
- 11 мау. 2025 16:02
- 30
Мединскийдің тарихи уәжіне Батыс күмәнмен қарайды
Ресей мен Украина арасындағы қақтығыстың ушығуына байланысты халықаралық аренада пікірталастар толастамай тұр. Жақында НАТО-ның Бас хатшысы Марк Рютте Ресей тарапының шынайы бейбіт келіссөзге дайын емес екенін қатаң сынға алды. Оның айтуынша, қазіргі жағдайды шешу үшін ресми Мәскеудің нақты саяси ерік-жігері қажет.
"Ыстамбұлдағы келіссөздерге қатысқан тарихшы емес, бұл соғысты бастаған Путиннің өзі бейбіт шешімге келуге тиіс. Ал сол тарихшы кісі болса, XII ғасырды айтумен шектеліп жүр. Бізге тарихи шолу емес, жауапкершілік пен әрекет қажет", – деді Рютте мәлімдемесінде.
Алайда Ресей делегациясын басқарған Владимир Мединский бұл пікірге жауапсыз қалмады. Ол: "Батыс басшылары тарихты түсінбейді. НАТО Бас хатшысына тарих оқулығын жолдауға болады – XII ғасырда Украина деген мемлекет болмағанын білсін", – деп кесіп айтты.
Сонымен қатар, америкалық The Wall Street Journal басылымына берген сұхбатында Мединский бұл соғысты "ағайын халықтардың өзара қақтығысы" деп сипаттап, дипломатиялық тілмен сөйлегендей болды. Алайда артынша Украина келісімге келмесе, жаңа аумақтық шығынға ұшырайтынын ескертті. Бұл мәлімдеме халықаралық қауымдастық тарапынан ескерту мен қысым жасау ретінде бағаланып отыр.
Сарапшылардың айтуынша, мұндай қайшылықты мәлімдемелер Ресей тарапының бейбіт келіссөздерге шынайы ниетпен емес, саяси ойын аясында қарап отырғанын көрсетеді.