген жұрт, Қаукеңнің мекемесін мұсылмандар мешіті ме деп ойлап та жүрді.
Күндердің күнінде Қауақбай қызметінен босатылды. Соның ізінше көкшіл, қоңыр, сұрқай телпектер де біртіндеп жоғала бастады...