
- 19 мау. 2025 05:11
- 14
Одақтастар үндемейді, дұшпандар үндестік тапты: Иран кімге сенеді?
Таяу Шығыста от шарпыған тыныштық қайта бұзылды. Израиль мен Иран арасындағы шиеленіс қызған сәтте әлем қауымдастығының реакциясы сырттай сабырлы, ал шын мәнінде есепке құрылған. Айыптаулар бар, әрекет жоқ. Қолдау көрінбейді, бірақ кедергі де жасалмайды. Бұл – бүгінгі геосаяси театрдың айнасы.
Сауд Арабиясы бастаған мұсылман елдері Израиль шабуылын мәлімдемелермен сынағанымен, шындық мүлде басқа. Израильдің ауыр бомбалаушы ұшақтары Саудия аспанында емін-еркін ұшып, Иран бағытындағы әуе қозғалысы тұншықтырылуда. Бұл жағдай бір ғана ұғымды анықтайды: сырттай ашумен бүркеніп, іштей мүддені сақтау.
Иордания да дәл осы жолмен жүр. Израиль ұшақтарына жасыл дәліз ашқанымен қоймай, Иран бағытындағы дрондарды дер кезінде қағып түсіріп отыр. Ал Сирия – соғыстан көз ашпаған ел – жаңа басшылығы арқылы Израильге көмек қолын созып отыр деген мәліметтер тарады. Геосаяси бетбұрыстың тағы бір нүктесі.
Бірақ Иран үшін ең ауыр соққы — сенімді серіктердің үнсіздігі. Ресей мен Қытай – Тегеранның стратегиялық әріптестері саналатын алпауыттар. Алайда олар бұл жолы мәлімдемеден ары аспады. Әлемдік аренада дипломатиялық тыныштық Иранның оқшаулануын одан әрі тереңдете түсті.
Иран осыған дейін АҚШ-пен теке-тіреске түскен елдердің тағдырын жақсы біледі. Саддамнан кейінгі Ирак қирады. Каддафиден кейін Ливия бөлшектенді. Ауғанстанға орнаған "демократия" бір түнде тып-типыл болды. Бұл жолы тарих қайталана ма, жоқ па — жауабы тек уақыттың еншісінде.