Цинь империсының саясаты
Цинь империясының саясаты Шихуанди ежелгі Қытай патшалықтарын біріктірумен шектеліп қоймай, ол енді солтүстікке де, оңтүстікке де шабуыл ұйымдастыруды жалғастырды. Басқыншылық соғыстар мен жат жерлік иеліктерді отарлау — Цин Шихуан-дидің бүкіл сыртқы саясатының өзегі болды. Цинь империясы белсенді сыртқы саясатқа көшуге, тек ішкі жағдайды нығайтқаннан кейін, яғни мемлекет біріккеннен кейін алты жыл өткен соң ғана, мүмкіндік алды.
Цинь империясының соғыс қимылдары негізінен, солтүстік және оңтүстіктегі екі бағытта жүрді. Солтүстіктегі жауынгер сюнну (ғұндар) тайпаларына қарсы жүргізген соғыстар қорғаныстық сипатта болды. Сонымен бірге, бұл солтүстік бағыттағы соғыстар, империяның солтүстік шекараларын нығайту және бұрын айырылып қалған территорияларды қайтарып алу мақсатын ғана көздеді. Ал, оңтүстіктегі әскери қимылдар басқыншылық сипатта болды. Цинь империясының билеуші топтары — бай құл иеленушілер, цинь әулетінің ақсүйектері, жоғарғы әкімшілік топтар мен ірі саудагерлерді оңтүстіктің көпке белгілі байлығы қызықтырған еді. Алайда, Цинь Шихуан-ди соғысты оңтүстіктің байлығына қызыққаннан ғана жүргізген жоқ. Оның мақсаты жаулап алынған территориялардың бір бөлігін импеаратор меншігіне айналдыру еді. Бұл басып алынған жаңа жерлерге император әр түрлі жеңілдіктер беру арқылы халықты қоныстандырып отырған. Жаңа территорияларды бұндай жолмен игеру, император меншігіндегі жерлердің көлемін ұлғайтты. Ал бұл мемлекет үшін де, онын ішіндегі деспоттық жоғары биліктің күшеюіне де әсерін тигізді. Солтүстіктегі соғыстар, Ұлы Қытай қабырғасының салына бастауы. Б.з.д. ІІІ-ші ғасыр аяғында, Қытайдың солтүстігін мекендеген көптеген, мал шаруашылығымен айналысқан тайпалар арасында туысқан рулардан құралған ірі одақ сюнну тайпалары ерекше көзге түсті. Олар бұл кезде алғашқы рулық қауымдық қатынастардың ыдырауы кезеңінде өмір сүрді. Сюнну тайпаларының одағы, оның көсемі шаньюдің басқаруымен көршілес дунху, линъху, лофанъ тайпаларына және Қытайдың солтүстігіндегі Цинь және Чжао патшалықтарына үздіксіз шабуылдар жасаған. Қытайдың бай патшалықтары сюнну тайпаларын әрдайым қызықтырған. Чжаньго дәуірінде өзара бақталастық соғыстарды пайдаланып, сюнну тайпалары Цинь, Чжао, Янь патшалықтарына жиі шабуылдар жасап тұрғаны белгілі. Чжаньго дәуірінің аяғында бұл тайпалар Чжао патшалығының Хуанхэ саласындағы Цзююань жерлерін басып алады. Империя құрылуының алғашқы жылдарында солтүстік шекарадағы соғыстар тоқтамайды. Бұл шабуылдардың да басты мақсаты сол -тонаушылық болды.
Мемлекет ішіндегі жағдайдың реттелуі
Цинь Шихуан-диге, енді, қорғаныс қимылдарынан басқыншылық саясатқа көшуге мүмкіндік береді. Б.з.д. 215-ші жылы ол Мың Тяң қолбасшылық еткен 300 мыңдай әскерін солтүстікке жібереді. Б.з.д. 214-ші жылы Цинь әскерлері сюнну тайпаларын жеңіп, солтүстіктегі Гаоцюе, Иньшань және Бэйцзя жерлерін қайтарып алады. Цинь империсының саясаты Сөйтіп екі жылдық соғыс нәтижесінде Цинь империясы өзінің құрамына ұзындығы 400 км-ге жуық территорияны қосып алады. Ендігі жерде, Цинь Шихуан-ди, елдің солтүстік аудандарын көршілес көшпелі тайпалардың жауынгер атты әскерлерінің шабуылынан қорғау үшін, елдің бүкіл солтүстік шекарасын қамтитын қорғаныс қабырғасын салуды ұйғарады. Чжаньго дәуірінде Цинь, Чжао және Янь патшалықтарының әрқайсысының солтүстіктегі көпшенділерден бөліп тұрған қорғаныс қабырғалары болғандықтан, енді Цинь империясының қорғаныс қабырғасын салу құрылысы едәуір жеңілдетілген еді. Цинь Шихуан-ди тұсында, бұл қабырғалардың барлығы қайта жөнделіп, кеңейтілді, әрі өзара жалғастырылып, ұзындығы 10 мың лиден астам біртұтас түзу қорғаныс қабырғасына айналды. Бұл атақты Ұлы Қытай қабырғасының құрылысы еді. Оны қытайлықтар өздерінше «уанъли чаңчэн» яғни «ұзындығы 10 мың ли қабырға» деп атады.
