Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 сағат бұрын)
Сорбұлақтағы тікұшақ апатында қаза тапқан командир туған жерінде жерленді

25 шілдеде Қорғаныс министрлігі Отырар ауданында жоспарлы ұшу барысында Қарулы күштері Әуе қорғанысы күштерінің EC-145 тікұшағы радардан жоғалғанын хабарлады. Сол сәттен бастап жедел іздестіру жұмыстары басталып, берілген бағыт бойынша әуе тексерістері жүргізілді. Сорбұлақ су қоймасы маңын қарау кезінде Қазғарыш суреттерінен жанармай ізі байқалып, су қоймасына жақын жерден тікұшақтың бірнеше бөлшегі табылды. Су астындағы жұмыстар барысында ҚР Қарулы Күштерінің әскери қызметшілері шамамен 14 метр тереңдіктен әуе кемесінің ішінара сынықтары мен бір адамның мәйітін анықтады. Арнайы штаб құрылып, іздеу шаралары жалғасқанымен, апат орнын толық тазарту бірнеше күнге созылды.

Апатта қаза тапқан командирді туған жерінде, Түркістан облысы Төлеби ауданының Ленгір қаласында соңғы сапарға шығарып салды.

— Жастайынан әскери болуды армандады ғой. Кішкентайынан тәртіпке бағынып, бізді де тәртіппен жүргізетін. Аспанда қалықтап жүруді бала кезінен армандады. Бүкіл өмірін осы әскери авиацияға арнады. Күндіз-түні ұшты, мыңдаған сағаттар жинады. Қатарынан қалмай білім алды, жаңа шыққан оқу болса, біреуін де жібермейтін. Техникасын жан-тәнімен жақсы көретін. «Анашым, аспанда ұшсам, құстай қалықтаймын» дейтін, – деп еске алды марқұмның анасы.

2010 жылы Ақтөбедегі «Әуе қорғанысы» оқу орнына түскен ол 15 жыл бойы әуеде мінсіз қалықтау үшін білімін жетілдіріп, мыңдаған сағаттық тәжірибе жинаған. Техникасына берілген офицер қатарластары арасында абыройлы болды. Туыстары оның бет-жүзінің апаттан кейін де сақталғанын тағдырдың соңғы сыйы деп қабылдады.

You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама