Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 2 күн бұрын)
Күзгі бір кеште

Күн жауатын сияқты болып тұр. Аспан сұстанып алған. Былтыр сынған қолым қақсай бастады. Жағымсыз күй. Жағымсыздығы соншама құсқың келеді. Таза ауа жұтқым келген. Үстіме жемпірімді жамылып аулаға шықтым. Кішкентай әлдилерін бесікке салып, Нәзира мен Мәрияш отыр екен. Қастарына жақындадым.

— Темекі тартсам ренжімейсіңдер ме?

—Тарта бер, — деді Мәрияш, — бәрібір машинаның түтінін жұтып жатырмыз ғой!

Мен қалтамнан темекі алып тұтатып, түтінін әрі қарай үрледім. Біздің аулада бала көп. У-шу. Азан-қазан. Егер ұзақ отырып, сырттарынан бақсаң, езу тартқызар, тіпті ішек-сілеңді қатырар жайттарға куә боласың. Ал кейде көзіңмен көріп, санаңа жеткен нәрселерден төбе шашың тік тұрады.

— Бүгін Жанна келді ме?

— Жоқ, көрінбеді, — деді Мәрияш, — Кейінгі кездері сол қыздан кәдімгідей қорқатын болдым. Келе жатса, дірілдеп, қол-аяғым суий бастайды.  

— Қойшы, бес жасар бала емес пе.

— Жарайды, біз үйге кірейік, — деп Нәзира орнына тұрды.

— Иә, жақсы, — дедім оған жауырынынан тесіліп. Ол менен күйеуін қызғанатын. Алпамысадай жігіттің сұлтаны бұл секілді көтеремнің тұзағына қалай іліккен? Құпия.

— Титімтайы титімдай ғой. Кеше Асқат екеуі бұталардың арасына кіріп кеткен. Тіпті жоқ болып кеткеннен кейін акырын арттарынан барсам, құшақтасып жатыр. Не істерімді білмей қалдым.

— Жатқаны қалай?

— Кәдімгідей жерде жатыр. Құшақтасып. Біздің бала — сәби ғой. Жанна тура жерге басып алыпты. Иіскеп қояды.

— Содан кейін не істедің?  

— Астарыңнан суық өтеді деп тұрғызып алдым.

Мәрияштың жүзі боп-боз. Менің де есім шығып кетті.

— Енді не істемексің?

— Жаннаның ата-әжесімен сөйлесу керек болды.

— Әке-шешесі жоқ па ол қыздың?

— Шешесі бар. Бірақ өзін ата-әжесі бағып отыр ғой.

— Қызық, — дедім мен, — қызық. Ары-бері жүріп қайтпаймыз ба?

— Жоқ, Асқатты қарап отырмын.

Ол әудем жердегі құмның ортасына жайғасып, үй тұрғызып отырған ұлын меңзеді. Топ-томпақ, еріндерін шүйіріп, өз-өзімен сөйлесіп қояды. Алаңсыз. Орнымнан тұрдым. Жаңбыр жауатын сияқты. Үйдің алдындағы саябақты айналып көшеге шықтым. Аттап басқан сайын жазғы кафе. Толған адам. Мен бір бөлмелі үйде жалғыз тұрамын. Үлкен қалада, миллионнан астам халық тұратын қалада жалғыз болған қандай үрейлі, адамға адам пана бола алмайтын болып тұр ғой сонда.

 Аулаға қайта оралғанымда ешкім калмапты. Жаңбыр себелей бастаған. Тезірек үйге жетуге асықтым. Мысықтың жүрек айнытар нәжісі қолқа қабатын подъезге кіргенімде, көлеңке боп карайған сұлбаны байқап, селк ете түстім.

— Жанна, сен бе?  

Өзім де білмеймін қалай айтқанымды. «Қайдағы Жанна, мисыз» деп ойлап та үлгермедім:

— Мен, — деген жіңішке нәзік дауыс шықты. Қасынан өтіп бара жатып:

— Жайша тұрсың ба? Әжең іздеп жатқан шығар, — дедім түк болмағандай. Өзім әлденеден жанұшыра үрейленіп барамын.

Оны бір-екі рет сыртынан көргенім болмаса, тілдескен емеспіз. Бес жасар баламен не жайында сөйлесесің? Бес жасар балаға қалайша мән бересің? Мәрияштың жаңағы әңгімесі болмаса…

— Іздемейді. Олар қонаққа кеткен.

— Енді үйіңе бара бермейсің бе?

— Кілтімді жоғалтып алдым. Сіздікіне отыра тұрсам  бола ма?

— Мейлің. Жүр.

Тағы да қалай ауызымнан шығып кеткенін білмеймін. Ерік-жігерсіз, жіпке тартылған қуыршақ секілдімін.

Ол елес сияқты жеңіл, дыбыссыз артымнан ерді.

— Су болған жоқсың ба? Далада жаңбыр жауып жатыр ғой.

— Жоқ.

— Ал мен малмандаймын. Қазір шай ішеміз.

Шай қойып, сүлгімен шашымды сүрте бастадым. Бұрыштағы креслоға жайғасқан Жанна үнсіз.

Алдына барып тізерлеп отырдым да, қолдарын қолыма алдым. Жәудіреп сұраулы кейіппен қадала қалған жанарын тез тайдырып әкетті. Бір өрім қылып жинап қойған шашынан сипап, бұрымынан ұстадым. Жуан бұрым. Ал өзі тым арық. Арықтығы сонша жанының қалай үзіліп кетпей тұрғанына таң қаласың. Денесінің жанында бұрымы шымыр, мығым көрінеді.

— Шыныңды айтшы, не істеп жүрсің?

Басы тіпті төмен түсіп кетті. Құп-қу жүзіне қан жүгірген. Аздан кейін жылай бастайтынын түсіндім. Мейлі, жыласын.

— Мен Асқатты сүйемін, —деді ол кенет. Содан кейін көзінен жас аға бастады.

— Балапан-ау, ол бес жасар әлди емес пе. Ал сенің жасың нешеде?

— Алтыда.

Дауысы әрең шықты.

— Кішкентайсыңдар ғой.

— Мен оны өзіммен алып кеткім келеді…

— Қайда? Оның мамасы, папасы бар емес пе. Сен алып кетсең, ол жылайды ғой…

— Иә, бірақ…

Шайдың қайнағанын естіп орнымнан тұрдым.

— Жүр, шай ішеміз. Қазір мен киімімді ауыстырып алайын.
Шкафтан құрғақ киімдерімді алып, тез киіне бастадым. Әрбір қимылымды бағып отырған оның көзқарасын сезсем де, мән бермегенсідім.

— Сені ата-әжең іздейді ғой.

— Іздемейді. Олар қонақта.

Екеуіміз ас үйде шам жақпай отырғанбыз. Беті ғана ағараңдайды. Шарап ішесің бе дегім келіп, өз-өзімді әрең тежедім.

— Конфет неге жемейсің?

— Маған болмайды.

— Онда нан мен май же.

Ол басын шайқады.

— Мен Асхатқа хат жаздым.

— Иә, білемін. Мамасы айтқан…

— Сіз оның мамасымен доссыз ба?

— Дос емеспін, бірақ сөйлесіп тұрамыз.

— Ол кісі мен туралы не айтады?

— Білмеймін. Екеуі әлі кішкентай ғой, өскеннен кейін жүргендері жақсы болар еді дейді.

Ол күрсінді.

— Үйлеріңде телефон бар ма? Сағат он болып қалды. Ата-әжең іздейді.

— Иә, — деді ол. — Мен қайтайын.

— Жүр, сені шығарып салайын.

Ол басын шайқады.

— Өзім…

Мен бой берген жоқпын. Екеуіміз сыртқа шықтық. Оның үйі көшенің арғы бетінде екен. Ап-арық, сүйріктей саусақтары менің қолымды сәл қысыңқырап ұстайды. Титімтай тіршілік иесі. Қолын қыстым. Бірақ ол жауап берген жоқ. Сұлық келе жатыр.

— Қай подъезд?

Ол ортаңғысын нұсқады.

— Өзім барамын.

— Жүр, кіргізіп жіберейін.

— Керек емес, тәте.

Дауысының жалынышты шыққаны сонша қолын шалт босатып жібердім. Ол қараңғы үйге сып беріп кіріп кеткен. Оны қайтып кездестірген емеспін.

 Бұл үйде ешқандай Жанна есімді қыздың тұрмайтынын кейін білдім. Жанна есімді кішкентай қыздың өмірде мүлде жоқ екенін білдім содан кейін.

Үлкен қаланың қай жерін мекен етуде ол қазір? Әлі Асқатты жақсы көре ме? Неге келді, қайда кетті? Жалғыздықты серік еткен кіп-кішкентай елес қыз.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама