Ескерткіштер елдіктің белгісі
Ұлт көшбасшысы, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Тәуелсіздік - сан буын бабалардың, қасиетті жеріміздің әрбір қадамын қорғау үшін төгілген өлшеусіз қаны мен терінің өтеуі.
Тәуелсіздік - кешегі батыр бабалар өсиет еткендей, қазақстанды қасық қаны қалғанша қорғау жөніндегі әрбір азаматтың қайсар шешімі болып табылады. Азаттық жолындағы жанкешті қадамдарымыз ақталды. Ол бүгінгі ұрпақтың «Мәңгілік ел» идеясының айналасына бірігуі», - деген бір ауыз сөзі бәріміздің санамызды сілкитіні анық.
Шын мәнінде азаттықтың ақ таңын біз ұзақ күттік. Ақыры ғасырлар бойы аңсаған арманымызға қол жеткіздік. Аласапыран уақытта елдің тізгінін қолына алып, барлық қиындықтан алып шыққан Елбасының көреген саясаты бүгінде өз жемісін берді. Мұны бір ауыз сөзбен айтып жеткізу қиын.
Иә, бүгінде аты әлемге белгілі елдер де азаттық туын бірден тіге алмаған. Жылдар бойына қан төгіспен келген бостандық та, ақылмен шешілге азаттық та бар. Осы мүмкіндікке қол жеткізген халықтар бірден мемлекеттік мақтанышына айналар, елдің еңсесін көтеретін, ұлттың рухын оятатын, өзгелерге бостандықтың белгісін айғақтайтын ескерткіштер салады. Мәселен АҚШ-тағы Бостандық ескерткіші әлемдегі ең үлкен әрі биік мүсін. Бұл сол елде ғана бар, сол елге ғана тән ескерткіш.
Тарихы тереңде жатқан ескерткіштің әлем назарын аударатыны соншалықты, АҚШ-қа аяқ басқан әрбір адам ең алдымен сонда барады. АҚШ тәуелсіздігінің декларациясы қабылданған күні тайға таңба басқандай етіп жазылған мұраның мықтылығы сондай, ол әлі күнге сыр бермеген. Биіктігі 93 метрді құрайтын алып ескерткіштің елдің мақтанышына айналғаны соншалықты, онсыз АҚШ-ты елестетудің өзі қиын көрінеді. Осындай мақтаныштан да болар, 1883 жылы америкалық Эмма Лазарус «Жаңа Колосс» деп аталатын сонета жазған.
1936 жылы 28 қазанда ескерткіштің елу жылдығына байланысты АҚШ президенті Франклин Рузвельт: «Бостандық пен бейбітшілік - тірі заттар. Олар әрдайым ұмыт болмауы үшін әрбір ұрпақ оны сақтап, оған жаңа өмір сыйлауы керек» деген.
Расында да арада ғасыр өтсе де америкалықтар дүниенің төрт бұрышына танымал тарихи дүниеге әрқашан жаңа көзқараспен қарайды. Ұлттық парк қарамағындағы құндылықты қорғауды мемлекет өз бақылауына алған.
Әлемде 200-ден астам мемлекет өз тәуелсіздіктерін ту етіп отыр. Олардың бостандыққа қалай қол жеткізгендері ұзақ әңгіме. Осы жолда қаншама қан, көз жасы төгілді. Бақытты болашақ үшін күрестің жеңісі жан рахатына бөлеп, жемісінен дәм татқандар нағыз бақытты жандар.
Аталарымыздың арманына қол жеткізген қазақ ұлты да қасиетті Тәуелсіздікке жету жолында әр халықтың бастан кешкен өзіндік тарихы бар. Егемендіктің белгісі ретінде дүниежүзінің біраз елінде тәуелсіздік ескерткіштері орнатылған. Қазақ жерінде де көптеген ескерткіштер Тәуелсіздігімізбен тікелей байланысты. Мәселен Алматыдағы Тәуелсіздік монументі, жұрт жақсы біледі. Ал, еліміздің басқа қалаларында орнатылған Тәуелсіздік ескерткіштерін кім қаншалықты біледі? Әлемнің өзге елдеріндегі Тәуелсіздік ескерткіштері туралы ше? Қанекей, солардың біразына тоқталып өтейік.