Бұл ұлы құрылыстың салынуы, б.з.д.215-ші жылы яғни, солтүстікке Мың Тян бастаған 300 мыңдық әскер келген кезде басталады. Қабырға құрылысында әскерлермен қатар, он мыңдаған қылмысы үшін айыпталғандар, мемлекет құлдары және еңбекпен өтеу міндеткерлігіндегі түрлі адамдар еңбек етті. Б.з.д. 213-ші жылдың аяғында Ұлы Қытай қабырғасының құрылысы негізінен аяқталды. Ол Цинь астанасының батысында орналасқан Линьтаудан басталып, солтүстікке қарай Юйчжунға дейін тік, түзу бағытта жүрді, одан кейін солтүстік-шығысқа бұрылып, Цзююанға дейін созылды. Гаоцюеден басталып, шығысқа қарай Цзююань, Юньчжун, Яньмын және Дайцзюнь арқылы бұрынғы Чжао патшалығының жаңартылған қабырғасы өтті: ал одан әрі, солтүстік-шығысқа қарай, қазіргі Душикоуға дейін, қайтадан жаңа қабырға салынды. Ал Душикоудан ары қарай бұрынғы Янь патшалығының қорғаныс қабырғасы созылды. Ол Цинь мемлекетінің бес округін: Шангу, Юйян, Юбэйпин, Ляоси және Ляодун территорияларын қорғап тұрды. Сөйтіп, Ұлы Қытай қабырғасы Қытайдың алыстағы солтүстік шекараларынан бастап (қазіргі Ганьсу провинциясы) шығыстағы шекараларға дейін (казіргі КХДР-мен шекаралас Датун өзеніне дейін) 1400 мильге созылды.
Егер ғалымдардың әрбір жана ұрпағы Цинь Шихуан-диге тамаша ескерткіштер саналған ғылыми кітаптарды өртегені үшін қарғыс айтса, ал халықтың есінде, оның осы Ұлы Қабырғаны салудағы аяусыз қаталдығы, оған деген мәңгі өлместей өшпенділік сақталды. Қазіргі күнге дейін қытай халқы осы құрылысты салу кезінде миллионға жуық адамның өлгендігін еске алады және онын әрбір тасы бір адамның өміріне пара-пар дейді. Мүмкін, Цинь Шихуан-ди мен Ли Сы күшпен біріктірілген, үнемі соғыска үйреніп қалған халықтың назарын, барлық күш-қуатын басқа жұмысқа аудару мақсатымен осындай алып құрылыстарды салуды бастаған болар. Мыңдаған адамдар қабырғаны салумен айналысса, екінші бір мындаған адамдар жолдар салуға, канал қазуға аттандырылды.
Салынғаннан бергі екі мыңдаған жылдар ішінде, Цинь Шихуанның салдырған ұлы Қытай қабырғасы біртіндеп қирай берген. Бірнеше рет ол қайтадан жөнделген болатын. Ал Мин әулетінің билігі кезеңінде, бүкіл қабырға құрылысы қайтадан салынып, ол қазіргі күнге дейін сақталынып қалды. Бірақ Мин кезеңінде салынған қабырға, Цинь дәуірінде салынған қабырғадан оңтүстікке таман өтті. Қазіргі кезде, Шэньси провинциясының Хэншань уезінде, Цинь Шихуань кезеңіндегі ұлы Қытай қабырғасының сақталып калған бөліктерін көруге болады. Алайда, Цинь империясына қауіп төнетін жағдайда, елдің орталық аудандарынан әскери бөлімдер мен құрылымдарды солтүстік шекараға көшіру үшін, әскери көліктің жүріп-тұруына қолайлы, жақсы жолдар керек болды. Б.з.д. 212-ші жылы Цинь Шихуан-ди Мың Тянға магистральдық жолдың құрылысын бастауға бұйрық береді. Дәл сол жылы Мың Тяңның мыңдаған әскері қылмысы үшін айыпталғандар мен мемлекеттік құлдардың көмегімен Цзююаннан, яғни Ұлы Қытай қабырғасынан шығысқа қарай, Юньчжун арқылы, сосын одан тура онтүстікке, Цинь империясының астанасына дейін жол салды.
Цинь империясы Шихуан сюнну тайпаларынан қайтарылып алынған жерлердегі үстемдігін бекіту үшін 44 әкімшілік уезд құрды. Осы жерге елдің орталық аудандарынан жер айдалғандарды әкеліп қоныстандырды. Б.з.д. 212-ші жылы 50 мың жер игеруші отбасылары батыс шекарадағы Юньян тың жерлеріне көшірілді. Бұл отбасылар мемлекеттік міндеткерлікті өтеуден оң жылға босатылды. Ұлы Қытай кабырғасын салу, шекаралық территорияларды қоныстандыру және Сяньянға дейінгі жол магистралін салу елдің солтүстік батыс бөлігін біртұтас берік кешенге айналдырды. Бұл, империяның орталығымен байланысы бар кешен, жауынгер сюнну тайпаларының жолын бөгейтін сенімді кедергі болды.
Цинь имериясы Шихуанның сыртқы саясатта жүргізген шаралары, оның ішінде солтүстіктегі ұлы Қытай қабырғасының салынуы, елдің солтүстік шекарасын көршілес сюнну тайпаларының шабуылынан қауіпсіздендірген берік қорған болды. Сонымен бірге тек Цинь империясы кезеңінде ғана емес, бұл қорған мыңдаған жылдар бойы Қытайдың солтүстік территориясын жау шапқыншылықтарынан қорғап тұрды.
Оңтүстіктегі жүргізілген соғыстар
Егер, Цинь империясының елдің солтүстігіндегі жүргізген соғыс қимылдары қорғаныстық сипатта болса, ал, оның оңтүстікгегі жүргізен соғыстары басқыншылық сипатта еді. Цинь империясы оңтүстіктегі басқыншылық жаулау соғыстарын, қазіргі Гуандун және Гуанси провинциялары мен Үнді Қытай түбегінің солтүстік шығысында, сол заманда өмір сүрген Аулақ мемлекетінің Юэ тайпаларына қарсы жүргізді. Цинь Шихуан-ди империя құрылғаннан кейін, біраз уақыттан соң, оңтүстікке қолбасшы Ту Цзю бастаған 500 мыңдық тұрақты әскерін жібереді. Хань дәуірінде құрастырылған «Хуайнаньцзы» деректеріне сүйенетін болсақ, бұл аймақ Цинь империясын өзінің байлығымен қызықтырған. Бұл жерде, Цинь империясының базарларында өте жоғары бағаланатын, аса бағалы заттар көп болған. Соның ішінде, қытайлардың аса зәрулікке ие күшті дәрілер жасайтын мүйізтұмсық мүйізі, піл сүйегі, сирек құстардың әшекейлі қауырсындары, маржан тастар және тағы басқа да бағалы заттар болған.
Цинь империясының мемлекетінің жаулап алу әрекеттері бірден бес бағытта жүрді: бірінші — Таньчэнға, екінші — Цзюншань, үшінші — Паньюйя, төртінші — Наньюэ, бесінші — Юйганьшуйға бағытталды. Алайда, б.з.д.214-ші жылы Юэ тайпалары Аулак мемлекетінің әскерлерімен біріге отырып, түнгі шайқаста Цинь армиясын талқандап, сол әскердің қолбасшысы Ту Цзюды өлтіреді. Бірақ, көп ұзамай, Цинь әскерлері қайта күш жинап, Намвьет және Аулак мемлекетінің солтүстік бөлігін толығымен басып алады. Цинь империясының қол астына сөйтіп, осы кезде, орасан зор территория қаратылады. Орасан зор аймақты қамтыған Цин империясынын этникалық құрамы, ондағы мекен еткен халықтардың айналысатын шаруашылығы, әртүрлі аймақтардың қоғамдық даму деңгейі әрқилы еді.