
- 24 мау. 2025 21:10
- 31
Өзбекстанда билік әулеттенді ме? Мирзиёев үлкен қызын Президент Әкімшілігінің басшысы етіп тағайындады
Президент Шавкат Мирзиёев өзінің үлкен қызы Саида Мирзиёеваны Президент Әкімшілігінің басшысы етіп тағайындады, деп хабарлайды Инфохаб. Бұл лауазым 2023 жылы таратылғанымен, енді қайта қалпына келтірілді – және тікелей президент қызына сеніп тапсырылды.
Соңғы екі жылда Саида Мирзиёева президенттің көмекшісі ретінде жоғары саяси сахнада белсенді көрінді. Ол халықаралық қатынастарда елдің “бейресми өкіліне” айналды: шетелдік көшбасшылармен кездесіп, реформалар жайлы мәлімдемелер жасап жүрді. Бұл белсенділік оның биліктегі ықпалы ресми лауазымынан әлдеқайда жоғары екенін көрсетті.
Саяси шолушылар мұны биліктің ашық “әулеттенуі” деп бағалап отыр. Саиданың ресми тағайындалуы – тек кадрлық емес, саяси-идеологиялық қадам. Бұл Өзбекстанда посткеңестік кеңістікте жиі байқалатын бір үрдісті: биліктің отбасылық басқару форматына ауысуын айқындай түсті.
Мұндай шешімдер “реформалар жүргізіп жатырмыз” деген биліктің сөзін күмәнді етеді. Себебі, реформаның басты шарты – институттардың тәуелсіздігі мен кадрлық әділдік. Ал туыстыққа негізделген тағайындаулар бұл ұстанымға мүлде қайшы.
Өзбекстандағы бұл саяси қадам аймақтағы өзге елдерге де “үлгі” бола ма, жоқ па? Әлде бұл жеке дара оқиға ретінде қала ма? Бір нәрсе анық – Саида Мирзиёеваның жаңа қызметі тек ішкі емес, халықаралық деңгейде де үлкен резонанс тудырып отыр.