Елімізде 2009 жылы Астананың жаңа алаңында «Қазақ елі» монументі бой көтеріп, Қазақстанның тәуелсіздік рәмізіне айналды. Ескерткіштің биіктігі 91 метр. Бұл егемендік алған 1991 жылды меңзейді. Өте әдемі жасалған ескерткіш елдігімізді көрсететін бірден бір мұра.
2006 жылы Тәуелсіздік күні қарсаңында биіктігі 47 метрлік ескерткіш ашылды. «Тәуелсіздік» деп аталатын тастың ұшар басындағы алтын түсті күн мен қыран ел тәуелсіздігін паш етеді.
2009 жылы 22 қыркүйекте Шымкент қаласында «Жер-Ана» деп аталатын Тәуелсіздік ескерткіші ашылды. Биіктігі 24 метр болатын монумент басында әйел бейнесіндегі Жер-Ананың сегіз метрлік мүсіні қойылған. Бұл да өз алдына ерекше әспеттелген.Үш қырлы діңгек тас халқымыздың бірлігінің нышаны болса, оның әр бетіне ұлы билердің даналық сөздері қашап жазылған.
2005 жылы күзде Қарағанды облысында «Қазақстан халқының бірлігі» монументі ашылды. Ескерткіш еліміздің тұтастығын және Қазақстан халқының ынтымақ-бірлікке ұмтылысын айғақтайды.
Мұндай құндылықтарымыздың қадірі жыл өткен сайын қадірі арта түсері даусыз. Қазірдің өзінде жұртшылықтың ескерткіштерге деген көзқарасы ерекше. Ол жерге тастан қашалған өнер туындысын жай тамашалауға емес, бабаларымызға бас июге, үйленген жастар гүл шоқтарын қоюға барады. Бұл да аға ұрпақтың алдындағы парызымызды ұмытпағанымыз.
Иә, ел назарындағы ескерткіштер жайдан жай қойылмайды. Оның әрқайсысының арғы жағында тарихи оқиғалар жатыр. Мысалы Мальтадағы
«Тәуелсіздік» ескерткішін алайық. Ол 1979 жылғы 31 наурызда болған оқиғамен тікелей байланысты. Сол күні Британияның соңғы әскери кемелері Мальта жағалауларынан шығарылып, халық 180 жылға созылған құлдықтан құтылады. Британия бодандығынан азаттық алған аралға Тәуелсіздік күні осылай жеткен. Мұның жобасын мальталық премьер Дом Минтофф жасаған деген жорамал да бар. Өйткені ол туған жерінің азаттығы үшін ұзақ жылдар күрескендердің бірі екен.
Енді Ашхабадқа келейік. Мұнда биіктігі 95 метр келетін «Тәуелсіздік» монументі бар. Бұл БҰҰ-ның 1995 жылы Түрікменстанды егемен ел ретінде таныған рәмізі ретінде орнатылып, ол алтынмен апталған. Маңайына түркі халықтарының рухани көшбасшылары Оғыз хан, Қорқыт ата, Тұғырылбек және Түркіменбашы Сапармұрат Ниязовтың ескерткіштері қойылған.
«Тәуелсіздік» ескерткіші Латвия астанасында да қойылған. 1931-1935 жылдары салынған монумент кез келген кісіге ой салады. Өйткені ол Кеңес дәуірінің соққысына да төтеп берген.
Украинаның Харьков қаласында 2012 жылы «Тәуелсіздік» монументі ашылған.
Бұл тас мүсіндер біздің әңгімеміздің бір бөлігі ғана. Бізге ең керегі өзге елдерде емес, дәл Қазақ жерінде бой көтерген ескерткіштер керек. Өйткені болашақ ұрпаққа мұра деуден бұрын азаттықтың алауы секілді Тәуелсіздігімізді мәңгі бейнелейтін ескерткіштер елдің мақтанышы болып қала бермек.
Сонымен қоса, оқи отырыңыз: http://www.shieli.gov.kz/m-deniet/tarikhi-m-deni-eskertkishterdi-or-au.html
Айдана Тасбекова 3 курс студенті