- 26 қаз. 2020 00:00
- 288
Қызыл галстук
Ермек пен Елдос аулаға шықты. Оқудан келген беттері. Екеуі неден бастауды ойлап отыр. Бидайлы даланы қақ жарған үлкен жолдың бойы ерсілі-қарсылы жүйткіген машиналар. Көшені бойлап үлкен жүк машина жүйткіп өтті.
— Әлгі әскерлердің машинасы болды ғой, әскери адам жүргізіп барады, — деп үн қатты Ермек. Елдос үндемеді. Ол әкесінің жанына отырып, комбайнмен егін орғандарын көз алдына келтіріп тұр еді.
— Әй, Елдос, әлгі машина тұрып қалды! — деп Ермек абыржып айғайға басты.
Екі бала шарбақтың үстіне шықты. Сұр киімді арықша келген әскери адам мотордың жабуын көтеріп қарады, біраз айналшықтап жүріп алды.
— Жүр, Ермек, барып көрейік.
— Жүр.
Екеуі шапқылап жетіп келді. Бұл кезде жүргізуші дәу машинаның астына кіріп, бірдеңелерді бұрап жатқан. Әскери адам тұрып үстін қақты да:
— Жігіттер, сендер қайдан келе қалдыңдар? — деп сұрады.
— Ауылдан.
— Сендерге тапсырма берсем, орындар ма едіңдер?
— Орындаймыз, — деп екі бала қабаттаса үн қатты. Жүргізуші қойын дәптерін тізесіне қойып, бірдеңелерді жазды да:
— Осыны кеңседегі біздің бастыққа беріңдер, жарай ма?— деді.
Ермек қағазды алып, жүгіре жөнелмек еді:
— Тоқтай тұр, мұны жауынгерлік тапсырма дейді. Сондықтан біріңді командир етіп тағайындаймын, командир мына бала болсын! — деп, кішірек бойлы Елдосты көрсетті. — Оның айтқанын екі етпей орындауың керек.
Екі бала қайыра жүгіріп жетті. Ентігіп тұрып тапсырманы орындағандарын мәлімдеді. Өтініш бойынша жеткен көшпелі шеберхана бұзылған көлікті әп-сәтте жөндеп берді.
— Рақмет, балақайлар! — деп әскери адам жүруге бет алды. Ермектің бірдеңе айтқысы келіп тұрғанын іштей сезіп:
— Айта ғой, балақай! — деді сәл күлімсіреп.
— Командирлікке мені емес, Елдості сайлағаныңыз не? — деп сұрады бала.
— Елдостың мойнында қызыл галстук бар екен, сондай бала ғана командир болуға лайық, — деп жауап қатты әскери адам.
Ермек ойланып қалды.