
- 08 шіл. 2025 09:31
- 24
«Ұлттық қор – балаларға»: тұрғын үй мен білімге 14,86 млн доллар жұмсалды
2024 жылдың 1 ақпанынан 2025 жылдың 1 шілдесіне дейін «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында тұрғын үй мен білім қажеттіліктеріне жалпы 14,86 миллион АҚШ доллары аударылған. Бұл сома 117 495 өтініш бойынша бөлінді.
Қаржының негізгі бөлігі — 9,20 миллион доллар — тұрғын үй жағдайын жақсартуға жұмсалған. Бұл бағытта 71 488 өтініш қанағаттандырылып, келесідей салалар бойынша бөлінді:
- Тұрғын үй құрылыс жинақ салымын толықтыру – 69 756 өтініш, 9,00 млн доллар;
- Ипотекалық қарыз бойынша алғашқы жарна енгізу – 551 өтініш, 66,52 мың доллар;
- Тұрғын үйді азаматтық-құқықтық мәміле арқылы сатып алу – 436 өтініш, 49,84 мың доллар.
Ал білім беру мақсатында 46 007 өтінішке сәйкес 5,66 миллион доллар бөлінді. Оның ішінде:
- Қазақстандағы оқу орындарына төлем – 40 517 өтініш, 5,04 млн доллар;
- Білім беру жинақ салымын толықтыру – 4 040 өтініш, 454,21 мың доллар;
- Шетелдік оқу орындарына төлем – 1 166 өтініш, 131,38 мың доллар.
Қор мәліметінше, азаматтар нысаналы жинақтардың барлығын бірден емес, қажетіне қарай ішінара пайдалана алады. Қолданылмаған қалдық нысаналы жинақ шотында (НЖШ) сақталады.
Кәмелет жасына толғандар БЖЗҚ сайты немесе eGov арқылы жеке кабинетімен өз жинақтарын бақылай алады. Қаражатты пайдалану үшін уәкілетті операторға АҚШ долларында шот ашып, өтініш беру қажет.