- 26 қаз. 2020 00:00
- 202
Майлыаяқ
Торы биенің көзінің біреуі сонаның көзіндей аппақ, екіншісі мөлдіреген қоңыр. Жұрт оны шағыр бие дейді. Шағыр биенің бір жаман мінезі – үнемі ауа жайылып, дара жүреді.
Қазір де пүліштей жылтыр сауырына қонған шіркейді құйрығымен қағып, жайылымға беттеді. Жанында жас құлыны жүр. Құлыншақтың жібек жалын жел үрлейді. Үлпілдеген кішкене құйрығын сермелейді. Ойнақтап, айнала шабады.
Шағыр бие дағдысынша тоғайға қарай тартты. Соңынан Майлыаяқ ере кетті. Майлыаяқ – шықшытты, кеуделі, үлкен ақ төбет. Өткір сары көздерін құлынды биеден айырмайды. Кездескен тай-саяқты қуып тастайды да, тілін салақтатып жата кетеді. Аспан ашық, сұйық ақ бұлттар ғана қозғалмай тұр. Құлынды жақсы көріп, жарысып ойнамақ еді, шағыр бие құлақтарын жымитып тап берген соң алыстап кетті. Тақым жүнін тістелеп, өткір азуларын сақ-сақ еткізді. Жылтыр тұмсығын көтеріп, алыстағы ауылға қарады. Нұржанды сағынған, кеудесіне секіріп еркелегісі келеді. Ол барда көңілсіз болмайды. Шағырды көз жазбай күзетуге үйреткен сол. Бірақ тапал сары баланың пионер лагеріне кеткенін қайдан білсін. Қарны ашқан соң ауылға жорта жөнелді.
Шағыр бие тоғай арасына кірді. Сылдырап бұлақ ағып жатыр. Іңір болыпты. Ай сәулесі су бетінде ойнайды. Айнала тып-тыныш. Төменде жар астында қатты ағынның сарыны естіледі. Кәрі үйеңкінің түбіне келіп, ұзақ үйкеленді де, құламадан қанып су ішіп, қайта жайылды. Құлын көсіліп ұйықтауға жатты. Үстінде боз шіркейлер ызыңдайды. Енесі де көзінен сорасы ағып қалғып кетті.
Бие басын көтеріп алғанда, алдында үлкен көк ит тұр еді. Осқырынып қарады, құлақтарын қайшылап, жер тарпыды. Көк ит бір жатып, бір тұрып еркелейді. Бетегеден биік, жусаннан аласа болып жақындай түсті. Бие тынышталып, жерге бас қойды. Құлыншақ керіліп итке қарай бірер аттағанда тұра атылып, іліктіре алмады. Құлыншақ енесінің бауырына тығылды. Бие тарпып жіберді.
Бұл – кәдімгі қасқыр еді. Шағыр айнала қуалады, қара терге түсті. Қасқыр аш екен. Қалайда құлынды жеп кеткісі келді. Ай бұлтқа жасырынып, айнала қараңғыланып кетті. Қасқыр тілегіне жететін болды. Осы кезде ағаш арасынан шыға келген Майлыаяқ қасқырға тұра ұмтылды. Жыртқыш бассауғалап қаша жөнелді. Майлыаяқтың ызалы үні тоғай арасында ұзап бара жатты. Шағыр бие құлынын емізіп, иіскелеп тұр. Көптен соң үсті-басы қан-қан болып, құлағы жырылған Майлыаяқ келді. Құйрығын бұлғап, қыңсылай берді. Кетіп қалғанына кешірім сұрағаны еді. Бие пысқырынып қойып алаңсыз жайылымға кірісті.
Майлыаяқ жарасын жалап алып, айнала шапты, секірді.