Мұнаралар алыстан көрінеді
Күздің қоңырқай бұлттарында бір тыным жоқ. Ертеңгілік азын-аулақ сіркіреп өтіп еді. Енді оған місе тұтпай, жабағы жүндей іркісін-іркісін боп, аласапыран күйге түсіп жүргені. Түйенің артына мінгескен балаң жігіттің ішкі дүниесі де сонау бұлттардай астаң-кестең. Қараторы өңі қуқылданып, онсыз да қалыңдау қабағы түнеріп отыр. Өткір қара көздерін сығырайтып бір нүктеге қадаған күйі үн-түнсіз келеді. Үстіндегі көнетоз қоңыр бешпетінің омырауы ағытулы. Ақсары өңді, қою қара мұртты кісі Жолдастардың жамағайыны еді. Сонау Ойыл бойында, Қарабауда малшы болатын. Жолдастың үйімен ылғи іргелес отырады. Түнде келіп, жатақханадан Жолдасты тауып алды. Өзі көп сөзді білмейтін, томырықтау кісі-тін.
— Қарағым, ауылға барамыз. Көкең... — дегенде, үйқыдан жаңа оянып,іш көйлекшең дәлізге шығып түрған Жолдастың төбесінен біреу суық су құйып жібергендей, тұншығып кетті. Жылаған да, не болды, қалай болды деп сұраған да жоқ. Тек ішке кірді де темір кереуетіне құлай кеткен. Түнімен көрер таңды көзімен атқызды. Әкесі жоқ дегенге сенгісі келген жоқ. Оның кескін-кейпін көз алдына елестетеді. Аңқылдаған бала мінезін есіне алады. Жолдас көкесінің бір нәрсеге кейіп, күйіп-піскенін, не үй-ішіне ақырып-жекіріп ашу шақырғанын көрген емес. Әлдекімге іренжи қалса:
— Әй... — дейді де, күрең төбеліне мініп, өрістегі қойға тартып отырады. Бар ашуланғаны сол ғана. Жолдастың ойын әлгі кісі бөліп жіберді.
— Жолдасжан, қабырғаңды қайыстырып, уайымға беріле берме.Шешең болса, қартайып келеді, қарындасың жас...
Жас жігіттен жауап күткендей, іркіліп қалды. Жігіт үндемеген соң, одан әрі жалғастыра берді.
— Тоғжан марқұм малмен көзін ашып еді. Құдайдан бала тілегенде, артымда тұяқ қалсын, мен бастаған істі жалғастырушы болсын деп тілейді. Шырағым, оқуың не оқу еді өзі?
— Бұрғышының көмекшісін даярлайтын училище.
— Бұрғышысы несі, әлгі жер қазып май іздейтін бе?
Жігіт ләм-мим деп тіл қатпады. Әлгі кісі шырт еткізіп бір түкіріп тастап, «мына күн жауайын деп тұр-ау осы» деп күңк етті де, қолындағы төрт өрме қамшысын көтере түсті.
...Жолдас ауылда бір жеті болды. Колхоздың қойын тапсырып, қарындасы Дәріш пен анасын Миялыға көшіріп апарды. Бірер қара-құраға пішен түсіріп берді.
Доссордағы қолөнер училищесінің соңғы курсында оқитын Жолдас Тоғжанов училищеге кері келгенде едәуір егде тартқан, жасамыс адамдай боп көрінді жолдастарына...
***
Самолет іші ысып кеткен тәрізді болды. Бағана үшар жерде бойы тоңазыған Жолдас сырт киімшең отыра қалып еді. Көзі ілініп кетіпті. Моторға жақын отырғандықтан ба, екі құлағы шыңылдап, бойы дел-сал тартып қалған екен. Кәрі Ембі мен Маңқыстау даласын көп шарлағаны болмаса, мұндай ұзақ жолға шығып көрген емес-ті. Әсем Алматыны да, асқақ Алатауды да көріп қайтты. Маңқыстауға айда-жылда жететін, онда да қолға кейде тиіп, кейде тимейтін атақты алмасын да көрді. Тіпті базарға әдейі іздеп барып, сатып алды. Өткенде Алматыға жүргелі жатқанда, жолдас-жоралары мұны ұзатқан қыздай шығарып салған-ды.
— Көрген-білгеніңді айтып, қол қусырып келмей, алма ала кел бізге, деп әзілдеген Жеміс деген келіншек. Күйеуі Жолдаспен бірге істейді, әрі құрдас еді.
