Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 13 сағат бұрын)
Түлкі мен қоян

Түлкі мен қоян

Бір күні болдырып келе жатқан түлкі жортып жүрген қоянды көріп, өтірік ауырған болып оның жолына сұлай кетіпті де, қоянды шақырыпты.

— Қоянжан-ау, қоянжан, неге сонша жорытасың? Менен неге қорқасың? Бала жастан бірге өскен, тоғайдың дәмін бір жескен, көрші емес пе едік. Мен ауырып жатырмын, жақынырақ келсеңші, қоштасайық, — депті.

Сонда қоян:

— Екі құлағым сөзіңде тұр, екі көзім өзіңде тұр. Сіз етті жақсы көреді дейді жұрт, сол рас па? — депті.

— Рас болғанда қандай, тіпті ет жемесем басым ауырады!

— Міне, осыныңыз жаман ғой.

— Иә, соған өзім де қынжылып жатырмын. Кеше бір тауық жеп едім, соған жаным ашып жылап та жібердім. Өйткені ол да тірі жүргісі келеді ғой. О, шіркін, тіршілік! — депті.

Қоян:

— Сіз оны өлтірмей тұрып ойлап көрдіңіз бе? — депті.

Сонда түлкі:

— Мен дәл сол жерін ойлауды ұмытыппын. Жаныма батып, ауырып жатқаным да соның өкініші, — дейді.

— Ұмытшақ деген жаман ғой, мен де содан қорқамын, сондықтан да жорытамын, — деп, тұра жөнеліпті қоян.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама