
- 05 мау. 2025 17:57
- 38
Шерзат Полатты өлтіргендерге қатысты сот үкімі шықты
Шерзат Полатты өлтіргендерге қатысты сот үкімі шықты
Бүгін Талдықорғанда 16 жастағы Шерзат Полатты өлтіру ісіне қатысты сот үкімі жарияланды. Бұл резонансты қылмыс 2024 жылдың 4 қазанында Талғар қаласында орын алған болатын.
Сот шешімімен басты айыпталушы Абзал Шынасыл 23 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігі (адам өлтіру), 293-баптың 3-бөлігі (бұзақылық) және 24-баптың 3-бөлігі (қылмыс жасауға оқталу) бойынша кінәлі деп танылды.
Қалған айыпталушыларға мынадай жаза тағайындалды:
Равиль Сакиев — 20 жыл (бұзақылық және адам өлтіруге оқталу),
Азамат Тоқтаубаев — 15 жыл (бұзақылық және ұрлық),
Шыңғыс Белғожаев, Дархан Әскентай, Нұрқияс Ілиясов, Нұрбол Тоқтаубаев, Дидар Қалиахмет — әрқайсысы 7 жыл (бұзақылық),
Думан Ысқақ — 1 жыл 6 ай (қылмыс туралы хабарламау).
2025 жылдың 10 сәуірінде басталған сот процесі екі айға жуық уақытқа созылды. Іс аясында 40-тан астам сот сараптамасы жасалып, 200-ге жуық куәгерден жауап алынған. Тергеу барысында 8 бейнематериал талданып, күдіктілермен беттестіру мен оқиға орнына тексеру жүргізілген.
3 маусым күні сотталушылар соңғы сөзін айтты. Айыпталушы Нұрбол Тоқтаубаев топтың арасында болғанын мойындап, ешкімге қол көтермегенін айтты. Шыңғыс Белғожаев тергеуде аты аталған Қаржаубайды күдікті ретінде тануды сұрады. Нұрқияс Ілиясов Ғайыпбаевты ұрғанын мойындап, бірақ Шерзатқа қол тигізбегенін айтты. Дидар Қалиахмет өзін кінәсізбін деп есептесе, басты айыпталушы Абзал Шынасыл да өз кінәсін жоққа шығарды. Ол тек Ғайыпбаевты пышақтағанын, ал Шерзатпен бетпе-бет келмегенін мәлімдеді.
Бұл іс қоғамда үлкен резонанс тудырған болатын. Мемлекеттік айыптаушы барлық айыпталушыларды кінәлі деп тануды және оларға қатаң жаза тағайындауды сұраған.