
- 14 сәу. 2025 08:20
- 34
The Economist: Еуропа еркіндік рәмізіне айналып, АҚШ «бұрынғы мәртебесінен» айырылды
Ұлыбританияның беделді The Economist басылымы жариялаған жаңа карикатуралық шолу мен сараптамалық мақалада АҚШ-тың әлемдегі «еркіндік мекені» ретіндегі бейнесінің әлсірегені айтылды. Басылымның пікірінше, қазіргі таңда еркіндік, демократия және азаматтық құқықтарды қорғау жағынан Еуропа АҚШ-тан әлдеқайда алда тұр.
Мақалада Америка Құрама Штаттарының Тәуелсіздік декларациясындағы: «өмір сүру, еркін болу және бақытқа ұмтылу – ажыратылмас құқықтар» деген тұжырымға ерекше назар аударылған. Алайда The Economist бұл сөздердің бүгінгі АҚШ шындығымен үйлеспейтінін атап көрсетіп, иллюстрация арқылы да астарлы мысқыл танытты.
– Қазір бұл құқықтарды қамтамасыз етуге қауқарлы жалғыз құрлық – Еуропа, – деп жазады басылым, екі жағалаудағы саяси жағдайды салыстыра отырып.
Мақалада атап өтілгендей, АҚШ-тағы соңғы жылдардағы саяси поляризация, сот жүйесіне деген сенімнің азаюы, сөз бостандығы мен жеке құқықтар саласындағы шектеулер елдің «еркіндік символы» мәртебесіне күмән тудырған. Ал Еуропа елдері, керісінше, құқықтық мемлекет пен адам еркіндігін сақтау бағытында тұрақты саясат жүргізіп отыр.
Бұл жарияланым қоғамда қызу пікірталас тудырып, жаһандық көшбасшы ретіндегі АҚШ бейнесінің өзгеріп бара жатқанын тағы бір мәрте көрсетті.