
- 18 мау. 2025 11:53
- 21
Еуроодақ Ресей газынан толық бас тартпақ
Еуропалық Одақ Мәскеуден келетін газға тәуелділікті біржола жоюды заң жүзінде бекітпек. Брюссель мен Страсбургте таныстырылған жаңа заң жобасына сәйкес, Еуроодақ 2028 жылдың 1 қаңтарына дейін ресейлік газды мүлде тұтынбауы тиіс.
Аталған бастамаға түрткі болған басты фактор – геосаяси тұрақсыздық. Еурокомиссия Ресейдің энергетикалық ресурстарды «қару» ретінде пайдаланып, Еуропа елдеріне қысым көрсетіп отырғанын алға тартты. Украинадағы соғыс заң жобасында нақты себеп ретінде көрсетілмесе де, оның рөлін елемеу мүмкін емес.
Ресми мәліметке сай, Еуроодақ ресейлік мұнайдан да бас тартуға бел буып отыр. Мәселен, 2020 жылы Еуропа нарығына қажет мұнайдың 27 пайызы Ресейден жеткізілсе, бүгінде бұл көрсеткіш 3 пайызға дейін төмендеген. Құрлық енді бұл тәуелділікті толық жойып, энергетикалық дербестікке ұмтылуда.
Бұл – Еуропа үшін тарихи бетбұрыс. Себебі ондаған жылдар бойы Ресей энергия көздері Еуроодақтың экономикалық және әлеуметтік тұрақтылығының негізгі тірегі саналып келді. Алайда қазіргі геосаяси ахуал Еуропаны балама көздерге жүгінуге мәжбүрлеп отыр.