
- 01 шіл. 2025 19:22
- 35
ҚТЖ-ны уақытша басқару Даниал Ахметовтің күйеу баласына жүктелді
«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясында басшылық ауысты. Бұған дейін басқарма төрағасы болған Нұрлан Сауранбаев көлік министрі қызметіне тағайындалуына байланысты өз орнын босатты. Оның орнына уақытша Ерлан Қойшыбаев тағайындалды.
«Ішкі нормативтік актілерге сәйкес, ҚТЖ басқарма төрағасының логистика жөніндегі орынбасары Ерлан Қойшыбаев компания басшысының міндетін уақытша атқарады», – делінген компанияның ресми жауабында.
Ерлан Қойшыбаев – бұрынғы Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтің күйеу баласы. Ол Ахметовтің қызы Аделия Ахметовамен отбасын құрған. Даниал Ахметов ШҚО-ны 2014 жылдан 2023 жылдың жазына дейін басқарған. Оның аты мемлекеттік қызметтегі ұзақ мансабымен ғана емес, ықпалды туыстық байланыстарымен де жиі аталады.
Қойшыбаевтың уақытша басшылыққа келуі қоғамда әртүрлі пікір тудырып отыр. Бір тарап кәсіби кадр ретінде қараса, енді бірі бұл тағайындауды туыстық ықпалмен байланыстырады.
Нұрлан Сауранбаев 2024 жылдың соңында ҚТЖ басшысы болып тағайындалған еді. Алайда көп ұзамай, 2025 жылдың маусымында Президент жарлығымен көлік министрі қызметіне өтті. Осылайша, елдің теміржол саласындағы басты оператор уақытша жаңа басшылыққа көшті.
Жаңа басшының тұрақты түрде бекітілетіні не басқа кандидат ұсынылатыны алдағы уақытта белгілі болады.