
- 18 мау. 2025 11:57
- 22
Министр екі аяғынан айырылған қыз балаға қандай жәрдемақы берілетінін айтты
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова екі аяғынан айырылған Алуа есімді қыз балаға мемлекет тарапынан қандай көмек көрсетілетінін мәлімдеді.
Министрдің сөзінше, бірінші топтағы мүгедектігі үшін тағайындалатын жәрдемақы көлемі 100 мың теңгеден асады. Ал қыздың анасына, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырғаны үшін 78 мың теңге көлемінде ай сайынғы төлем қарастырылған. Сонымен қатар, анасы көпбалалы отбасы ретінде қосымша әлеуметтік жәрдемақылар алып отыр.
«Оның анасымен тікелей сөйлестік. Қызды протездеу, оңалту қызметтері — барлығы мемлекет есебінен жүргізіледі. Егіндікөл аудандық емханасында тіркелген қыз балаға арнайы жеке оңалту бағдарламасы әзірленеді», — деді министр Мәжіліс кулуарында тілшілерге берген сұхбатында.
Светлана Жақыпованың айтуынша, қазіргі таңда министрлік тиісті нормативтік актілерге өзгерістер енгізіп жатыр.
«Алуадағыдай ампутация жағдайларында өмір бойына мүгедектігін растау қажеттілігін жоятын бап қосылуда. Бұл адамға қайта-қайта комиссиядан өтуге мәжбүр болмауы үшін жасалып отыр», — деді ведомство басшысы.