
- 05 там. 2025 08:40
- 14
Құрылыс тендеріндегі алаяқтық: Жалған құжатпен 70 млрд теңгенің келісімін жасағандар ұсталды
Құрылыс тендеріндегі алаяқтық: Жалған құжатпен 70 млрд теңгенің келісімін жасағандар ұсталды,-деп хабарлайды Infohub.kz тілшісі.
Алматы қаласында құрылыс саласына қатысты ірі тендерлік алаяқтық әшкереленді. Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, 2021 жылдан бері бір топ адам жалған компаниялар арқылы мемлекеттік құрылыс тендерлеріне қатысып, арнаулы рейтинг жүйесін жасанды жолмен көтеріп келген. Тергеу барысында олардың өтірік мәліметтер мен қолдан жасалған құжаттарды пайдаланғаны анықталды.
Ұйымдастырушылар жалған құжаттар үшін 500 мыңнан 1,5 млн теңгеге дейін сыйақы алып отырған. Топтың заңсыз әрекеттері нәтижесінде жалпы сомасы 70 миллиард теңгеге жуық мемлекеттік келісімшарттарға қол қойылған. Алаяқтықтан түскен таза табыс 664 миллион теңгеден асып, оған 11 автокөлік пен 12 жылжымайтын мүлік (5 үй, 7 жер телімі) сатып алынған.
Қазіргі таңда төрт күдікті қамауға алынып, тергеу изоляторына жеткізілді. Қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасуда. Бұл жағдай мемлекеттік сатып алу жүйесіндегі бақылау мен ашықтықтың маңызын тағы бір мәрте дәлелдеп отыр.