Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 3 сағат бұрын)
«Төсек жинаудан қашады»  Жастар неге әскерге барғасы келмейді? Қорғаныс министрі орынбасары берген жауабымен келісесіз бе?

Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары Сұлтан Камалетдинов жастардың әскерден қашуының себебін "тұрақтылық пен жайлы өмірге үйреніп қалғандықтан" деп түсіндірді. Бірақ бұл мәселенің түп-тамыры әлдеқайда тереңде жатыр. Мұндағы проблема – жай ғана армиядағы төсекті жинау немесе анасының үйдегі күтімі емес. Бұл – мемлекеттің жастарға ұсынар болашағына деген сенімнің әлсіреуінде, институттарға деген сенімсіздікте, әрі азаматтық жауапкершілік пен әлеуметтік әділетсіздік арасындағы қақтығыста.

Камалетдиновтің сөзі қоғамдағы белгілі бір шындықты мойындатқандай әсер қалдырады: иә, қазіргі жастардың бір бөлігі әскерден бас тартуға тырысады. Бірақ неге? Себебі әскери борыш – бұл жай ғана жаттығу емес. Бұл — тәртіп, жауапкершілік, өзге жүйеге бағыну. Алайда қазақстандық әскерде тәртіп емес, қорлық пен жемқорлық жиі кездесетіні жайлы нақты мысалдар жетерлік. Бейбіт өмірде адам құқығы аяққа тапталып жатса, әскери ортада оның мүлде жоқ болуы жастардың бойында қорқыныш туғызуы заңды.

Соңғы жылдары әскер қатарында сарбаздардың қаза табуы жиілеп, көп жағдайда өлімнің себебі — офицерлер тарапынан қысым көрсету, қорлау, жүйелік қателіктер екені анықталуда. Бірақ бұған жауаптылар жазасыз қалып отыр. Ендеше, жастардың әскерден бас тартуы – бұл әлсіздік емес, өмірді қорғау инстинкті.

Жастардың жайлылыққа үйреніп қалғаны рас шығар. Бірақ одан да маңыздысы — олар көзін ашқалы көріп келе жатқан шындық: әділетсіздік, теңсіздік, мансап құрудағы таныс-тамырлық жүйе. Мұндай ортада жас адамда мемлекетке қызмет етуге деген мотивация қалай қалыптасады?

Көпшілік үшін армия — бұл азаматтық парыз емес, амалсыз жаза. Себебі ол жерде өмір сүру жағдайы төмен, құқық қорғау тетіктері әлсіз, ал командирлердің үстемдігі шектен шығып кетеді. Яғни армия – мемлекеттің азаматқа деген қарым-қатынасын көрсететін индикатор.

Қоғам әскерге барудан жалтарған жастарды емес, сол армияны өзгертпеген жүйені айыптауы тиіс. Әскер азаматтық тәрбие мен қауіпсіздік мектебі болуға тиіс еді. Алайда бүгінгі Қазақстанда ол – көбіне тәртіпсіздік, зорлық-зомбылық пен немқұрайлылықтың символына айналып барады.

Сұлтан Камалетдинов жастарға сын айтпас бұрын, Қорғаныс министрлігі өз құрылымындағы жемқорлықты, сарбаздардың құқығын аяққа таптауды және әскери өмірдің қатыгез реалияларын мойындап, шұғыл реформалар бастауы қажет. Әйтпесе жастардың қорғаныс емес, қорқыныштан қашуы жалғаса бермек.

Автор: Бердалы ОРАЗ ҒАБИТҰЛЫ

You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама