
- 08 там. 2025 23:14
- 19
Қытайда маса арқылы таралатын қауіпті вирус тарады
Қытайда бұрын-соңды болмаған чикунгунья вирусының өршуі тіркеліп, ел билігі мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы дабыл қақты. 7 тамыздағы жағдай бойынша індетке шалдыққандар саны 7 мыңнан асты. Жұқтырғандардың көбі — Фошань қаласының тұрғындары.
Чикунгунья — маса арқылы тарайтын инфекция. Негізгі белгілері: дене қызуы мен буындардың қатты ауыруы. Ауру ұзаққа созылған әлсіздік пен мүгедектікке әкелуі мүмкін. Ең сорақысы — Қытай халқының бұл вирусқа қарсы иммунитеті жоқ.
Билік індетті тоқтату үшін қатаң шаралар қабылдауда: дрон арқылы да, қолмен де инсектицидтер себіліп, су жиналатын орындар құрғатылуда. Масаларға қарсы торлар орнатылып, талапты орындамағандарға 10 мың юаньға дейін айыппұл салынып жатыр.
Ауру адамнан адамға жұқпайды. Сондықтан алғашқыда жарияланған екі апталық карантин тоқтатылды. Ал науқастар кемі бір апта ауруханада оқшауланып емделеді.
Маса популяциясын азайту үшін су қоймаларына дернәсіл жейтін балықтар мен жыртқыш масалар жіберілуде. Бұған дейін ДДСҰ бұл вирустың жаһандық індетке айналу қаупі барын ескерткен еді.