— Сенің тойың көп! Көмекшіден бұрғышы, одан мастер болдың. Ленин орденін алдың. Сен шығынсынсаң, біз-ақ жасайық, бір тойға әліміз келеді, — деп қалған құрдастары. Сол жігіттердің арқасы ғой бәріде, деп ойлады ол жолдастарын есіне алып. Көпшілігі о бастан даланың ыссы-суығын Жолдаспен бірге көргендер. Төлес, Қарсақ, Қосшағыл, Мұнайлы... Әйтеуір Ембіде жаңадан бой көтерген кәсіпшілік болса, солардың көбісін ашуға қатынасты-ау. Онда Жолдас бұрғышының көмекшісі, бар болғаны он сегіз жаста болатын. Одан Маңқыстау дүбірі шықты. Бригаданың бірқатар мүшелері:
— Қой, осы Ембінің мұнайы да жетеді қалған жасыма, — деп қалып қойды. Социалистік Еңбек Ері Салық Рысқалиев бастаған бригада мүшелерінің ішінде Жолдас та бар еді. Бұлар бірінші болып Маңқыстауға аттанды. Алғаш Түбежікке, кейін Қызанға бүрғы қадады. Бәрі де тіршілік белгісін сездірмей, міз бақпады.
Алып мұнараларды монтаждаудың өзі қанша күндік еңбек! Бірде бұрғы тереңдікке жеткенде, долотоны ауыстыру қажет болды. Ең қиын да күш сынайтын да осы трубаларды көтеріп-түсіру кезеңі. Оның ішінде көмекші бұрғышылар үшін тіпті қиын. Әсіресе қақаған аязда ше! 2000 метрге кеткен трубалар таусылып болсын ба... Әбден қалжырап кеткен Жолдас трубадан қолы шығып кетіп, құлап түсті. Екінші көмекші келіп үлгермегенде, темірдің астында қалары сөзсіз еді.
— Бала, қалай, бағана құлап жатқанда ғой «әй, Миялыда қой бағып-ақ жүре бермей, не жыным бар еді осында келіп!» деп тым болмаса бір ойлаған шығарсың, ә? — деп күліп әзілдеген еді мастер. Сондағы атжақты ашаңдау келген қапсағай қара жігітті бір кезде бұрғылау шебері атанады деп ешкім де ойламап еді.
Содан бергі өткен жылдардың көбісі-ақ көші-қонмен өтті. Маңқыстау аймағында бұрғы қадамаған жер де қалмады-ау өзі... Түбежік, Қызаң, Жетібай, Шыгыс Жетібай, Қарамандыбас, Тасболат... Бұл маңда қаймағына қол салынбай жатқан тек Үстірт болар. Оған да құрық салынар күн қашық болмас...
Жолдас өткен-кеткен өмір белестерін еске алып, ой құшағында отыр еді. Жанындағы жолаушылардың дабырынан селк етті. Самолет өкшесі жерге тиген екен. Жалма-жан терезеге үңілді.
Шевченконың самала үйлері көрінді. Самолеттен түсіп жатып, аэровокзалдың алдындағы күтушілердің арасынан Оңғар мен Сабырбайды көзі шалып қалды.
— Әй, жетіп келген екенсіңдер ғой сендер де! Қайдан ғана біліп қалды екен! — деп іштей қуанып кетті. Күлкі ойнаған жүзінен іштегі шаттық шалқары сезіліп түр еді.
***
Ол тасыр-тұсыр дыбыстан шошып оянды. Вагонетканың есігі ашылып кеткен екен. Жел азынап, аяқ жақтағы стол үстінен кітап-қағаздарды ұшырып жатыр. Жалма-жан жастығының астынан сіріңкесін тауып алды. Темір есіктің ілгішін салды да, орнына келіп әрі-бері отырды. Жаулыбай ұйықтап жатыр екен. «ұйқысы сергек еді, мына тарсылға оянбағаны қатты шаршағаны ғой», — деп ойлады Жолдас. Соңғы екі күнгі әбігердің өзі шынында да жігіттерді біраз сынға салып еді. Алғашқы скважинаның сәтсіздікке ұшырауы Жолдасқа да біраз батты. Оның үстіне участок бастығы болып тағайындалғаны жаңадан ғана. Бәрі сол бұрғылауға қажетті ерітіндінің жетіспей қалғандығынан болды. Сол күні жігіттер өткен-кеткен талай оқиғаларды еске алысқан. Жолдас осының бәрін ойша елестетіп, ұйқысы келмесе де, көзін жұмған күйі біраз жатты. Үйге бармағалы да айға жуықтап қалды. Әсіресе, кішкене ерке қызы Бұрышты қатты сағынып жүр. Кішкене қызын есіне алғанда, ол сәт күлімсіреп қойды. Бұрын жұмысқа ауылдан барып жүрген кезде, ылғи кешқұрым вахтадан келетін автобусты бағып жүргені.
