
Фото: freepik.com
- 25 там. 2025 14:09
- 16
Көкшетауда марафонға қатысқан әйел қайтыс болды
Көкшетауда марафонға қатысқан әйел қайтыс болды
Көкшетауда жартылай марафон кезінде өзін жайсыз сезінген әйел көз жұмды, деп хабарлайды Infohub.kz.
Ақпарат агенттігінің Ақмола облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметінің хабарлауынша, 23 тамыз күні «Көкшетау шамдары» атты жартылай марафон өткен.
Марафон кезінде 35 жастағы әйелдің жағдайы күрт нашарлаған. Ол бес шақырымдық қашықтықты жүгіріп келе жатқан. Жедел жәрдем келгенше әйелге алғашқы көмек көрсетілген.
Жедел жәрдем бригадасы келген соң әйелдің талмасы ұстап, жүрек соғысы тоқтап қалған. Оған шұғыл көмек көрсетіліп, көпбейінді облыстық ауруханаға жеткізілген.
Ауруханада да жүрек соғысы қайта тоқтап, науқас жансақтау бөліміне жатқызылған. 24 тамыз күні таңғы сағат 05:45-те әйелдің биологиялық өлімі тіркелген.
Медицина қызметкерлерінің айтуынша, оның өлімінің нақты себебі сот-медициналық сараптамадан кейін белгілі болады екен.
«Марафонға тіркелу кезінде барлық қатысушы өздерінің жарысқа физикалық тұрғыдан дайын екенін және денсаулығына толық жауапты екенін растайтын қолхатқа қол қояды. Бұл – әлемдік тәжірибеде осындай марафондарда қабылданған талап. Марафон басталған күні үш нүктеде медициналық қызметкерлер алғашқы көмек көрсетуге дайын тұрды. Жүгіру бағыттары полиция және жедел жәрдем қызметімен алдын ала мұқият пысықталды», деп толықтырды басқарма өкілдері.
Ақмола облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі әйелдің өліміне байланысты қылмыстық іс қозғалғанын және тергеу жүріп жатқанын хабарлады.