— Ура! Папа келе жатыр! — деп бұлталаңдай жүгіреді кеп сосын...
— Қызынды жұмысқа өзіңмен бірге алып-ақ кетші. Қыз бала деген анасына жақын болады деуші еді. Бұның менімен ісі жоқ, — деп келіншегі Атжетпес күлетін. Өткенде Жолдас Үстіртке баратын болғасын:
— Мен бұл жерде қалып не бітірем. Көшіп барайық, далада қалай жүресің ақүйлі болып, — деп еді Атжетпес. Оның да реті келмеді. Қыс іші, әрі мына темір вагонның ішінде кішкене сәби түгілі, дыңдай жігіттер де шақ шыдап жүр. Еңбектері жанып май шықса жақсы, ал шықпаған күнде тағы көшу ғой. Осы ойларды айтып:
— Балаларды жылы орыннан қозғап қайтесің, біз күнелтеміз ғой, — деген Жолдас. Мұнысы ақыл бопты. Әшейінде қыс дегеннің не екенін білмейді десетін Үстіртте бұлар келуі-ақ мұң екен, ақ боран соқты да кетті. Екі күн ауыз су болмай қалып, біраз тарықтырды. Сушы машиналар бораннан жете алмай, «шегіртке» самолеттің бидонмен әкелген суын бөліп ішісті. Сондайда бала-шаға болса, не күй болмақ...
Ұйқысы әбден ашылған Жолдастың ойы тағы да сол скважина жайына оралды. Есіне өткен жолғы экспедиция бастығының кабинетіндегі әңгіме түсті.
— Жолдас, саған жігіттер үлкен сенім көрсетіп отыр. Үстірттегі «Кансу» участогының бастығына көпшілік сені қалайды. Жас та болсаң, біраз тәжірибең бар. Осы мұнара мен бұрғының соңында көзін ашқандардың бірі өзіңсің. Жұрт сеніміне қарсы болмассың? — деген еді. Не керек, ұят болды енді. Жігіттердің еңбегін айтсайшы. Маңқыстау даласын кезген он екі жылда алғаш кездескен сәтсіздік осы болар. Он екі жыл... Күні кеше сияқты еді...
Жолдас тұрып, «Беломорын» тұтатты. Вагонетканың кішкене терезесіне үңілді. Таң атып келеді екен. Жел саябырлайын депті. Кансудың жарқабақ беті керіліп жатыр. Оның арқа бетінде алып мұнара көрінеді. Бұл — кеше ғана монтаждалып біткен СССР Жоғарғы Советінің депутаты Сүйеген Салмановтың скважинасы. Таудың бергі етегіндегі үлкен сордың дәл ортасында үш жерде қаздиып «Үш батыр» тұр. Неге екенін кім білген, сор ортасындағы қолдан әдейілеп жасағандай осынау үш биік шоқалды осылай атапты. «Қанша құпия сырлар жатыр екен бұл маңда» деп ойлады Жолдас. Сол сәт оның ойына алғаш Маңқыстауға келген кезі түсті. Онда да қимылсыз дала еді-ау. Қазір ше... Жоқ, Үстірт тек барлаушылар мен бұрғышылар ғана қадам басар жер болып қалмақ емес. Күні ертең мынау сансыз жоталарда ақ мұнаралар қаптайды. Зәулім үйлер бой түзейді...
Ол бағанадан бергі ойларынан арылып, көңілденіп кетті. Жалма-жан киініп алып, жұқа курткасын иығына іле салған күйі далаға шықты. Айналаға көз жіберіп біраз тұрды да, сонсоң жаңағы бір көз алдынан өткен әсем елесті шындықтан көруге асыққандай, дәу мұнараға қарай ширақ адымдап бара жатты.